БОРДАЙ БОП ЕЗІЛМЕЙМІН БІРАҚ ТА МЕН !
БОРДАЙ БОП ЕЗІЛМЕЙМІН  БІРАҚ  ТА МЕН !

Көре бер, көрсең мейлі суретімді,

Арманым тумай жатып күйретілді.

Тағдырым қос аяқты қырқып алып,

Қалдырды тас көшеде, қу жетімді.

 

Дегенмен (шүкір бұған) тілім аман,

Тіліммен қыларымды қылып алам.

Өзгеге өбектейтін бұл өмірдің,

Білгенім – арналмапты жыры маған.

 

... Мен-дағы арманшыл ем, балғын едім,

Қиялдың талай мінгем сал күреңін.

Өзгелер секілденіп, бұл өмірдің,

Сезінем деуші едім ғой таңғы лебін.

 

Болмады менің ойым бірақ бұлай,

Тағдырым омақаса құлатты ұдай.

...Аяқтан шалмасын деп өзгелерді,

Алдың ба аяғымды, щұнақ құдай?

 

Бұл әлем көрінеді көзіме кем,

(Менде осы сезім менен төзім ерен).

Қолменен тағдырымды өзгертпек боп,

Борменен аяқ салдым өзіме мен!

 

Кеш мені!

Қоса алмадым сөзіме бал,

Жайымды осы менің сезіне ме ар?

Борменен жерге сызған аяғыммен,

Барамын тағдырымның өзіне дәл!

 

Бақыттан жүзгеннен соң жырақ кемем,

Боп кетті-ау менің зарым – сұрақты өлең.

Борменен аяқ сызып алдым, рас,

Бордай боп езілмеймін бірақ та мен!

 

Тіл бердің, шүкір, құдай, қайта маған,

Шерді айтпай мен қалайша жай таба алам?

... Өзің ше?

Ризасың ба өміріңе?

Айт маған, Жаратқанға айта барам!..

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
8 жыл бұрын 3419
0 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144