Қалта сағат (жалғасы)
Қалта сағат (жалғасы)

- Сірә, қобалжып келесің-ау деймін, қысылмай-ақ, қой. Менің де өмірім саған ұқсас. Бұл қатыгез тағдырды көп көрдім. Жетімдер үйінде өсіп, көп нәрсеге қол жеткізе алмадым. Тіпті бала кезімнен ақ халаты абзал жан болсам, өзім сияқты балалардың тағдырына араша түсетін дәрігер болсам,-деп армандап едім, бірақ бәрі бекерге...

Өзім болсам балалар үйінде тәрбиеленіп, ата-ананың жылу шапағатын сезінген емеспін. Солай бауырым, еңсеңді көтер, әлі-ақ, жолың болып түзеліп кетерсің.  Мына иттің атын Тарлан деп қойдым. Себебі, сол балалар үйінде Раушан деген апай мені, бауырына сап, еркелетіп өсірді. Сол жан бір шүйкеге жарымай, ұзақ емделді. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Қазақи ем алып, тіпті Айша бибінің басына барып, ем-дом алып қайтқаны бар еді. Бірақ құрсағына бала бітпеді, өмірінің соңында Арлан атты иті асырап алды. Шынында да ит  адамға берік дос, қиналған сәтіңде көңіліңе демеу береді екен. Бір білетінім әлгі әйел көп кешікпей сырқаттан көз жұмды. Содан бір топ бала болып, Арланға қолымызда барымызды береміз. Ол көздері жасаурап, алдына түскен асқа тілін батырмайтын. Ақыры үш күн осылай жүріп, жоқ болды. Сол шақта оның көзінен иесін жоқтаған қасіретті көрдім. Оның көзінде, сенесің бе адамға тәнті қасірет жатты.

- О, жаратқаным-ау, деп оны жұбатар ештеңе таппадым. Сол сәтте шыдай аламай басынан сипадым, сол-ақ екен ол қыңсылап, менің бауырыма тығылды. Кейін ауыл ақсақалдары айтып жүрді, «жақсы ит өлігін көрсетпейді»,-деп, сондықтан да ит адамның досы, - деп Шортанның арқасынан сипады.

Жалғыз аяқ жол екеуін лезде-ақ кішкентай лашыққа алып келді.  Әңгіменің қызыған батқаны сонша, төтеп жауған нөсерді де керек қылмады.

Ал, бауырым, сен маған құдайы қонақсың, төрге шық, -деді, ербиген қалпымен үй ішінен бірдеңе іздей бастады. Сөйтсе онысы бөлме ішіне жарық сыйлаған майшам екен. Күңгірт сәулесі қабырғаға түсіп, реңі қашқан қабырғаны одан сайын жарбитып жіберді. Әр жерде шашылған қант шақпақтарын жинаған жуан әйел, Шортанға қарап тәтті жейсің бе,-деді. Ал ол болса тағы да жауап қатпады.

- Жә, жігітім ұяңдық саған жараспас, барда қолыңды жу, аяғындағы шұлығыңды шешіп таста. Таң қылаң бергенде жуып бермін,-деді де пештің аузына жармасты.

Шіркін маздаған от қойсын ба, жұдаң тартқан үйдің іші жайнап шыға келді. Ауыз жақтағы бөлмеде ерні үңірейген пеш еріксіз  жанарыңды еліктіреді. Тілің таңдайыңа жабысып, шұрқыраған аш өзек ақбозатына тағы мініп шошаңдады да қалды.

Сахараның сайын даласында тас көрпесін жамылған меңіреу қара түн патшалық құрыпты. Жомарт дала жым-жырт, өлі тыныштыққа ұласқан. Тек мұрныңа ноқта салып, иісіне тәнті қылған көк құрақта тіршілік әрекеті әрең сезіледі. Алқына жүгірген баланың жүрек лүпілі мен будақтаған пештің түтіні аспан астын алып жатты..

