Түнекке түскен сәуле
Түнекке түскен сәуле

Жалғыздықтан  жапа шеккен Гүлбанудың бойы тоңази бастады. Темір тордан ұрлана кірген күннің нұрына қолын созды. Алланың адамзат баласына сыйлаған нұр сәулесінің құдыреті  оның ырқына көне қоймады. Кім білсін жылулық патшасы тығылмақ ойнағысы келді ме, әлде Гүлбанудың мұң басқан жүзінен тайқыды ма, беймәлім. Ақыры, жарық іле-шала темір керуеттің үстінде жатқан сәби шұлығына түсіп,  тұрақтады.

Көңілін күс басқан ана жүрегінің жарасын қайта тырмалып, қара мысық ойлар көзін сығырайтты. Тағы да, жамыраған ойлардан жаңылысып, шексіз жапанда айқұлақты молаларды кезіп кетті. Көзін тас қылып жұмып еді, шексіз сұп-суық сұрғылт әлемге тап болды. Секем көңілі байыз таппай сықырлап ашылған есіктерге қайта телмірді. Гүлбану ақырет күннен бейхабар дүниеге алданғанын сонда  ғана біліп, аһ ұрып бармағын тістеді. Кеудесінде аласұра соққан бір жапырақ ет  жазадан құтылса да, зілмауыр үрейден арыла алмайтынын анық біледі. Себебі  қабір – мақшар алаңындағы ұлы соттың есігі бір күні айқара ашылады. Ал, ол ақырет дүниесіне апаратын жалғыз жол. Ауыр күрсінген әйел алқына бастады... Жыртық көңілін жамайын деп айналасынан сәл ғана жылу іздеп еді, бәрі тас керең...

Иә, ия, ана жүрегі бір сұмдықтың болғанын сезеді.  Мойнына бейкүнә нәрестенің қанын жүктеп, күнәға батып, одан шығар жол іздейді. Аласұрып, бармағын тістегенмен, мұз құрсана қаруланған әділетсіздіктен құбжық ештеңе жоқ екенін  ол іштей сезінеді.

Күнделікті темір тордың есігі ашылған сайын осы бір жұтаң, әлжуаз жанның дегбірін  әбден қашырды.  Түрме ішінде бар тапқан ермегі сәбидің сылдырмағы мен шағын ғана қуыршаққа кигізетін кішкентай ғана шұлық. Бұл шұлық күнде мың тоқылып, сан рет тарқатылады. Бірақта оның иесі табылып, қуаныштан көзайымға бөленетін күнді ешкім болжап, біле алмайды-ау, сірә.

Гүлбану, ауыр ойлардың астында қала берді. Тек лып еткен сенім шырағы оны қараңғылыққа бермей айналшықтайды. Сонау уысы балға толы тәтті күндері көз алдында сырғып өте  берді...

Алғашқы бір ұшқын сезім, болашақ жарымен  танысқан сәтте лып еткенді. Жас жүрек аһ ұрып, ноқтадан бір сәт босаңсымады. Қайта оған Болаттың, сұңғақ бойы, қара торы келбетіне біткен қияқ мұрты, қой көздері, құштарлық әлеміне  тартушы еді.

Сарыарқаның төсін еркін жайлаған қарт Ұлытау қабағынан қар еріп, бүгін елжірей қалған. Сірә, жастардың, ауыл тойының көркіне кедергі болмайын дегені шығар. Көктемгі ағаш бұтақтары да  лезде-ақ, бүршік жарып үлгеріпті.  Мамырлаған қаздармен қатар жарысқан қара домалақтар сақаларын үйіріп, қас қылаң бергенше абыр-дабыр.

Той-думанға қанық болған дүйім жұрт тарқасып, өзара шүпілдесіп жатты. Ардақты Асановтардың әуелеті, келін түсіріп, анасының қолын ұзартыпты. Ауыл арасын «Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін!»,-  деген ақ  тілектер іле-шала шарлап кетті.  

