- Ия, бір сәт өмір толқынында адамзат сәл аялдашы. Бір сәт сыныптай сырғыған уақыт алаңында өзіңе сауал қойдың ба? Мен не үшін өмір сүріп жатырмын немесе өмірдің мәнісі неде? Әрине, бірден жауап беру аса қиын... Жер бетіндегі адамзат басқа тіршілік иелерінен саналығымен ерекшеленеді. Демек оның ойлау түйсігі мен рухани әлеміне тікелей байланысты болады. Алайда баршамызға логика әлемінің заңдылығы жақсы белгілі. Сондықтан да рухани әлемнің есігін ашып көрейік. Рухани әлем бұл-кемеңгерлік пен даналықтың, дархандық пен мейрімділіктің ордасы. Оның тұтқасын адамның Ұлы Тәңірге деген кәміл сенімі ғана ашып береді. Нақты айтқанда Адам ата мен Хауа ана ұрпақтарының жанын жамандық атаулыдан арылтып, имандылыққа тәрбиелейді. Дегенменде Ұлы Жаратушы дүниені тең етіп жаратқан. Алайда жақсылық ұғымына кер ағар жамандық ұғымы қалыптасқан. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан рух пен жынның айрымашылығы олардың қасиеттерінде жатыр. Рух ақ зер әлемнің бесігі, яғни таза, пәк ұғымдарының өлшемі. Сондықтан ол-сауаптың көзі. Ал, жын, қараңғылықтың нағыз түп қазығы, яғни жамандықтың бастауы, күнә жасауға итермелейтін кері күш. Ал түпкі мақсаты тозақтың шырмауына байлау болып табылады.
Барлық мұсылман қауым тіршіліктің басталу хикаясы жайында жақсы біледі. Бастапқыда Жаратушы иеміз Адам-ата мен Хауа ананы тек жақсылық жасау үшін жаратқан болатын. Амал нешік, олар Ібілістің азғыруына көніп, жұмақтан қуылды... Ал, бүгінде сәл кілт тоқтай қалып ойландық па?! Бүгін қандай мардымды іс жасадым. Тіпті ең құрығанда тебенің көзіндей болса да біреуге қайырылып, шын ықыласымды білдірдім бе деп?!. Әрине, ондай сәтте тосылып қаламыз. Алайда, біз Алланың құлдары бұл фәниде жақсы адам болудан басқа барлық мамандықтардың түрін жақсы меңгеріппіз. Ең сорақысы хайуандардың (цирк, т.б. көңіл көтеретін алаңдарда) да тілін тауып, оларға «дегенімізге» көндіре білдік. Айтар ойымды, әріге бармай күнделікті күн парақшасынан іздесем. Мәселен, белгілі бір мамандық түрін иелену үшін, арнайы жоғарғы немесе орта оқу орындарын тәмамдаймыз. Оған апандай бес жыл уақытымызды жұмсаймыз. Ал кей жағдайларда мамандықтың түрлеріне қарай одан да көп уақытты сарп етеміз. Сол сияқты денеміз сымбатты, әсем болу үшін күнделікті денемізді жаттықтырамыз, әр-түрлі үйірмелерге барамыз. Әрине оған міндетті түрде уақыт табамыз. Айналып келгенде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні өзімізге қажетті дүниелердің бас-қасында дер кезінде табыламыз. Тіпті кәсіп пен өнердің, билік пен мансаптың, бақыт пен дәулеттің, атақ пен даңқтың шыңына жету үшін әр-түрлі бұралаң жолдарды таңдап жатамыз. Сол шыңға біреу еңбектеніп, қанат қақса, енді бірі арам айла – тәсілмен жыландай өрмелеп шығады. Тарих бедерінде осы жамандық атаулыдан, яғни іші тарлықтан, надандықтан, көрсоқырлықтан, мешкейліктен жазықсыз қаншама қантөгілді десеңізші. Тіпті адам бойындағы жаман қасиеттің бірі сатқындық атаулысынан бірдей – бір ұлан ғайыр мемлекеттер құмға айналды. Мәселен, Шыңғыс ханның ұлан-ғайыр империясы қайда қалды ?! Тіпті Моңғол қағанының дәуірі «Қақыраған қайма алтын» болып тұрса да, аз ғана уақыт ішінде күллі көкке ұшпап па еді. Оның басты себебі, іштегі іріткі дерттің салдарынан болмап па еді. Міне қарапайым мысалдан адам пиғылының әсері әлем кеңістігіне қалай әсер ететінін көру қиын емес. Әрине, бұндай мысалдар есепсіз. Сондықтан оларды шағын мақаланың аясына сыйдыру мүмкін емес.
Бүгінде адамзат болмысын материалдық құндылықтар-ақша, ашқарақтық пен табыс жолындағы ойсыз бәсеке-билеп-төстеп алды. Алайда, өкпені қабындыратын сөз десекте уытпен айтылған пікірде шындық бар. Оларды бағалауда сан алуан көзқарастың болатыны табиғилық. Дегенменде адам құндылықтың түйір дәнін бүгінгі ұрпақ санасына мықтап енгізу қажет. Себебі жас ұрпақ тәрбиесі қазір ғаламдық технологияның, интернеттің тікелей ықпалында. Ал осы дертке сымсыз байланған жастарымыз осы ғаламтордан қандай тәрбие алуда деген сауал баршамызды мазалайтыны анық. Әрине оның жақсы жағыда баршылық дегенменде, осы ақпарат көздері жастарды ұшқалақ ойлауға, ізденіс қасиеттін жойып жіберуге, дайын ақпарт көздерін иеленуге көп мүмкіншілік жасайды. Нақты айтқанда құнды дүниелерді оқуға емес, «дайын асқа тік қасық» қағидасымен қаруландырады. Жасыратыны жоқ ата – аналары да мектеп ұжымдары да олардың алдында ықпалсыз екендігін мойындаумыз қажет. Ал бүгінгі өрімтал жастар-ертеңгі ерен істі еңсерер мамандар, яғни атпал азаматтар. Сондықтан жақсылық, ізгілік жасау мамандығы туралы айтқанда жастар тәрбиесін бір сәт естен шығаруға болмайды.
Ендеше, мейрімді Алланың берген шектеулі уақытында қолымыздан келгенше жақсылық жасауға, осы мамандықтың шебері атануға тырысайық. Ол баршамыздың қолымыздан келетін ізгі амалдар. Осы тұста Хазреті Әлидің (р. а.) мына сөздері ойға еріксіз оралды: «Жәнатқа ынтыққан адам-жақсылық жасауға асығады. Жаһаннамнан қорыққан адам – нәпсісін жаман іс-әрекеттен қайтарады. Өлімді хақ деген адам-дүниенің қызықтарына бой алдырмайды». Ендеше, ей мүмин! Уақыт – әрбірімізге берілген мүмкіндіктер ағыны. Тек әр нәрсенің қолдан кеткенде, яки «алтының қолда барда қадыры жоқ» деп бармақ тістеп жатамыз. Ендіше сөз басындағы сауалдың жауабын, сөз сарасынан іздеп тапқандайсың. Ал қолыңнан келгенше өзгеге жақсылық жасау, осы мамандықты кәсіби деңгейде иегру – екі дүниенің әбүйірі. Нақты айтқанда жұмақтың кілті қолыңда деген сөз.
Жақсылық жасауда жарысайық!