Аңда – саңда жыпырлаған сансыз жұлдыздар моншақ болып ару түн қыздың мақпал шашына шаншылып,  жанарыңды балғасыз шегелеп тастайды. Сәлден соң бұл тамаша сұлулықтың шымылдығын түріп, кербез ай керіліп, кірпігін бір қақты. Сылқымның  әбден  бұл қылығына тойған қара түн көрпесін мықтап басып, қалың ұйқыға кетпек. Сәлден соң түнектің ханшайымы жүруге ерінді ме, әйтеуір орта жолда шалқайыда қалды. Шортан ес білгенен бері мұндай ғажайыпқа зер салып қарамағаны сонша, ауызы ашылып, тамсанып қалыпты. Тіпті ирім-ирім таулар аспанға апаратын баспалдақ болып, Шортанды аспан патшалығының шаһарына жеткізсе. Ол кербез түн ханшайымына сәлем беріп, оның құпия әлемін араласа. Сол ертегідей таңғажайыбтың қақпалары ашылып, тақ үстінде анасы отырса. Бала жүрегінде үміттің  шақпағы қылт етті. Бір сәт аспан әлемі құлпырып, анасының тәтті иісі мұрын жарады. Тіпті ананың сыңғыр күлкісінен, ғажайып баулар өсіп, көбелектер тынымсыз қанат қағып, бал ара гүлден гүлге қонақтайды. Ал, ақ мамық бұлттар бесік болып Шортанды анасының құшағында тербейді. Сол-ақ екен долы жел, арғымағына қарғып мінді де мамықтарға өктемдік жүргізе бастады. Қашан көрсең қытымыр көңілі бір тарқамай, араларына шоқ тастау оның бағзы әдеті.   Бейшара әбден есі кеткен бұлттар қолдарына қалқан алып, сап түзеді. Бір сәтте дүние дүр сілкініп, оңды-солды аямай қылыштасып жатты. Көкті тілген кеспат найзағай бала көңілін шұрық-шұрық қылды. Әне, тағы әсемдік атауы қарыны мешкей қара үңірдің аузына жұтыла берді.  Қазан теуіп қаңғыған тағдырына іштей налиды.  Шортанды мүсіркей қараған жан оның шаңырағында қасқа тай, бүйірі бұлтиған қой, атан түйе қашан сойылады екен деп, көкірегіне сан сауал ұялататыны айдан анық.

 Мұздаған ойларын  шақырған әйелдің  дауысы бөліп жіберді.

Қоңыр маздап жанған от, құшырлана жеген дәмді ас, мамық төсек, одан қалса Жамал апайдың бір сәт үздіксіз тоқтамай оқыған ертегісі бала көңілін сергітеді. Кейде ол қуанға тиген өрттей шалқиды, кейде тұңғиық теңіз түбіндегі маржандай түрленеді. Бірақ ебедейсіз жан кей сәттерде сөздің артын жұтып қояды да, қатты шашалады. Кеңірдегіне ауа жетпей, тұсалып қалады. Таза кіршіксіз көңілге қаяу түсірмейін деген ниетпен, жамалған қалтасынан орамалын алып, маңдайындағы шыпшыған терді сүртіп тастады. Бала көңілі әбден мұздап қалыпты. Ертегі әлемдегі кейіпкерлермен жүздесіп, диюлар әлеміне саяхат жасап жүр. Ғажап күйге бөленген жанарының терезесін баяу ғана ұйқы қағып тұр. Мамық төсек, дәмді ас, даланың жұпар иісі қойсын ба, әне, кірпік қағым сәтте ұйғқыға есік ашты.