 Гүлбану есіктен жымиып кіріп еді, шашын төбесіне тас қылып түйіп алған енесі тұр екен. Күйіс қайырған текке құсап,    кебістей ернін қиқаң еткізді де, - болсайшы, езілмей, сен шай бергенше діңкеміз құритын болды ғой. Бұл үйге құт емес, жұт келген шығар,-  деді де, ауыз үйге лып берді. Қатты сасқаны сонша ол ыстық самаурынды қолынан сусытып алды. Аяғына төгілген ыстық су, өзегін жаншып өтті. Сол-ақ екен, добалдай енесі Күлән ит терісін басына қаптап, - ой, сорлы-ай дүниеден мақұрым, жылтырақ көрсе жармасқан. Жетімдерді аяма, желкеңді үзеді деген осы,  - деді. Тағы да Гүлбанудың жетімдер үйінде өскенін, лашықта тұратын әжесін  еріксіз есіне салды.

 Жататын бөлмеге аяғын сылт басып, кереуетке  отырды. Сырт-сырт соққан сағатқа қарап еді көзі жетпеді. Қолына ұялы телефонды алып, Болатқа қоңырау шалды. Жауап жоқ. Атандай тоғыз айдың жүзі болды, ол да жарына селкеу қарайды. Жұмыстан кеш келеді. Тіпті кей сәттерде жауап қатпай, теріс қарап, қызық атаулыны түзден іздейтін болды. Ол, ол ма бүгін   жарық айды жанына серік етті. Ұйқы жоқ, аяғының күйігі оған қосылып мазасын қашырды. Соңғы кездері жүрегі айнып, төсі бұлтиып, жүріс тұрысы ауырлай бастады. Алланың бұйрығымен бойына біткен «артық жүректі» ана көкірегі қалай білмесін...

 Таң қылаң берген. Бұрынғыдай емес Ұлытаудың биік шыңдары ақ  шәлі жамылып, бойларынан суық ызғар шашады. Оған қоса етегіңді түруге асыққан сумақай жел қармен ойнап, төңіректі ақ бұрқасындата борайды. Тек өлі тыныштықты бұзған ала сиыр күйіс қайтарып, келдің бе дегендей  Гүлбануға сүзіле қарады.

- О, тоба?! не деген бейнет десеңізші, бұрынғыдай емес, қарны құрғыр тіреп, бел шыдатар емес. Жарықтық-ай, кернеген ақ торсықтан сымдай тартылып атқылаған сүт ақ шелекке сауылдай құйылып, жатыр. Байлаулы тұрған бұзау да несібемді азайттың дегендей, бұйдасын керней тартынады. Аппақ сүт шелек ішінде теңселіп, жүкті әйел ебедейсіз адымдаған сайын ернеуден лықси төгіліп,  жерге тамшылайды. Әйтеуір жетті-ау үйге. Сол-ақ, екен төргі бөлмеде енесінің күйеуіне айтып жатқан сөздерін құлағы шалып қалды.

- Қарағым-ау, мына бәлені апарып таста, анау қара кемпіріне, енді өзі қалып, баласын асыраймыз ба? Басында айтып едім,  анау Қонысбектің қызы Әйгерімді ал деп, бірақ сөзіме құлақ аспадың. Қарап отырсам мен түгіл өзің де кейінгі кезде одан сырт айналдың. Мына жетімектің айы - күні аз қалды. Әлденені сылтау қылда апарып таста, үйіне. Сосын бірдеңе қылып, Әйгерімге қолқа салармыз. Қанша дегенмен оқыған мұғалім қыз ғой және де мынау сықылды қу тақыр емес, байлығы да бар. Ботам-ау, анасының сөзін құлақ асқан бала жаман болмайды -  деді де,   арқасынан қағып-қағып жіберді. Анау, қара жерді жастанған әкеңнің де рухы  саған риза болады. Сөйт, балам! -  деді де енді жалғастырсам бірдемені бүлдіріп алармын дегендей күрт тыйылып, тілін жұта қойды.

