Шуақ шашқан көктегі алтын күніміз,
Ана тілім-ар-намысым,біліңіз.
Қасиетін қанымызға сіңірген
Тұғырында,тұғырында - тіліміз!..
Ана тілім-ерлігім мен елдігім,
Ана тілім-кемелдігім, кеңдігім.
Ғасырлардан маған жеткен қазына-
Өз тілімді мақтан етем мен бүгін.
Қазағының ұлылармен бағы-айдын,
Ана тілім – асыл тілі Абайдың.
Ана тілім-толқыны ұрған тарихтың,
Бастан кешкен талай қайғы, талай мұң.
Ана тілім-ата-дәстүр,салтымыз,
Ана тілім-абырой мен даңқымыз.
Ана тілім келешектің кілтіндей,
Ел бағына жаратылған жалқымыз.
Өткенінен соққан өмір өкпегі,
Келешегі – гүл жайнаған көктемі.
...Тілім-тілім тілімденген өз тілін,
Мәпелейді егемен ел,текті елі.
Ана тілім-тамыр жайған қарт емен,
Тілім барда биік менің мәртебем.
Бойға сіңген ақ сүтімен ананың,
Тіл қадірін төмендетпес мәрт өрен.
Кереметі-ай, киелі елдің салтының!
Тілім барда қанаттандым, шалқыдым.
Болашақтың босағасын бірге атта,
Ана тілім, айналайын, алтыным!..