Таң қылаң берген. Шөп бетіндегі шықтар мөлдіреп жүрген сайын баланың аяғына тамшылап жатыр. Шіркін анау бөктерде құлпынайдың ордасы бар. Барсаң жүректей қызыл дүниелер, жер төсіне қадалып, оның бүлкіліне дем беріп тұрғандай. Аузыңды ашсаң шексіз-шетсіз тәтті атауы тіл астында еріп сала береді. Оның қызығына жер жорғалаған жәндіктер қанша жұтынсада бір тояр емес. Сұлу даланың бейнесін қызықтаған Шортанның ойын қорадағы желіккен құстардың даусы бөліп жіберді. Сырт көзге өте оғаш. Қолыңда әлгі фотоаппарат болса осы бір қызық шақты көшіріп алса. Жарбиған денесіне тұмсықтылар  әбден бауыр басыпты. Тіпті анау құрғыр сары уыз балапан иығына шығып алып, алақанындағы жемді шоқып тұр. Аяғын маңғаздана басқан айдарлы әтеш баланың әрбір қимылын қалт жібермейді. Ол ұрғашы атауына жақындай түссе, әне бәле қоқилана түсіп, қанатын қомдай бастады.

-Кел бері, Шортан, бұл енді сенің құстарың болады. Олар да біз секілді, мейрімді жандарды бірден таниды - деп оны қасына шақырды. Баруға оқталған сәтте үй жаққа беттеп келе жатқан қарияны көзі шалды.

-Уа, балам бармысың, қош келдің біздің ауылға. Мен құдай қосқан Жамал апайыңның көршісі боламын. Біз осы кең шатырлы үйімізде он бес жылдан артық тұрамыз. Әбден апайыңа бауыр басып кеттім. Өзің жайлы сырға қанықпын. Мына ақ жаулықты анаң, анау жолы құлаққағыс қылған еді,-деді ақырын жымиып. Бала аң-таң. Ана деген сөзді кітаптан оқығаны болмаса,  осы тылсым сөзді осы уақытқа дейін ешкім айтпапты.Сырт айналдыра тіккен оюлы бөрік өзіне жарасып тұр.

-Ал, жігітім, бұл да сенің үйің. Ең әуелі әрбір істі шынайы көңілмен, жомарт пиғылыңмен жасасаң алынбайтын қамал болмайды. Біздің дана халқымыз «Қалауын таппса қар жауады» деп бекер айтпаған ғой. Ең бірінші адамның көкірегі ояу болуы керек. Ол бар жерде тіршіліктің оты маздай береді. –деді де шоқшиған сақалын бір сипап қойды. Бала көңілі жадырап, шын ба дегендей Жамал апасына көз тастады. Тоқта деді, жанарға –жанар байланып қалды. Ия, ғажап, түсіне енген осы жанар емес пе. Жылдар бойы аңсаған, құс жастығын суға шыландырған, әрбір түн сайын көруге ынтықтырған  осы бейне емес пе еді. Өз көзіне өзі сенбейтін тәрізді. Бірақ, бала жүрегі бір сұмдықты сезіп қалды. Апасының түсі бозарып, тілі байлана берді. Сәлден соң көз қарашықтары жұмыла берді. Түбі қопарылған,  алып емендей жерге гүрс етте қалды.  Қас қағым сәтте алып денені ұстап қалу мүмкін емеседі. Апа-деп шыңғырған жан дауыс барлық әлемді кернеп жіберді. Оған тау сілемдері қосылып, жаңғыра түсті.

-Тоқта балам, апаңның дәмі таусылды. Көптен бері осы дерт жанын жегідей жеп, өзін әбден-әуре сарсаңға салды. Сайын даланың жұпар ауасы өкпесіне жетпей, қысылатын. Әне Жаратқан иемнің ісіне шара бар ма, деді де баланы қатты құшты.

Кеш құрым шақ. Батыс шақтан көлбеңдеп қаралар көрінді. Қолдарында күрек. Артында көңілі әбден тоз-тоз болған Шортан. Баланың балағаны жармасып Тарланда тарығып келеді. Әттең хайуан ғой. Иесіне жыламашы, қасыңда мен бармын ғой деп тіл қатқысы келетін сияқты. Сол баяғы құлпырған үйдің іші құлазып кеткен. Бейне бір қаңсыған моладай. Сол баяғы маздап жанатын пешке көз тастап еді, оған да қасірет шырмауығын тас қылып өріп тастапты. Бір сәт Шортан оғаш қылық танытып, әлденені іздей бастады. Тіпті үйдің ішін қопарып тастады.  Қарт та аң –таң. Тарлан да қызыға қарайды.