Гүлбанудың көзіне жас үйіріліп, тағат таппай булығып-булығып демін ішіне тартты. Қу тастанды тірлік, мына дүниеде өксігенім аз болды ма, таңды таңға ұрып, өмір бойы терезеге телміруім саған жетпеді ме?!-  деп жұдырығын құшырлана тас жұмды. Тек тарғыл мысық қана міз бақпастан отыр.

Қарақыздың үні бір кезде талықсып шықты. Болат қасына таянды, кезінде өліп-өшіп сүйген жарының жүзінен салқын леп сезілді.

-   Өшір үніңді, сен келгелі осы үйдің түтіні түзу шықпады, жалғыз анамады сыйламай, шаңырақтың берекесін қашырдың! -деді де, қолын көтеруге оқталды. Аузынан бұрқыраған ащы судың иісі, көгірегін жарып, жүкті әйелдің жүрегін айнытты...

 Сайын далаға әмір жүргізген тентек жел, байғазыдан құр қалғандай есікті теуіп, ішке лып қойды. Пеште бықсып жатқан шоқты тұтатпақ еді, онысынан ештеңе шықпады.  Мұз патшалығы иесіз даланы да, осы үйді де жайлап алғалы қашан... Оған қоса бөлмедегі күңгірт сәуле онсызда жүдеу көңілдің берекесін қашырады. Тек сығырайған майшам  маңайына жарық беріп, сәл де болса үміттің отын үрлейді.

Біраз уақыт есінен танып қалған Гүлбану перезентханада көзін ашты. Көз алдында жүзінен нұр төгілген ақ халаты абзал жан тұр.

- Қалай қызым, жағдайың қалай? Недей жағдай сені осындай-күйге душар қылды? Өзімізде ұрпақ жоқ. Бір шикі қара домалаққа зар болып жүрміз. Бекем бол, бұл басыңа қонған бақыт емес пе ? –деді, сәл жымиып.

- Сізге шындықты айтуға тура келеді. Бала жатыр ішінде қысылып қалған. Сондықтан нәрестені ішіңізден жарып алуға мәжбүр болып отырмыз,-деді Гиппократ антын қабылдаған әлгі адам.

Екі сағатқа созылған операциядан кейін, жас келіншек көзін ашқысы келеді, бірақ жанары құрғыр ырқына көнбейді. Аузы құрғыр, тілге тамызар бір тамшы суға зарық болды. Басы айналып, лоқсығысы келеді. Осындайда шіркін туған жердің самал желі соғып, бетіңнен аймаласа,  төсінен аққан мөлдір бұлағын татсаң, жанның бір бақытқа кенелер еді.

«Жығылғанға жұдырық демекші», онсызда  мардымсыз көңіл жанына медеу болар ештеңе таппады. Аяулы алақан,  ақ уызға  жарымаған жанның жарасы үлкен. Осы сәтте өзін жалғыз сезінді. Тіпті қасында жатқан қызыл шаққа балапанына зер салып қарамады. Қарағысы да келмеді. Көзін терезенің жақтауына салып, әлде біреуді тағат таппай тосады... Кеудедегі жүрек алқынып, ауызына тығылады. Тағы да жасқа ерік беріп,  күздің күңгірт ауласына тап болды. Үкілі армандары сары жапыраққа айналып, табан астында таптала берді. Құлағына әжесінің мұңды әуені шалынды. Сол мұңды әуен бала кезінен тансық. Сол әуенді жүрек құрғыр өршілене тыңдайды. Сол әуендегі жем іздеген бозторғай да, оның жан сырласы.  Тіпті ол өмірінің басты кейіпкеріне айналғандай. Туғалы ана сүтін ембеген,  әке көзін көрмеген балаң көңіл өмір бойы  бір жылылықты аңсайды. Тек бар білетіні есейген шағында балалар үйінен әжесінің асырап алғаны. Содан бері қанша жылдар өтседе үрейлі көңіл бір сәт серпілмей қойды...

