МЕН ЛАЙЫҚПЫН ПАТШАҒА!
МЕН ЛАЙЫҚПЫН  ПАТШАҒА!

Десек-дағы ар асуын сан астық,

Мына өмірден көре алдық па жарастық?

... Қазақ тілі оқулығы ішінде,

Сөз таптары билікке енді таласты.

 

Отырған соң маңайында жас-кәрі,

Жөткірініп зат есім сөз бастады:

 

-Он сегіз мың бұл ғаламға ат берген,

Мына маған патша болар сәт келген.

 

Кім? Не? – деген бар сұрақтың жауабын,

Мен беремін, таусылады сауалың.

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Отыр еді ойдың алып күнесін,

Осыны естіп, селк еткен-ді сын есім.

 

-Мені тыңда!

Сонда жаның тыншығар,

Мен болмасам жағдайыңды кім сұрар?

 

Қандай болар менсіз сенің хал-жайың,

Тақты аңсаумен тақылдайды таңдайың!

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Мыналардың естігенде дәмесін,

Шалқасынан түсті енді сан есім.

 

-Сұмдық!

Таққа таластыңдар жан салып,

Сөздеріңнің мәні бардай соншалық.

 

Мен болмасам санды қайдан білесің?

Түсінгенге сан есім – ең ұлы есім!

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Көкейіне сөз келді ме кесімді,

Енді төрге шықты ырғалып есімдік.

 

-Зат есім-ау, сын есім мен сан есім,

(Қарай көргін, өздерінің дәмесін!)

 

Болмай-ақ қой, патшалық пен таққа алаң,

Үшеуіңнің ісіңді өзім атқарам.

 

Өзгелер де бұл сөзімді құп алар,

Не бетімен патша болмақ мыналар?!

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Күтіп еді мыналардан жетістік,

Болмады олай.

Сөз алды енді етістік.

 

-Айтқандарың – бос далбаса, сөз жарыс,

Тіршілікте ең керегі – қозғалыс.

 

Не істемексің?

Келер күнде қайтесің?

Қабылдай біл, тірлігіңе сай кесім.

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Өзгелерді лайық көрмей күштеуді

Отыр еді.

Қозғады олар үстеуді.

 

-Пікір айтпай қалдың бүгін пайымды,

Ей, етістік!

Білем сенің жайыңды.

 

Қимылыңның амалы мен тәсілін,

Менен қалай ұстамақсың жасырын?

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Ашылардай осы бүгін бағы шын,

Еліктеу сөз шабақтады намысын:

 

-Отыр едім, сөз берер деп үндемей,

Ал, не дейсің, бұл сөзімді шын демей?

 

Табиғатпен қашаннан-ақ үндесем,

Мәрт мінезбен биік болып күн кешем.

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Патша тағын лайық көрмей сұрауды,

Отыр еді, сөз түртті енді шылауды.

 

-Тексіз дерсің, бірақ мені басынба,

Қызметімді білмейсің сен расында!

 

Өз ісімнің анық білем салмағын,

Сөз бен сөзді, сөйлемдерді жалғадым.

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Отыр еді сөздің парқын жобалай,

Екпіндеп кеп сөз алды енді одағай:

 

-Отыр едім бір бұрышта үндемей,

Өзеурейсің көзге де ілмей, кім демей.

 

Мен жайлы айтар ел менен жер қанша аңыз,

Мінезімді білесіздер баршаңыз.

 

Керек болса баршаңызға тыныштық,

Қабылдағын шешіміңді дұрыс қып!

 

Бұл сөзімді құлаққа ілмей тастама,

Мен лайық – патшаға!

 

Саудаға олар салды-дағы сау басты,

Сөз таптары осылайша дауласты.

 

Тірі жанды таппап еді сұрарға,

Осы кезде адам келді бұларға:

 

-Таласпаңдар!

Бос таласты қойыңдар,

Тыңдап көрдім, жүйе тартқан ойың бар.

 

Бәрінен де биік қойып бірлікті,

Дөңгеленткен жөн болады тірлікті.

 

Жеңісімен жігеріңді жанитын,

Ұғыныңдар әр кез бірлік тарихын.

 

Бәріңнің де өз орының, бағаң бар,

Сен арқылы тіл табысар адамдар.

 

Қадіріңді жеткізе алман, сан жазып,

Бір өздерің – адамдарға мәңгі азық.

 

Шын жүректен алғыс айтам саған мың,

Қажетіне жарасаңдар – адамның.

 

... Сол адамға беріпті де ерікті,

Сөз таптары бәтуаға келіпті.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
8 жыл бұрын 3955
2 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144