Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би
Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би

Майқы би Төбейұлы 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен, қазақ халқының төбе биі болған.

Тарих деректеріне назар аударсақ, ол бір ғана емес бүкіл түркі тұқымдас халықтардың бас биі болғанға ұқсайды. Сондықтан да оны түрік тұқымдас елдер әсіресе татар,  башқұрт, қарақалпақ, өзбек халықтары бас биіміз деп санаған. Сондықтан «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы майқы би» дейтін қанатты сөз атадан балаға таралып, түйінді даналы сөздің де, би біткеннің де көш басшысы  атанған. 

Ежелгі шежіреге көз салсақ, тарихта екі Майқы би болғаны туралы деректер кездеседі. Белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлы бұл жөнінде былай жазады: «Артына өлтірмейтін сөз қалдырған сол  – 12 ғасырда өмір сүрген Майқы ма? Көне көздерден ата-баба, жеті пұстыдан қалған шежірелерге келсек сол уақытта екі Майқы болғаны байқалады. Оны екіншісі осы мақаланың авторының өзімен санағанда 41 атасы, яғни Шыңғыс заманындағы билік құрған Майқы. Егер біздің қолымыздағы атадан балаға мұра болып, дүниедегі ең ардақты құжаттай құрметтеліп келе жатқан әулет шежіресін тілге тиек етер болсақ 12 ғасырда жасаған Майқы өзін ұлы жүз санайтын біраз қазақтың атасы. Жалманбет ақ үйсін, жарықшақ қара үйсін, түркештің сары үйсін әкесі, Бәйдібектің атасы.

Ақ ұлы Майқы іштен бір аяғы кем туғанда, ақсап жүретін адам болған. Туа кембағал адамға төрт мүшесінің бірі кемістіктен майып аты берілген. Кейін қатарынан асып туған басында бағы, астында тағы бар, яғни шыңғыс ханның оң тізесін басқан адамды қазақта Майып деп атауға аузы бармай, бұрын өткен, аяқтыға жол,  ауыздыға сөз бермеген, қаусырма жақ, қызыл тілге келгенде алдына жан салмаған – осы Майыптың 18-ші бабасы – Майқының атымен атап кеткен. Демек, 12 ғасырда жасаған Майқы (Майып) мансап иесі бірақ, сөз иесі емес. Бұдан, әрине, Майқының қазақ халқының алдында өткен еңбегі, мансапты дулы - бас уәзір болғандығын жоққа шығаруға болмас. Ал артына ел аузында сөз қалдырған ел билеген көсем, басына сөз асырмаған Майқы мән баласы. «Арғы атам Абыл, Қайыр, Бақ, Таң, Пәр, Мән» деп Жамбыл жырлаған Абыл, Қайыр, Бақ, Таң Пар мән- міне, бұлар Майқының аталары – Жамбылдың да бабалары. Қазіргі оның ұрпағы Майқыдан 58-60 атадан тұр екен».

Ежелгі тарихшы Рашид-ад-диннің «Жамих-ат тарауих» -деген еңбегінде екінші Майқы би туралы деректер кездеседі. Онда атағы жер жаһанды шарлаған Шыңғыс хан өзі жорыққа шығарда өз орнына сенімді биі ретінде  Майқы биді қалдырып, ел арасында туындаған дау-дамай содан шешімін тауып отырғаны көрсетілген.

Шыңғыстың баласы Жошы хан батысқа жорық жасағанда Майқы биге Моңғол әскерінің оң қанатын сеніп тапсырған. Талай жеңісті бастаған батыр болған. Сол оң қанат Дешті қыпшақ елінің ұлан ғайыр аймағына билік жүргізген. Осы дерек монғол жылнамасы «Алтын топшыда» жазылған. Шыңғыс 1206 жылы «Ұлы хан» аталғанда оны құрметтеп, төңірегіндегі елдер құтты болсын айтып барыпты деседі. Бұл жөнінде алып адам Абай былай жазған: « Монғолдан Шыңғыс хан шыққанда қазақтар құтты болсынға барыпты, бірақ қай жерге барғаны мағлұм емес, сөйтсе де осы Шыңғыс тауында әскері қарауыл өзенінің бойында жатып, 12 рудан 12 кісі монғолдың өз заңы бойынша «Хан» деген үлкен биіктің басында Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол 12 кісінің бірі қазақтың Майқы би деген кісі екен «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы майқы би» деген кісі сол кісі екен. Шыңғыс аламандыққа аттанып әскер тартып шыққанда әскерінің басым бөлігі татар екен. Оның себебі,  моңғол өздері татардай ассыздық, сусыздыққа, ыстық суыққа шыдамды болса керек. Қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылып, бұларды Шыңғыс хан өзінің Жошы деген үлкен баласына билетіпті».Алайда сөзіміз дәлелді болу үшін тарих деректеріне жүгінуге тура келеді. Мәселен қазақ энциклопедиясына назар аударсақ:

«Халық аңызында – Майқы би Орманбет би өліп, он сан ноғайлы елі бүлінгенде қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер бейнесінде сипатталады. Майқы би қазақ руларын үш жүзге (Жүз – арабша «бөлік», «бөлім») топтап, Үйсін бастаған бөлікті ұлы жүз, Қабан ұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғам ұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атаған. Ноғайлы хандарының бір Қызыл Арыстанның баласы Ахметті ( Алаша хан) Ұлытауда Үш жүздің ханы етіп тағайындады. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі. Ұлыста бірінші туды ұстаған, Үйсінге «Жалау», ортада жүретін Арғынға «Көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «Найза» таңбасын берген. 40 рудың таңбасын тасқа қашатқан. «Таңбалы тас» – «Майқы таңбасы», кейін жер атымен «Нұра таңбасы» атанған.

Тағы бір аңыздарда «Түгел сөздің түбі бір атанған бабамыз жайында қызықты деректер кездеседі. Онда: «Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғайлы бөлініп, Орманбет би өлгенде Ноғайлы қоғам, Қобан және Майқы есімді белгілі аталар болыпты. Майқы тоғыз ханды қолынан отырғызған бас би болған екен».

Сонымен қатар ел аузында көп тараған аңыздардың бірінде Майқы би ағаш түбінде отырған  баланың тегін бала емес, ел баласы болатындығын бірден болжап білген. Бұл абыздың билерге тән қырағылығы мен көрегендігін байқатаса керек. Алайда оқырман қауымға аңыз желісі тартымды болғандықтан қысқаша ұсынуды жөн көрдік: «Қырымнан келіп Бұхарада хандық құрып тұрған Қызыл Арыстан деген ханнан  тұтқында жүрген күң әйел ұл табады. Оның тұла бойы алапес болған екен. Оны  көрген перзентсіз бәйбішесі ханға «Бұл баланың көзін құрт, құртпасың еліңді өскенде ала тайдай бүлдіреді», - дейді. Хан бәйбішесінің күндестікпен айтқан сөзіне иланып, әскерінен қырық жігіт бөледі де: «Мына баланы тапқан шешесімен Сырдариядан өткізіп тастаңдар. Өлсе өлер өлмесе өзінше күн көрер. Шешесі де, баласы да мұнда қайтып келмейтін болсын, өздеріңе де бостандық»,-дейді.

Ақыры олар баланы Қаратау өңірінде тастап кетеді. Балаға аң аулап жүріп Майқы бидің баласы Үйсін кез болады. Бірақ бала оған ермейді. «Кімсің» деген сұрағына бала жауап та бермейді. Үйсін далада көргенін әкесіне айтып келеді: «Бір ағаштың түбінде отырған баланы көрдім, ай десе аузы, күн десе көзі бар. Көрген кісі қызығардай. Жалғыз айыбы тілі жоқ екен», — дейді.

Майқы:

- Оған мені апарыңдар, мен сөйлесіп көрейін, – дейді. Майқы барса, бала оны көргеннен-ақ атып тұрып:

-Ассалаумағалейкум, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы! – деп сәлем береді.

-Уағалейкумәссәлем,балам, әменда аман бол! Болайын деп тұрған ұл екенсің, жүр маған ер? – деп, оны аулына ертіп алып келеді. Өкіл бала етіп: төбел бие сойып, төменгі елді, жорға бие сойып, жоғарғы елді шақыртып, той қылады. Той тарқасымен «ердің ері, егеудің сынығы» деп қасына бел баласы Үйсін бастаған жүз жігіт қосып беріп, жолға аттандырады.