Үшінші күні төсі құрғыр иімей, нәрестені аштан қатырды. Оның ащы дауысы жер жарады. Қасында жатқан келін-кепшіктердің тойы бір тарқар емес. Келіп жатқан құртқа қосқан ыстық сорпа мен жаңа піскен бағлан қозының, қара күрең шайдың бұрқыраған иісі мұрын жарады.

Тек Гүлбануға келіп жатқан жандарды көзің шалмайды. Базары тарқап, тауы шағылған ол сары уайымға берілді.  Сүйіп қосылған жарын ұзақ күтті. Хат жазбақ болып еді, оның да қиюы келмеді. Соңғы кездері нәрестеге мүлдем көңіл бөлмейтін болды. Оның жылаған даусын естісе жастық астына тығылып,  тұла бойы дірілдеп, көзіне бәле елестейтін болды.

Сол елес бір сұмдыққа итермеледі. Ақыры одан құтылудың жолын іздеп, қолына астында жатқан жайалықты алды да, оны қақ айырып,  ұзынан екі бүктеп, бұғанағы қатпаған нәрестенің мойнына салып қылқындырды. Оған қатты күштің де қажетті болмады. Бірер минутан соң сәби кірпігінде бір жас тамшы  шыланып қалды. Өмірге жұдырыған түйіп келген нәресте періште күйінде  кете барды.  Тек сәлден соң  кішкентай алақандары ашылып, жүзін мәңгілік ұйқы аймалады.

 Осы кезде Гүлбану біреуден қашқандай далаға тұра ұмытылды. Бір сұмдықтың болғанын сезген медбикелер палатаға ентелеп кірді. Бірақ бәрі тым кеш еді. Қолын қанға малған Гүлбану сол баяғы мұңды әуенге салды. Тек жем іздеген бозторғай көрінбейді...

 Гүлбану көптен бері мезі болған осы ойлардан  селк еті де,  көзін қайта ашты. Ол өзінің ұлан-ғайыр жасаған күнәсінан арылғысы келді. Іштей Алла тағаладан жәрдем сұрап жалбарынды. Өзінің жасаған күнәсі үшін кешірім сұрады. Сол-ақ, екен арқасынан біреу келіп ыстық алақанымен сипай бастады. Жалт бұрылып қарап еді, түрме ішінде өзімен қатарлас сотталған Шолпан екен.

-   Сен,  өз-өзіңді құрттай жей берме. Болар іс  болды. Аяғыңды Ібілістің жолына еріп, шалыс басқан екенсің.  Бірақ әлі де тым кеш емес. Себебі Алланың мейрімі шексіз. Жаратқан иемнің сөзі жүрегіміздің саңылауын ашатын, көгірегімізді тазартатын нұр тамшылары. Біле білсең мен де ақиқат әлемінен адасып, ақымақтарға ердім. Бар бақытымды басымнан теуіп, осындай күйге душар болдым. Бірақ сенімім алға қарай жетелейді. Себебі он cегіз мың ғаламды жаратушы тәңірім еркіндіктің шегін білу үшін адамзатқа ақыл сыйлады. Ал, бауырым білсең сана жүректің көзін ашады. Ендеше алдымыздан бұл дүниеде іздеген  ақиқат есігі ашылады. Ал, біле білсең  бұл дүниеге адамдардың келу мақсаты – ақиқат есігін ашу емес пе? Ол есікті ашқан пендеге хақ жолдың қақпасы ашылады. Сол кезде Гүлбану еңкілдеп, жылап жіберді. Көзінен ыршыған жастар тізбектеле берді. Сол күні ол сәждеге басын қойды...

