Өрмекшiнiң жібі
Өрмекшiнiң жібі

Акутагава Рюноскэ

Бірде Ошякасама жұмақтағы лотос көлінің түбінде серуендеп жүрген-ді. Көл ішіндегі лотос гүлдері маржандай жарқырап, айналаны жұпар иіске бөлеп тұр. Жұмақтың таңы.

Ошякасама лотос жапырақтарының арасынан төменге қарады. Жұмақтағы лотос көлінің астында тозақ жатыр. Жұмақтың әтірдей жұпар аңқыған һәм тұнық суынан төмендегі тозақтың істік-істік таулары ап-айқын көрінеді.

Тозақтың тереңінде, қайнаған қылмыскердің арасында Кандата да бар. Бұл тірі кезінде кісілерді өлтіріп, үй-жайын өртеп дегендей, көп қылмыс жасаған Үлкен күнәкар еді. Дегенмен, оның өмірінде жасаған жалғыз ғана жақсылығы бар-тын. Кандата бірде қалың тоғайдың ішімен келе жатып, жол жиегінен құйтақандай өрмекшіні көреді. Аяғымен басып тастайын дейді де, бірақ «жо-жоқ, кішкентай   болғанмен бұл да тіршілік иесі ғой» деп,  өрмекшіге тиместен кете барады.

Ошякасама тозақтағы жағдайды бақылап отырып, Кандатаның бір кездері өрмекшіні өлтірмегендігі есіне түседі де, сол жақсылығы үшін әлгіні тозақтан шығаруға бекінеді. Жұмақтағы лағылдай жарқыраған лотос жапырақтарының үстінде бір тал өрмекші күмістей жылтыраған өрмек тоқып отырған-ды. Ошякасама әлгінің жібінен алып, аппақ нұрлы лотостың арасынан төмендегі тозаққа түсірді.

 Мынау тозақтың қайнап жатқан қан көлі. Осы көлде басқа қылмыскерлермен бірге Кандата да малтығып жүр. Қап-қара түнектің арасында аса үрейлі істік таудың инелері ғана ағараңдайды. Қылмыскерлердің ыңыранған дыбысы естіледі. Бұнда түскен пенделер тозақтың азабынан сыңсып, ыңырсығаннан басқаға шамасы келмей қалған еді. Үлкен күнәкар Кандата да қан көлінің ішінде қанға шашалып, өлермен бақаның күйін кешуде.

Бір кезде түнектің арасынан, алыстағы аспанның жоғары жағынан күміс түсті жіп-жіңішке өрмекшінің жібі созылып келіп Кандатаның дәл төбесіне түспесі бар ма? Үлкен күнәкардың қуанғаннан есі шықты. Осы жіптен ұстансаң, әйтеуір тозақтан құтыларың хақ. Өрмекшінің жібі жұмаққа апаруы да ғажап емес. Тозақтан шықсаң, істік таудың инелеріне де шаншылмайсың, қан көліне де тұншықпайсың.

Осындай оймен Кандата өрмекшінің жібінен қос қолымен ұстап, өрмелей бастады. Ол тірі кезінде кәнігі қылмыскер болғандықтан өрмелеудің сан тәсілін білетін.

Тозақ пен жұмақтың  арасы мыңдаған ли. Жұмаққа жету оңай емес. Біраз уақыттан кейін Кандата қалжырап, ары қарай өрмелеуге әлі келмей қалды. Дем алмаса болмас. Ол төменге көз жіберді. Өзі малтыққан қан көлі түнекке оранған. Ағараңдаған істік таудың инелері де алыста қалыпты. Осы қалпымен өрмелей берсе, тозақтан біржолата шығары сөзсіз. Өрмекшінің жібінен қос қолымен қарманып алған Кандата «мен алдамын, мен алдамын» деп қарқылдап күліп жіберді. Тозаққа түскен  талай жылдан бері күлгені осы.

Кандата тағы  да төменге қарады. Құмырсқадай құжынаған қалың қылмыскер бұның ізімен өрмелеп келеді екен. Үлкен күнәкар арандай аузын ашқан қалпы, көзі бақырайып, әлгілерге қарап қалыпты. «Мына жіп-жіңішке талшық мені ғана құтқару керек. Осынау құжынаған көптің салмағынан үзілсе, құрдымға кетем бе? Өрмелеп келе жатқан қылмыскердің санында шек жоқ. Өрмекші жібінің үзілері анық».

Кандата «Ей, қылмыскерлер! Бұл менің жібім. Қане түсіңдер! Түс, түс!» деп ақырып жіберді. Сол кезде... Сол кезде өрмекшінің жібі Кандата ұстап тұрған жерден бырт етіп үзіліп кетті. Үлкен күнәкар қаңбақтай құлдырап түнектің түбіне түсті де кетті.

Жұмақтағы өрмекшінің жібі жалт-жұлт етіп, ай-жұлдызы көрінбес тымық әуеде салбырап тұр.

Ошякасама лотос көлінен бәрін бақылап тұрған-ды. Ол тозақтағы қан көліне тас сияқты шолп ете түскен Кандатаға мұңая қарады. «Тозақтан өзім ғана шығуым керек» деген Үлкен күнәкар өзімшілдігі үшін жазаланды.

Жұмақтағы лотос гүлдері бұрынғысынша маржандай жарқырап, айналаны жұпар иіске бөлеп тұр.

Жұмақта түс ауып барады.

 

Әңгімені аударған: Шарафат Жылқыбаева

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 5242
4 пікір
  • Шаңның тозаңындай таккапарлығы бар адам жұмаққа кірмейді.
    Жақсы мысал екен.
    9 жыл бұрын
  • шарфаттты танушы едім, жақсы аударыпты, орысшасы да жақсы аударылған болатын, бірақ, есімде қалмапты кім аударғаны, осы материалды салсам ба, жоқ па, деп ойланып-толғанып жүр едім, мұсылманшаға келеме деген сауал төңірегінде, Алланың қалауы ғой, алманығ қолымен салдырыпты
    9 жыл бұрын
  • Рахмет! Саттар аға! Барлық дүние сыры тек Аллаға ғана аян ғой!
    9 жыл бұрын
  • Ой саларлық əңгіме екен
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144