- Қаратаудан асып әрі қарай жүре беріңдер, алдарыңнан Ұлытау, Кішітау дейтін таулар, Қаракеңгір, Жездікеңгір деген өзен-сулар кездеседі. Сол жерлерге барып, ірге теуіп орнаңдар. Ақ найзаның ұшымен ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашасы боласыңдар, деп – Майқы батасын беріпті.

Майқы бидің батасын алған Ахметті халық Сарыарқаның кіндігі атанған Ұлытауда хан көтереді. Кейін асқан батыл жауынгерлігімен ел арасында Алаша хан атанады.

Тарих деректерінде Майқы би 120 жасқа жетіп дүние салғандығы туралы жиі айтылады. Сөзімізді топшылай келе Майқы би кезінде қазақ халқының бірлігін сақтап, біртұтас ел болу жолында алғашқы ұлыс бірлігін құруда көп еңбек сіңірген қайраткер. Ол асқан әділ билігімен, тапқыр шешендігімен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан тұлға. Содан болса керек «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Ханның биі ақылды болса, қара жерден кеме жүргізеді», «Би екеу болса, дау төртеу болады» – деген нақыл сөздері сот жүйесінің ұлы қағидасына айналды. Ендеше Сіздердің назарларыңызға Майқы бидің тапқырлығына, шешендігіне құрылған деректердің бірін ұсынып отырмыз.

 ***

Шыңғыс хан жас кезінен-ақ дала кезіп, орман аралап кете береді екен. Ол бір жолы садақ тартып, аң аулап жүріп, таудан құлап аяғы мертігеді. Жігіттер іздеп жүріп оны орман ішінен тауып алады да, қол арбаға мінгізіп, үйіне  апармақ болады. Сол жігіттердің ішінде Майқы да болса керек. «Екі ақсақ бірге отырайық»-деп олда арбаға мінеді. Өзгелері екеулерін сүйретіп, Шыңғыстың үлкен шешесінің үйіне жақындайды. Есік алдында келгенде әлгі билер «Шыңғыстан соң үйге кім кіреді? – дейді. Оның бірі «Менің жасым үлкен» десе, енді бірі  «Мен бимін, жол менікі» – деп таласады.Бәрі Шыңғыстың аузына қарайды. Сонда Майқы: «Әдетте, арбаға жегілген өгіз  есік алдында қалып, оны айдаған адам үйге кірмеуші ме еді?» – депті. Майқы осылай сөз табады, әлгі билер есік алдында қалады. Майқы Шыңғысты қолтықтап үйге енеді. Ормандағы болған жағдайды сөз етеді. Осы жағдайдан кейін Майқы жас та болса, бас би  болып, Шыңғыстың оң жағында отырып, ел басқарады.

Бұл көнекөз ел аузында сақталған аңыздардың  бірі. Осыған ұқсас аңызды танымал зерттеуші Г.Н. Потанин де өзінің «Қазақ-қырғыз және алтай ертегілері мен аңыз әңімелері» – деген еңбегінде атап көрсеткен. 

 ***

Майқы би жүзден асқан шағында дүние салады. Бүкіл дешті қыпшақ жұрты оны ақ жауып, арулап қояды. Жылын атап, еске түсірген соң, сол өңірдің өзге билері  төбе билікке таласып, бірінен-бірі сөз асырмақ болады. Бұрын Майқы би айтып кеткен билік, шешім жарғыларды олар өз аттарынан айтып тарата бастайды. Бір жолы Бәдібек батыр ауылында бір топ би бас қосып, екі ел арасындағы дауды қарамақ болады. Олар бірнеше күн айтысып, тартысады. Кигіз үй сыртында олардың тартысын тыңдап отырған әр тараптан келгендер «біздің елдің биі былай солай деді», «біздің елдің биі солай деді» – деп әркім өз биін көтермелеп, дәріптеп жатады. Сонда Майқы бидің алдын көріп, сөзін тыңдаған қария:

-   Сендер несіне таусыласыңдар? Бұл кешегі Майқы би жарықтық айтып кеткен  жарғы сөздері ғой. Түгел сөздің түбі бір, түп атасы  – Майқы би деп  – орнынан тұрып жүре беріпті.

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 30929
1 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144