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
10 лет назад 4783
15 комментариев
  • Ауыр... өте ауыр жағдай.
    Әйел сорлы ғой, осылай сорлап қала береді. Қу дүние...
    Еріксіз көзге жас келді.
    10 лет назад
  • Ия, сіңілім, бұл қазіргі 21 ғасырдың ауыр дерті. Осы жағдай қатты алаңдатады. Әсіресе жас буын өкілдері, ойланбай жасаған әрекеттері, өз бақытына балта шабатынын сезбейді. Осы әңгімені жариялау барысында мың толғандым. Ақыры нар тәуекелге бел будым. Себебі болашақ аналар әрбір жасаған амалдарына сұрау болатынын білуі керек. Баршамызға да екі дүниеде де есеп бар.
    10 лет назад
    • Әйел емес еркектер де есеп барын білсе екен. Осындай халге итермелеп, әйелді кіналай салу оңай...
      Әйел әдетте мықты келеді... Өкінішті жағдай екен...
      Бірақ қанша жерден қиналса да, өзіне немесе өзгеге қол жұмсау барып тұрған қиянат.
      10 лет назад
  • Сізге көп рахмет! Қаламгердің бар мақсаты өзге ой салу. Сол арқылы қоғамды оң бағытқа бұру. Бұдан асқан жазушыға бақыт жоқ! Сізге Алланың нұры жаусын!
    10 лет назад
  • Негізі Гүлбану олай жасамау керек еді. Менің түсінгенім Гүлбану сәбиін өлтіреді ғой иә?
    10 лет назад
  • Ия, өкінішке қарай аяғын шалыс басады. Өмірде шынайы болған құбылыс. Мен тек соны қаламға арқау еттім.
    10 лет назад
  • сіздің бұл әңгімеңізді мұқият оқып шықтым; көп нәрсе айтуға болады (тұтас бет алатындықтан, қысқа қайырсам, айып етпессіз) ең бастысы, талабыңыз, қалғаны - еңбек, еңбектену шеберлікке бастайды, оңай нәрсе жоқ қой, өз-өзіңізге сенсеңіз, алынбайтын қамал жоқ, жалғастыра беріңіз, сіз айтқан чехов менің нөмірі бірінші жазушым сүйіп оқитын, кезінде жата-жастана оқып едім, дәл антоша чехонте (бүркеншек аты) секілді әсер еткен емес бүкіл әлем әдебиетінде бірде-бір жазушы
    10 лет назад
  • адамның өзінен артық өзіне сыншы жоқ, бұл шығарып салма сөзім емес, айтылып жүрген белгілі шындық осы, ізденісті тоқтатпаңыз, көп қаламгерлерді білемін жап-жақсы бастайды, орта жолда тоқырап қалады, ең қиыны да сол - өздерін тірідей көмгендей болады
    10 лет назад
  • осы чеховқа ұқсайтын бір жазшы бар, қолтаңбасы ұқсайды, сөйле саптасы, образ содауы. испан тілдес жазушы кубанікі - онелио хорке кардосо
    10 лет назад
  • Саттар аға шынайы көңіліңізге көп рахмет! Мұстафа Кемалдың сөзімен айтсақ қашанда адам баласы үмітті тек өзіңнің күшіне арттуы керек. Мәслен Халықаралық Франц Кафканың жүлдегері Х. Мураками барлық әлемді өзінің қаламына тәнті етті. Міне жазушы шеберлігі деп осыны айтыңыз. Абай іліміндегі бес асыққа қол жеткізгенде ғана барып ұлы Жазуы " Мураками Феномен" қалыптастырды. Сондықтан да "Болмасаңда ұқсап бақ" қағидасын өмірімнің басы мәніне айналдыру мен үшін ғұмырым іспеттес. Жалпы Чехов сөз жоқ, дарынды, дара тұлғалардың бірі. Осы ойды ағылшын философы Уильям Оккам заманынан қалған «Окам ұстарасы» деген тіркеспен сабақтасақ. Мағынасы «қарапайым түсіндіруге болатын нәрсені күрделі, ұзақ түсіндіруге ұмытылудың қажеті жоқ»-дегенге саяды. Міне "Антоша чехонтенің" құдыреті осында жатыр. Ал, кубалық Онелио Кардосоның туындыларын оқымапында. Тіпті ол кісінің атын сіздің ауызыңыздан естіп отырмын. Алла қаласа жазушының теңізіне бойлап, лағыл маржандарын теруге тырысамын. Раббым сізге әрдайым адамдарға қол ұшын беретін күш-қуат берсін!
