Құшағыңда ешқашан болмай түнек,
Қиясына қиялдың самғайтын ек.
Асқарына алпыстың келдіңіздер,
Қандай тілек айтайын,қандай тілек?..
Назар салып оң-солға,қас-қағымда әр,
Адалдықтың жолынан аспадыңдар.
Балапанын баптаған қырандайын,
Биіктерге біздерді бастадыңдар.
Тектіліктің тауына тең едіңдер,
Ар теңізін бетке алған кеме едіңдер.
Мен құласам,жыласам-жұбаттыңдар,
Мен сүрінсем қолтықтан демедіңдер.
Бәйгесінде өмірдің құлап-тұрып,
Қара өлеңді сүйіп ем жылап тұрып.
Қолдадыңдар,тек мені қорғадыңдар,
...Осы екен ғой, қамқорлық-тұрақтылық!..
Бағбандайын өсірген тал-қайыңды,
Көп сұрадың қиналсам хал-жайымды.
Тосып келдің тұрлаусыз тіршілікте,
Мені тепкен тепкіге маңдайыңды.
Сезіміңнен ғажайып сезем үлгі,
Аямадың бір менен сөз-еміңді.
Ұл-қызыңа Жаратқан қажет қылса,
Берер едің суырып өзегіңді.
Серпіп тастап мұң басқан мұнарымды,
Мәпеледің шыңға ынтық шынарыңды.
...Тұнжыр түнде кейде ұзақ отырамын,
Ойыма алып алғысың-тұмарымды.
Баса алмастан ақеділ аптығымды,
Мен қуансам, бөліскен шаттығымды.
Тамылжыған таң күтіп Бір Алладан,
«Бұлт шалмасын» деп тілер бақ-күнімді.
Қасиеттің иесі-қарағайым,
Пейілдерің дархан ғой даладайын.
Бағалаған сендерді дара дәйім,
Қуанышты бөліскен бар ағайын.
Ақ құсымның тұратын сүйіп үнін,
Көңіліңнің төгілсін күйі бүгін.
Атыңыздан,ата-ана,айналайын,
Ақ ордасын жықпаған пейілінің!
Өнегелі ұзақ боп өмірлерің,
Толы болсын шаттыққа көңілдерің.
Ұрпағыңа ұлағат сіңіре бер,
Қабыл болсын ақ тілек небір керім!..