-  Қап енді, деген ашуға булыққан даусы саңқ ете қалды. Анау жолы

апайыма сағатымды беріп едім. Енді қайдан тапсам деді, де ауыз бөлмеге ұмтылды. Арғы жақтан алқынған кеудедегі дүрсілді хайуан екеш хайуанда сезіп тұр. Қараңғы бөлмеде әйтеуір қолына бірдеңе ілікті. Жасаураған жанарын сүртіп, майшамаға оқтала берді. Аппақ шүберекке түйілген сағатты көзі шалды. Бірдеңені сезіп тұрғандай Тарланда бұл қызық дүниені иіскей бастады.  Ғажап қалта сағат бұрынғыдан да жайнап кетіпті. Ол шыдамай, ата сағаттқа тіл бітіпті деді. Қарашы ата оның жүрегі соғып тұр деп, құлағына тақап. Ия, қарағым, соғып тұр деп шалда қалбалақтады.

- Ата, бұл менің көптен күткен арманым еді, қарашы өз көзіме өзім сенбеймін. Деп бала қуаныштан айқайлап жіберді. Атасы да қуаныштан көзайым болып кесек ет баланы  маңдайынан сүйді. Қарашы айналайын, Жамал апаңның тілегін Аллам қабыл етті. Үнемі айтып жүретін, мен «түйе қарап кетсем» мына шаңырақ не болады деп. Міне енді өзің барсың. Мына үй жануарлардың тағдыры енді сенің қолыңда деді,  жанары жадырап. Шортанда ес жоқ. Әрине ата, деп сағатын кеудесіне қысты. Лезде – ақ үй іші нұрға толып, бала көңілі көктемдей құлпырды. Апайтайым көп іздеген апатайым, сен болдың ғой деп іштей күбірледі. Өзің кетсең де сағатыма тіл бітіріп кетің ғой деп, сөйлей бастады. Қолына алып, оның құлағын бұрай берді. Өзімен құрдас сағаттың тілі алға сырт соққан сайын Шортанның бойына тылсым күш бітіп,  жігерлене бастады. Оған бұрын соңды алынбайтын тас қамал өмір, мұзға айналып, армандары қол бұлғап шақырды. Оның бәріне шырақша болған кеудедегі сенім оты лапылдай бастады. Өмір мектебінің кірпішін қалайтын білім орадасы, еңбек  сатысының баспалдағына сатылап көтеріле берді..

- Ата таң сәріде құлпынай теруге барайықшы деді, қолындағы сағаттың тырсылымен жарыса сөйлеп. Бұл өмірге деген құштарлықтан туған сәт еді....

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 4217
6 пікір
  • ғажап
    9 жыл бұрын
  • Рахмет Саттар аға! Бала әлемі бал! Жаратқан ием шапағына бөлене берсін!
    9 жыл бұрын
  • Жаралының көңілін жаралы түсінеді ғой көбіне...
    Бірақ Аллаһ Тағала бізге де жетімге қарайласуды бұйырғанын ескеруіміз керек. Ал керісінше, баланы тірі жетім қылып тастау болса- адамгершіліктен жұрдай екендіктің белгісі.
    9 жыл бұрын
  • Өте дұрыс айтасыз! Осы сәтте Ахмад риуаятының «Кімде кім Алланың разылығы үшін бір жетімнің басын мейріммен сипаса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады». деген сөзі ойға еріксіз оралады! Адамзат жетімдерге, қайырымдылық жасаса мың сауап болар еді!

    9 жыл бұрын
  • алма, менің айтқым келгені баланың жан дүниесін қалай суреттегенің емес, баяндау стилің, былайша айтқанда, қолтаңбаң. қазақы реңкті жоғалтпай батыстық баяндау тәсіліне салыпсың, соған қуандым
    9 жыл бұрын
  • Рахмет аға! Жазу машаһаты Ұлы Жаратқаның адамзатқа берген ғажап сыйы! Біздікі "Болмасаңда ұқсап бақтың кейіпі".
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144