    10 лет назад
  • Алла разы болсын, Алма. Көп оқитыныңыз, ізденетіңіз байқалады. Тек осы бағытыңыздан таймасаңыз болды. Ертең тұрмыс құрғанда тастап кетпесңіз болды. Қазақ әйелдерінің көбісі бала-шағаның тәрбисеніне қолы босамайды да етекбасты болып қалады. Әрине, алдымен ұрпақ тәрбиесі, бірақ, өз "ізіңіз" де болуы керек қой деп есептеймін. Рахмет.
    10 лет назад
  • Саттар аға рахмет! Көп оқу, ізденіс деген, ол да барып тұрған шырғалаңы көп шексіз ғылым дер едім. Ньютонның пайымынша ғылым дегеніміз-теңіз. Ал өзін сол теңіздің жағасындағы тамшымен ойнаушы ретінде ғана суреттейді. Пендеміз ғой, адам көңіліне кейде кеңістіктің өзі жұтылып кете береді. Көкіректі талай дүниелер сайрап жатыр. Тек уақыттың тапшылығы десем, тағы да хакім Абай қабағын шарт түйеді. Бұлда жалқаудың ойлап тапқан сылтауының бірі болар. Дегенмен жазуға деген құштарлық күн сайын артып келеді. Мұтар Мағауин ағам айтқандай "құштарлық" деген осы шығар.
    Өзіме келсем тұрмыста болғанмын, екі сәбиім бар. Аллаға мың да бір шүкір!
    10 лет назад
  • бала бағып отырып, уақыт таба білу тек әйелдің қолынан ғана келетін шығар. Бұл блок - қайда жүрсеңіз де, әсіресе, үйде отырғандарға қолайлы жағдай, блоктың мақсаты: адамдардың шығармашылығын дамыту, ойын ұштау, атсалысып тұрыңыз
    10 лет назад
  • Жоқ аға жұмыс істеймін. Жақында " Жанардағы жазулар" атты кітабым жарыққа шықты. Раббым бұйыртса 2-3 кітабымды қолға алып жатырмын. Жалпы оқырманға ой тастау, қаламгер үшін асқақ мәртебе, одан асқан бақыттың зоры болмайды. Әлем классиктерінің қоржынына көз салсаңыз, көз алдыңызға адамзат жаннының емшісін, үстінде ақ халаты бар мейрімді психиатрды көреміз. Олардың қылқаламында адамның жандүиесін елітетін тартылыс күші жатыр. Бірде жүзіңізді күлкі аймаласа, енді бірде үрейдің, қорқыныштың трансформациясына тап боламыз. Міне, шеберліктің өзіндік қолтаңбасы, аурасы деген осы. "Тоқсан сөздің тобықтай түйіні" түйсіктің жазушысы болу дегенге саяды. Ал оны ол өзіңізде жақсы білесіз, ондай дәрежеге жету үшін Ұлы Алланың кітабынан бастау алған Абайдың қара сөзінің 45 элементі мен өзге де құнды дүниелердің басын шалу керек. Сізге рахмет, сұхбаттыңыз өте тартымды әрі мазмұнді. Мадақ айтудан аулақпын. Ол тек Раббыма жарасымды. Ал кез-келген адамнан құнды өнім (пікір алмасу) алу, сананың деңгейін байқатады. Сондықтан Сіздің жазу стиліңізде қысқа да нұсқа "иман нәрінің" дәндері жатыр. Ақ парақ пен қаламыңыз әрдайым иманыңызға арқау болсын!
    10 лет назад
  • амин
    10 лет назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144