Ықыласың биік тұрсын бәрінен!..
Ықыласың биік тұрсын бәрінен!..

Өнегесі теңіз сынды тұңғиық,

Ұлылар-ай!

Өмірлері – жыр-аңыз.

Жүрегіңе жіберетін нұр құйып,

Айша жайлы тағы айтайын бір аңыз.

 

Бар ғұмыры тұнып тұрған сабаққа,

Текті адамды өзгелерден айыршы.

... Айша анамнан дәметіпті садақа,

Елді кезген қайыршы.

 

Кеңге салған қашаннан-ақ арқасын,

Жиналады әңгімеге жұрт үйір.

Айша анамыз қарағанда қалтасын,

Мейіз шықты бір түйір.

 

Жаратқаннан қашаннан-ақ сый ізгі,

Кейде көңіл сәл нәрсеге толады.

Ал, қайыршы «қайтемін»- деп мейізді,

Кері қарай шегінгендей болады.

 

Таныта алмас шаршы топта кім өзін,

Құпиясын ашып бір сәт саған бар.

Түсіне алмай Айшаның бұл мінезін,

Таң қалады адамдар.

 

Айша сонда алып сөздің тізгінін,

Жамиғатқа былай деді қоршаған:

Тең болар ек бұл әлемде біз бүгін,

Қайырымды болса адам.

 

Салауат деп айту керек – өткенге,

Алла сонда сауабыңды санар мың.

Қияметтің күні келіп жеткенде,

Шығар алдан таразысы – амалдың.

 

Сайтан келіп жауламасын сананы,

Серік болсын санаңызға сол арың.

Қияметте жалғыз мейіз жаңағы,

Білесің бе, қанша мейіз боларын?!

 

... Жақсылығың бастан ассын сан ізгі,

Жан бауырым!

Биік тұрған арымен.

Садақаның көлемі емес маңызды,

Ықыласың биік тұрсын бәрінен!..

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 3277
0 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144