Кемел ойлылық көрінісі
Кемел ойлылық көрінісі

Бала кезімнен киелі Ұлытаудың шуағына бөленіп, тәлімін бойыма сіңіріп өстім. Ұлы өлкенің қатпар-қатпар тауы, мөлдір табиғаты әлі есімде. Баянды өлкенің сайын даласына бір сәт көз жүгіртсең қойнауы сырға толы, қаншама тарихты жастанып жатқанын іштей сезінетінсің.

Әлемдік тарихқа көз салсақ туған жерін ұлықтамайтын ел жоқ. Ал біз үшін басына ұлар қонған Ұлытаудың жөні бір бөлек. Бұл қасиетті өлке – көшпелі халықтың тарихи Отаны болған мекен.

Бұл өлкеде көпшілік біле бермейтін, тарихи тұлғалардың кесенелері бой көтерген. Соның бірегейі, Ерден би. Ерденнің атасы Төлек батыр, әкесі Сандыбай да кезінде ел қорғаған батыр екен. Ерден жастайынан батыр әкесінің жанында жүріп ел билігіне араласқан. Батырлық, шешендік сайыстарына түсіп, өзінің ержүрек ерлігі, өжеттігімен көзге түскен. Олардың өмірі біз үшін тәлім, тәрбие.

Қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы: «Отаның үшін отқа түс – күймейсің», – дейді. Қарап тұрсаңыз шағын тіркесте, үлкен мақсат жатыр. Отаныңды сүю арқылы еліңді, жеріңді қорғау, оған қалтқысыз қызмет ету, яғни жалпы алғанда, мәдени тәуелсіздікке мойын ұсыну. Осындай ұлы мақсаттар көзделген жерде Елбасының Ұлытауға келіп, оған ерекше назар аударуы көңіл қуантады.

Иә, мәдени тәуелсіздік. Демек, рухани бірлікті нығайтуға ықпал ететін күш – мәдени тәуелсіздік. Бұл салаға тіл, дін, мәдениет, өнер, әдебиет құндылықтары кіреді. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының астарында бақытты ел болуға қол жеткізудің ұлы мұраты жатыр. Ендеше, әр азаматты осы сауалдар толғандыруы тиіс. Мәңгілік дегеніміз – ұлттық бірлік, зайырлы қоғам құру, яғни тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Ал осы үш саланың толық ортақтығына түбегейлі қол жеткізу үшін ауызбіршілік, ұлт мүддесі жолындағы ар мен жан бірлігі ауадай қажет. Ұлытау төрінде Елбасы көтерген осы мәселелер бүгін де, ертең де өзектілігін жоймайтыны анық.

Әсіресе, Мемлекет басшысының егемен елмен бірге ана тілімізді де мәңгілік елдің мәңгілік тілі ету туралы бастамасы Ұлытау ұлағатында назарынан тыс қалған жоқ. Бұл дұрыс та. Жасыратыны жоқ, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болған кезден бастап, оған қатысты әртүрлі сын-пікірлер айтылып жүр. Дегенмен, тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тілдің абыройы артты. Оны мойындауымыз керек.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шаралар жалғасын табуда. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту қажеттігін атап өткен болатын. Бұл туған тілдің саяси мәні мен мағынасын, мемлекеттік мазмұнын анықтайтын құжаттардың бірі болып табылады. Демек, бүгінгі ғылым мен білімнің,

интернеттің тіліне айналған қазақ тілінің қоғамдық қатынастардың барлық салаларында кеңінен қамтылуына әр қайсымыз қолдау көрсетуіміз керек. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біз­дің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынның тәжірибесінен өтіп, біздің де               үй­лесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – деп, мемлекеттік тілді білуді міндеттеп отыр. Әсілінде тілді ойлау – болашақты ойлау. Өйткені, ананың сүтімен, бабамыз­дың қанымен бойға сіңген ана тіліміз ғасырдан-ғасырға, заманнан-заманға ата-бабымыздан қалған мирас.

Мемлекет басшысының Ұлытаудағы Әулиебұлақ сұхбатында қозғалған маңызды мәселелердің бірі – діни сенім тазалығы, дінаралық үйлесімділік тақырыбы көпшіліктің көкейінде жүрген, дер кезінде талқыға салынған тақырып деуге әбден негіз бар. Елбасының Ислам дінінің негізгі қағидалары арқылы жарым жандарға қол ұшын беру, өзара бауырмал болу, үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсету, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендетеміз деуі көңілге қонымды.

Тарихты қашанда халық жасайды. Халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі, Мәңгілік Елдің бастауы – азаттық, теңдік, бостандық, береке-бірлік, бақыт, ризашылық сынды сезімдермен тоқайласады. Ендеше, халқымыздың күші –жауапкершілікте, бірлігіміз – әралуандылықта, еркіндігіміз – келісімде, абыройымыз – игілікте, қауіпсіздігіміз – ашықтықта, тәуелсіздігіміз – серіктестікте, болашағымыз – бүгінде болып отыр. Күлтегін бабамыз «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» болатынын өсиет етіпті. Ендеше, татулығы мен бірлігі жарасқан еліміз үшін қасиетті Ұлытаудың орны бөлек. Мәңгілік Ел болудың астарында ұлтының тарихын, мәдени тәуелсіздікті дәріптеу жатыр. Сол арқылы келер ұрпақ мәңгілік елге айналады. Ал осы мәнді тақырыптардың хандар таққа отырып, кеңес құрған киелі ортада талқыға салынуы барша қазақстандықтарды бір ортаға жинап, бір тұғырға жұмылдыруға сеп болары сөзсіз. Ұлытау төрінде кең көсіліп, кеңес айтқан Елбасының мақсаты да осы.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 3787
3 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144