Қара қылды қақ жарған
Қара қылды қақ жарған

Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының    XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Даналығымен елді аузына қаратқан кемеңгер Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл және өз әкесі Келдібек бір ауыз сөзбен дауды шешкен әділ билер болған.

Қазыбектің есімі ел аузындағы әңгімелерде, тарихи деректерде көбінесе Абылай ханмен, Бұқар жыраумен қатар аталады. Халқымыз ұлы тұлғаны «Қазып айтқан Қазыбек» деп қастерлеген.

Данышпан атанған бабамыздың есімі қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасына бітімші-бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде мәлім. Халық аңыздарына қарағанда, Қазыбек 14 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамына қосылып қалмақ еліне барған екен.  Онда ол қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында Қоңтажыға  жетіп барып, былай деген екен:

-  Ел ебелек емес, ер көбелек емес, дат!  – дейді,

-  Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті хан.

-  Атым – Қазыбек , әкем – Келдібек, халқым – қазақ, руым қаракесек, деп жауап беріпті.

-  Даусың қаздың даусындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы, -депті хан. Сонда Қазыбек:

- Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге — танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – депті.

Жас баланың қапылыста сөз тапқан тапқырлығына, ержүрек батылдығына, сөзді түйреген шешендігіне, қайран қалып, әділдікке басын иіп, риза болыпты. Өмірдің болмысы ақиқатпен өлшенетінін білген қалмақ ханы “Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын”, – депті. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен.

Қазыбектің бұл елшілік сапары жайында  Шоқан Уәлихановта өз пікірін білдірген. Ғалым өзінің «ХVІІІ ғасырдағы  батырлары туралы тарихи аңыздар» дейтін мақаласында былай дейді: «Үш жүздің батырларынан кімді артық көресіз» деп Абылайдан сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті: «Бізге дейін екі кісіге таң қалуға болады. Олар тоқсан туысын тұтқынан құтқарып қалған  қаракесек Қазыбек  және тағы да өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған – Уақ Дербісәлі. Біріншісі Қалданның өз алдына барып, босатып алған, ал соңғысы  өз ауылында жатып, дұшпанын қорқытып алдырған.».

Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – “Жеті жарғыны” жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдаған екен.

Ел “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” нәубетіне ұшырап, күйзеліске түскен уақытта Қазыбек өзге билермен бірге ел бірлігін ұйытуды ойлайды. Ол ақыры Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салып, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасаған. Би 1762 жылы  Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген. Қазыбек мемлекет істерімен қатар руаралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билік жүргізіп отырған.

Ауызы дуалы Қаздауысты Қазыбек бабамыз 97 жасында дүние салған. Халық шежіресі бойынша, абыздың Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет деген бес ұлы және Маңқан есімді қызы болған.

Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға Қазыбектің елді аузына қаратқан әділ шешімдерінің бірін жариялап отырмын:

 - Әке, мен Төле биге барып сәлем беремін, өзін көріп, сөзін тыңдағам келеді, – деп бала Қазыбек қолқа салғанда әкесі:

- Ойбай,  балам-ау, ол үлкен кемеңгер кісі, не деп барасың, алдында сөз таба алмай күлкі боласың, барма, – дейді. Бірақ Қазыбек қоярда-қоймай әкесінен рұқсат алып, біраз жолдасымен Төле бидің алдына сәлем бере келеді.

- Шырағым, «Баз бала әкесінен өтіп туады, баз бала әкесіне жетіп туады, баз бала әкесінен кері кетіп туады» деген. Сен соны қайсысың?-дейді Төле би сынап.

- Өткенімді алдымдағы өмірім біледі. Өз ойымша әкеме жетіп туады» деген. Сен соның  қайсысың?-дейді Төле би сынап.

- Өткенімді алдымдағы өмірім біледі. Өз ойымша әкеме жетіп тудым-ау деймін, – дейді Қазыбек сөзден тосылмай.

- Ә, шырағым, жарайсың, – деп Төле би балаша жадырап ризалығын білдіреді.

- Алысыңыз қандай? – дейді Қазыбек те сыпайы сұрақ қойып.

- Алысым жақын болды.

-Тәттіңіз қандай болды?

- Тәттім шырын болды.

- Несиеңіз қандай?

- Несием,  шүкір, өніп жатыр.

Қазыбек ауылына келген соң әкесі  оның қасына ерген серіктерінен:

- «Балам Төле бимен не деп сөйлесті?» – деп сұрағанында:

- Екеуі былай десіп әңгімелесті, бірақ мәнісіне түсіне алмадық , – деседі

олар.

«Онысы  несі екен» – деп, қарт әке  де түкке түсінбей таң қалады. Сонда жұмбақ сырды Қазыбектің өзі айтып береді.

-  Төкеңнің  «Алысым жақын болды» дегені қос жанарын айтқаны.

«Тәттім шырын болды» дегені ұйқысының қашқанын білдіргені. «Шүкір несием өніп жатыр» дегені балаларының жақсы бағып, жақсы күтіп отырғанын түсіндіргені, – дейді.

***

Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаздауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанында:

- Қаздауысты Қазыбегім келеді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге  айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер, – дейді Төле би.

-  Айтыңыз, айтыңыз?

-  Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он. Отырғандар таң-тамаша болады.

-  Бұл не деген жұмбақ ? Осындай да жұмбақ бола ма?

- Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз, -дейді Қаздауысты Қазыбек.

-  Рұқсат, рұқсат.

-  Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.

-  Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.

-  Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

-  Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.

-  Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.

-  Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.

-  Жеті дегеніміз-жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

-  Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.

-  Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесе, сол жаман.

-  Он дегеніміз – оңалмас кәрлікке дауа болмас деген, –  дейді Қаздауысты Қазыбек.

-  Рахмет, дәл тауып шештің. Ойың да, тілі де жүйрік тұлпарым, – деп Төбе би  Қазыбекке риза болыпты.

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 12088
3 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144