Мұхтар Әуезовтың тағлымынан
Мұхтар Әуезовтың тағлымынан

Абылай әкесінен кішкене кезде жетім қалған екен. Абылай Ұлы жүз Төле бидің қолына малшы болыпты. Абылай басына үлкен сеңсең тұмақ киіп түйе жаяды, үсті-басы далба-дұлба, қалай болса солай жүреді екен, сонда Төле би мұның аты «Сабалақ»  болсын депті.  Бір күні Төле би ауылдан келе жатса, Абылай төрт тағандап ұйықтап жатыр екен. Сонда Төле би жолдастарына айтыпты:

- Мынау Сабалақ қалай ұйықтап жатыр? Мұны білдіңдер ме?-депті. Жолдастары айтыпты:

- Біз қайдан білейік,-депті.

- Бұл төрт ру елді билейді екен,-деді.

Сонан Төле кешке келгеннен кейін Абылайды түйеден шығарып, жылқы бақтырыпты.Бір күні Төле би мал сойып Сабалақты сынауға:

- Малдың басын пісіріп даладағы Сабалаққа беріңдер, қайтер екен?-деп үш-төрт адам жібереді. Барса, Сабалақ алдарынан шығып сәлем береді.

- Біз саған Төле берген басты жесін деп әкелдік, - деп басты береді. Абылай аттан түсіп шапанын жайып, оларға:

- «Өле жегенше, бөле же» деген, жасың үлкен ағасың келіңдер, - дейді. Аналар аттарынан түседі. Сабалақ жолын қуып, пышағын алып бір құлағын біреуіне, бір құлағын біреуіне, екі көзін ойып екеуіне беріп, тілін өзі жейді. Басты жеп болғаннан соң аналар Төле биге айтып келеді. Сабалақтың жасы он сегізге келген екен.

Сол уақытта қазақ-қалмақ атысуға жиналыпты.

- Мен де осы соғысқа ерсем екен, - деп Төле биден Сабалақ рұқсат сұрапты. Төле би:

- Балам, қой, бір жерде өліп қаласың,-деп рұқсат бермепті. «Ата, барам» деп болмапты.

- Жарайды, балам, барсаң бар,-деп батасын беріпті.

Абылайды бір бәйге атқа мінгізіп, қазақтың көп қолына қосып қоя беріпті. Қазақ-қалмақ екеуі беттесіп соғысқа келіпті. Қазақтың басшысы Қанжығалы қарт Бөгембай батыр, жасы сексенге келген екен. Қалмақтан жекпе-жекке бір қасқа атты батыр шығыпты. Қазақтан оған қарсы ешкім шықпапты.

Сонан кейін Бөгембай:

- Мынаған ешкімің бармадыңдар ма?-деп, өзі шапанын белсеніп майданға шығуға айналды. Бұл кезде Сабалақ тура

шауып Бөкеңе жетіп келіпті:

- Мен барайын, ата, - деп. Бөкең бетіне қарап тұрып:

- Бар, балам,-деп астындағы аты мен қолындағы қияқ найзасын беріпті. Сабалақ «Абылай, Абылай!» деп ұран шақырып жауға қарсы шауыпты. Екеуі де найзаны тіке салысыпты. Найзамен екеуі бірін-бірі ала алмай, ат үстінен жағаласып қанжарласты.

Сол жерде Абылай қалмақтың батырын жағасынан ұстап аттың үстінен жұлып әкетіп, бастан қанжармен бір шауып басын кесіп алып, жауға «Абылайлап» ұран салып кіріп кетіпті.

Қалмақтар мұны көрген соң қаша жөнеліпті. Қашқан қалмақтарды «жауқашты деп», «қырылы сырақ» деп қиратып салыпты.

Қазақты бастап келген Әбілмәмбет хан екен. Абылайдың атасымен бірге туысқан екен. Соғыс біткен соң:

- Жаңағы қалмақтың батырын жыққан бала қайда? Маған тауып бер!-депті.

Сонсоң біреу ертіп келіп:

- Міні, қалмақтың батырын шапқан бала міні, - депті.

Әбілмәмбет хан аттан қарғып түсіп, мойнына кісесін салып жылап қоя беріпті.

- Біздің Абылайдан жетім қалған бала бар деп еді.

Атаңды айтып ұрандағанда сай-сүйегім сырқырады ғой, сен солмысың?

- Мен қайдан білейін, болсам болармын,-деді Сабалақ.

Әбілмәмбет хан Абылайды үйіне ертіп әкетіпті. Барып орнағаннан кейін хандығын Абылайға беріп еді. Абылайдың өз аты Әбілмансұр еді. Жау «Абылайлап» ұран салғаннан Абылай атанып кеткен екен дейді.

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 4980
4 пікір
  • Тектіден текті туады.
    9 жыл бұрын
  • Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Жүрегіңіз Иманға, Көңіліңіз Исламға, тіліңіз Құранға, құлағыңыз Азанға, Көзіңіз нұрға, үйіңіз берекеге толы болсын! Пікіріңізге толық қосыламын.
    9 жыл бұрын
  • Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, имандылық ісімен жерімізді қорғаған бабалар ғой бұл.
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144