Қара өлеңнің емес пе екен көз жасы?..
Қара өлеңнің емес пе екен көз жасы?..

(Ақиық ақын Мұқағалиға)

 

Сезіміне салып  дархан дала дем,

Жырға жерік болған кезде бар әлем.

Қамкөңілдеу Хантәңірі көгінен,

Қарасазға тамып кеткен  қара өлең.

Ала бауыр тіршіліктің айт емін,

Қандауырмен тілгілейді...

Қайтемін?

Алшы түсіп, алшаң басар ақынды,

Торына алды тәйке-мұң...

 

Жүрегінің жібімейтін сызы боп,

Тағдырының тәттісінен тұзы көп.

Шырылдады шерлі кеуде қарлығаш,

Өлең-үйін жайлағанда қызыл от...

 

Қонып өлең...

Толып ерен жанына,

Ақ тілегін айтты арманның таңына.

Шаттығының шағаласы қайда әлгі,

Сұр тірлігің тиіп болды шамына.

 

Көңілінің құлақ күйі-мың бұрау,

Қақпақылға түскен ғұмыр...

Мұңдылау.

Өзгелер жүр өркөкірек,өзімшіл,

Өлең қонған ақындікі-тұнжырау.

 

Шабыттанып, десе-дағы шырқайын,

Амал қанша...

Теріс туып тұрса айың.

Қара түнде қара өлеңге шағынды,

Таңғы үмітін кешке жерлеп күн сайын.

 

Жан үгіліп жанарының жасынан,

Қасірет кеп шықпай қойды қасынан.

Өкініштен өртенгенде өзегі,

Өлең оның сипады кеп басынан.

 

Көңілімнің қыл-пернесін қозғашы,

Мұқағали-музам  менің, сөз басы.

...Тереземді қағып тұрған тамшылар,

Қара өлеңнің емес пе екен көз жасы?..

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 4142
5 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144