КІМГЕ ТИДІ, ТАМШЫДАЙЫН КӨМЕГІМ ?
КІМГЕ ТИДІ, ТАМШЫДАЙЫН КӨМЕГІМ ?

«...Әрине біз сендерді топырақтан, сонан соң жыныстық тамшыдан, кейін ұйыған қаннан, тағы бейнеленген, бейнеленбеген кесек еттен өздеріңе тектеріңді білдіру үшін жараттық...» 

                                                                (Құран, «Хаж» сүресі. 22: 5 аят).

«Сонан кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық. (13)» (Құран,

                                                                («Мүминун» сүресі. 23: 13 аят)

 

Тағдырын-ай,  тамшының!

Мына әлемнің жиып алған сан шығын.

Мінезі бар өрімінде – қамшының,

Өреліге өмір берген бал-шырын.

 

Жаралған соң тамшыдан,

Санамда отыр, «Сабыр» деген қаршығам.

Тамшы-үмітті талғажау ғып тірлікте,

Арманымның арналарын аршығам.

 

Бар болса да байлығың мен қанша ісің,

Жаратқанға жалғыз ғана тамшысың.

Жаман болсаң – көңге сіңген сусың да,

Жақсы болсаң – ізгілікке жаршысың.

 

Маңдайдағы – тарыдай  бақ, тамшы мұң,

Тамшы-ғұмыр, салмағыңмен жаншыдың.

... Тамшы тамбай тірлігіме бір түйір,

Сарша тамыз, сарғайттың-ау!

Қаңсыдым.

 

Сеңгір-үміт, селдіреме.

Сенемін,

(Мен де өзімше жақсылармен тең едім).

...Тамшы болып келдім мына өмірге,

Кімге тиді, тамшыдайын көмегім?

 

Аспанымнан төніп тұрған бұлт, аушы,

Санам менің!

Сезіміммен бұрқаншы!

...Тамшы-ойларым айналғанда теңізге,

Жанарымнан тамып кетті бір тамшы...

 

Қия беттен қадағанда ар сұғын,

Арқамнан кеп осып өтті қамшы-мұң,

... Жанарыңнан шығар ма екен тамшы жас,

Астында қап өліп кетсем тамшының?..

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
8 лет назад 3637
2 комментария
О блоге
0
20142 152 281 294 144
Прямой эфир