АТАСЫНЫҢ ЖАУЫП ҚОЙДЫМ ШЕКПЕНІН...
АТАСЫНЫҢ ЖАУЫП ҚОЙДЫМ ШЕКПЕНІН...

Шеңберінен, қалыбынан бір шықпай,

Зырылдайды мына заман ұршықтай.

Алағызған дүниеден, адамзат,

Қалай тұрсың, тұншықпай?

 

Таратардай бар адамға несібе,

Өркениет!

өрекписің несіне?

Ғаламторға тәуелденген баланың,

Ата салты түсер емес есіне.

 

Жеткен жерім болғаны ма осы ара,

Қазағымды алдан бақыт тоса ма?

Өркениет төрімде отыр сызданып,

Дәстүріме тиген орын – босаға.

 

...Бағыт берген болашаққа – бағыма,

Бала шағым.

Еске түстің тағы да.

Ертегі оқып өсіп едім, жыр жаттап,

Сол күндерді енді отырмын сағына.

 

Өксік үнін көп тыңдаған перненің,

Парқын ұғын, жұмыр басты пенденің.

Жылдамдықтан, жас ағызған жанардан,

Есін жия алмай қалды енді елім.

 

Қайтем енді?

Бұл зауалға жоқ шара,

Тексіз ұрпақ қалыпты, әне, топтала.

Ел мен жердің қасиетін ұға ма,

Құлтемірден айырмасы жоқ бала?

 

Алыстадың, биіктерге беттедің,

Бабаларым, шіркін, неткен текті едің?

...Ғаламтордың құлы болған ұлыма,

Атасының жауып қойдым шекпенін...

 

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
8 лет назад 3128
0 комментариев
О блоге
0
20142 152 281 294 144
Прямой эфир