Сыймайтын, құшағыңа қаусырғанға,
Адамның құпиясы таусылған ба?
Адамзат!
Жаратқанның жазуымен,
Не нәрсе жоқ дейсіңіз нау-тұлғаңда?!
Жаныма ойдың кесек тұзы құлап,
(Айтарым болмас сізге қызығырақ).
Болса егер бойымызда бұл қасиет,
Қалар ма ед, кесірліктің сызы жырақ...
Білім бар, сенің-дағы үлесіңде,
Дауым жоқ, бұл терминді білесің де.
Бойыңда күшті болса – иммунитет,
Ауырмай, аттай шауып жүресің де.
Пайда боп өңім түгіл түсімде мұң,
Бұл ойдан өнбей қойды ісім менің.
Тәніңді қорғайтұғын күш бар екен,
Жаныңды не қорғайды?
Түсінбедім.
Ойымды жолыңызға үйіп өтем,
Кесапат – кесірліктің сыйы бөтен.
Табылар тән-ауруға талай шипа,
Жаныңның ауырғаны...
Қиын екен.
Пенделік кіріп кетсе тойымызға,
Кей сәтте не келмейді ойымызға?
Жамандық атаулыға қарсы тұрар,
Болса ғой, иммунитет – бойымызда.
Бойласаң болашақтың тылсымына,
Ат басын аңғар жаққа бұршы мына:
Сөзіңіз өтеді ме, айтыңызшы,
Заманның зырылдаған ұршығына?
Болса егер шыдамыңның шырқы бекем,
Ойымның ақ жаңбырын сіркіретем.
... Бола ма, жанға қорған иммунитет,
Кел, соны іздейікші...
Жүрші, көкем!..