ҚАМШЫ
ҚАМШЫ

Ұрпағы дейді-ау мұны ел тектінің,

Қара, мына жаманның тентектігін!

...Сайтанның зәрін ішкен сүт кенжесі

Істерін істеуде кеп немкеттінің.

 

Сусынын сан қандырған бала-шаға,

Алдымен аунап түсті қара саба.

Қарайды бала-шаға «тамашаға»,

...Ырыстың қор болғаны-ай аласаға!

 

Ұлына жүрген кеше гүл егісіп,

Келіні үйден қашты, жүрегі ұшып.

Ошаққа төңкерілді қара қазан,

Жер құшты жез самауыр, шүмегі ұшып.

 

Қорлығы өтіп кенже – аласаның,

Орнынан тұрды ақыры қара шалың.

Мұзы тұр жүгенсізге жүрегінде,

Сызы тұр қабағында қарашаның.

 

-Бекер ме, осы күнге жеткізгенім,

Текті ұлым бар деуші едім.

Тексіз бе едің?

Сыйластық – шыңы еді ғой салтымыздың,

Сол шыңның арамдадың шексіз белін.

 

Тастасаң, шалағайым, шұбалаң із,

Алатын осы болмақ – сыбағаңыз!

...Кенже ұлдың осты арқасын өрім қамшы,

Не болды?

Сұрамаңыз!

 

Қаһары қара шалдың асты дәйім,

Ұлы отыр, жынын алған бақсыдайын:

Көруге қысылады жас жұбайын,

Ел бетін қалай көрмек – басты уайым.

 

... Ойнайды, арқаңызда – жонға келіп,

Жіберсең, есте болсын, зор қателік.

... Қамшыны аялап бір сипады да,

Қара шал іліп қойды төрге әкеліп.

 

P.S.

Сиқыры атой салып санадағы,

Қинайды, жаза бассаң ар азабы.

Бәрінен биік қойған ата салтын,

Айналдым, атыңыздан, дала заңы!..

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
8 жыл бұрын 4194
1 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144