Табаныңа құдырет күш бітіреді
Табаныңа құдырет күш бітіреді

Ия, дүние кереметсің! Саған теңесер ештеңе жоқ. Бір Хақ Тағала Жер-ананы адамзатқа тарту етіпті. Бүгін сенің  «Ұлар қонған» шыңыңа, сан тарихты бөккен қатпарыңа, мың алғыс айтып ұландарың қайта оралды.

Олар сағыныш деген ұлы сезімді бүлкілдеген   сенің тамырыңнан алған жоқ па еді?! Сол кеуделерін кернеген алып күш өмір ағыстарына қарсы жүруді, Үш жүздің басын қосқан елінің тарихын, тілін, мәдениетін, оттан да ыстық Отанын сүюге жетелейді.

Кімге де болсын «Туған жер-алтын бесік». Киелі мекеннің сан-қилы тарамданған жолдары әрбір адамзаттың өмір бастауы емес пе?  Бұл қасиетті өлкеде талай рет әкеңнің құдықтан су алған, анаңның ақ сауып, мал жарықтықтың төсін идірген іздері жатыр. Сондықтан да туған жерге туыңды тік деп бекер айтпаса керек.

Адам баласының қатпар-қатпар жан дүниесі кіндік  қаны тамған жерімен астасып жатқан шексіз бір дүние.  Соның бірі жағаға шарқ ұрған айдынның толқындары, соған ұқсаған адам тағдыры емес пе?  Қарап тұрсаң алдамшы бір дүние,  бір сәт болмашы нәрсеге өкпелеп, бармағымызды тістеп жатамыз. Ия, толқындар  сияқты қанша армандырымыз жағаға барып сан өлді.  Кейбір жандардың сонау қиялға толы балалық шақтарының ертегі әлемі сонау ақ әжесінің арулап көмген табытында бұйыққан жоқ па?!

Сол бір қызық дәуренді арқалаған өлкеге барған сайын көңілің бір жасап, табаныңа құдырет күш бітеді. Бұл тылсым күш. Жер ананың сен алғаш дүниеге келгенде кигізген иткөйлегі. Содан болса керек адам баласы  туған жердің топырағына тартып туады деп бекер айтпаса керек.

Бір сәт, артыңа бұрылып, өмір аялдамасына сәл кідірші. Әне, анау жер  талай рет жалаң аяқ  құдықтан су ішкен жерің. Ал анау  көк майса шалғында сан мың аунап,  қанша рет алқа гүлдерін армансыз жұлдың. Жастықтың желегімен тамырыңды қопарып жатқанда, жер-ананың денесіне батқан ауыр зілді сезінбей, оны қанша рет қинадық десеңізші.

Сенің алапат кеудеңде қайнаған ауыл тіршілігі бақыттың маздаған шағы екен. Өрістен қайтқан өрім жолда Зеңгі баба, Шопан аталарымыз мал басын қайтара алмай әлек. Соңында тілі салақтаған біздің Құтжолдың түрі тағы бір әлем. Ауылдың қайнаған осы бір шағында сақаларын үйірген, ат қылып тал басын сындырған қара домалақтар ауыл көркінің бір тамаша көрінісі ғой.  Бәрін айтта, бірін айт қыр басынан көкке өріле көтерілген шоқ самаурынның түтінінің иісі Ұлытаудың алып бауырын алып кеткендей. Екі иығынан дем алып, ол да пысылдап тұр. Оған қоса лаулап жанған пештегі оттың иісі есіңді алып, көкірегіңді жарады. Ақ әжемнің алтын қолымен піскен бауырсаққа шіркін не жетсін?! Бүгінде сан әлемді шарласақ та, сол ыстық бауырсаққа зар болып жүрміз.

Аспаныма тағы бір сәт көз тастап, сенің көгіңде өрілген моншақтарыңа көз салып тұрмын. Неткен әсем, неткен ғажап! Алыстан қойныңа шақырып, кімді де болса еріксіз жұмбақ әлеміңе жетелейсің. Сенің осы бір әсем шағың жастық шақтың жүлде бермес күндеріндей. Адамзат алдында Ұлы Абайдан сөз арылып па? Шынында да көкірегіңді кернеген сан арман, бақыттың бал-бұл тамып тұрған кезі емес пе! Сұп-сұр күзге жіпсіз байланған қайғың да жоқ, басың да бос. Ал үміттің оты міне сәл аттасаң бір-ақ адым. Ар жағында аппақ көңілдің дариясы шалқып жатыр. Бар да жалаң аяқ кеше бер. Міне іздесең бақыттың ақ ордасы осында.

Еріксіз биімен еліктерген сол кештегі бозбала, сенің алғашқы сезім пернелерін шертпеп еді. Сол түні кетік ай, тереземе телміріп, ұйқымды ұрлағаны әлі есімде. Сол түннен бастап жаныңа  айнаны серік еттің. Шаттансаң көзіңнен нұр төгілген жүзіңді, мұңайсаң әйнегіңді айғыздаған тамшыларды көрдің. Қызғаныштан  мұз шайнап, тұз жалаған күндерді бастан кешірдік.

Сол бір кеудемізді кернеген  алып күш Ұлытаудың басына мінгізіп, Сарыарқаның  айдынын  армансыз кештіретін еді. Қайран жастықтың сонау албырт күндерін уақыт деген көк дөнен әлде қашан үйіріп әкетті емес пе?

Көкті тілгілеген найзағай да біздің жастық шақтың бір жалынды елесі секілді. Шатырлаған найзалар сенің сол кездегі өмір ағысына қаймықпай жасаған қадамдарың.  Мың тамшы жауында сенімен қанша сырлас болып еді. Осының бәрі туған жердің құнарлы топырағынан бастау алған өмір баспалдағы. Ендеше баршамызды қасиетті туған жердің топырағы есейтті. Бүгінде алтын ордадан түлеп ұшып, сан қияға ұя салдық. Сан асуларға төте жол салып, Ұлы тәңірім сыйлаған төзімділіктің арқасында қияндарға қанат сермедік. Сенің жомартығыңнан бойымызға  ыстық қайрат, нұрлы ақыл тарап, кеудеде тынымсыз соққан  жұмыр жүрек арқылы өмір сырын ұғындық. О, қасиетті Ұлытауым, бір кезде тарыдай болған  ұландарың саған талпынып қайта оралды. Сенің заңғар биік шыңыңдай, біз алатын асу – өмір жолы алдымызда. Қарт Ұлытау баршамызды ыстық бауырына басып, ақ батасын берді

-  Ия, шынымен де «ит көйлегіңдегі» иісті бойына сіңірген туған жер табаныңа құдырет күш бітіреді...

 

 

 

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 лет назад 3694
3 комментария
  • Керемет суреттепсіз, қызығам. Нағыз ауылдың өмірі. Өкініштісі мен мұндай ауылда өспеппін...

    9 лет назад
  • сәздәі елжандылығыңыз көпке үлгі болсын, алма, туған жерге, отанға деген ыстық сезім әр сөйлеміңізден емес, әр әрпіңізден де төгіліп тұр, алла разы болсын
    9 лет назад
  • Əр өлкенің табиғаты басқа. Əркімге өз туған өлкесі қымбат қой қашанда.
    9 лет назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144
Прямой эфир