Қыран болшы, көкке қанат қағар шын
Қыран болшы, көкке қанат қағар шын

Шаттанғаның – баға жетпес жеңісім,

Сен сүрінбе, сүрінейін сен үшін.

Биіктердің бәрі лайық – бір саған,

Жарар маған – еңісің!..

 

Тілің – балдай, шекердейін тәттісің,

Алыстарға құлаш ұрғын, ақ құсым.

Тірлік маған бере берсін ащысын,

Саған берсе болғаны да – жақсысын.

 

Көңіліңде орын болмай күйікке,

Сен жете ғой, мен шықпаған биікке.

...Балапаным, жүрем әр кез сыртыңнан

Сырларыңды байқап, ішке түйіп те...

 

Ақкөңілсің, балапаным, адалсың,

Қыран болшы, көкке қанат қағар шын.

Табаныңа сенің шөңге кіргенше,

Мына менің маңдайыма қадалсын!

 

Аллам маған сыйға берген өзіңді,

Жәудіреген қара мөлдір көзіңді.

Ботақаным бұл өмір ғой тым қатал,

Бола білші ар жолында төзімді.

 

Бол білші ақиқатқа тең қанат,

Сонда барып шам-шырақтан нұр жанат.

Бес парызды өтей білсең фәниде,

Бақыт атты алып емен бүр жарад.

 

Орындалсын арманың мен тілегің,

Жақсылыққа қоныс болсын – жүрегің.

...Мекен еткен сәл мұңдылау жыр елін,

Асыл анаң – қашаннан-ақ тірегің.

 

Бір күніңнен шуақты боп бір күнің,

Тамашаға толы болсын тірлігің.

Жанымды да берер едім сен үшін,

Сен аман бол, сен аман бол, құлыным!..

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 4674
4 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144