ИТ-ӨМІР ДЕП НЕГЕ АЙТАДЫ АДАМДАР?..
ИТ-ӨМІР ДЕП НЕГЕ АЙТАДЫ АДАМДАР?..

Анасы тастап кеткен баланы ит емізіп, өлімнен құтқарған

Чилиде анасы ішімдікке салынып тастап кеткен екі жасар баланы Рина есімді ит өз күшіктерімен бірге емізіп, өлімнен құтқарып қалған. Бұл жағдайға куәгер болған адамдар сәбиді ауруханаға жеткізіпті.

                                                                                                                              maturidi.kz   порталынан

 Жанарым-ай!

Жас кезімнен жас төккен,

Торқа-көңіл тепкі көріп торықты.

Басқаларға бал сыйлайтын кеспекпен,

Тағдыр маған түрпі болып жолықты.

 

Аяулы деп айтушы еді бәріңді,

Ана!

Неге мейірімге шөлдеттің?

Аяқ асты еттің-дағы арыңды,

Соңынан сен кете бардың шөлмектің.

 

Қала бердім төрт қабырға ішінде,

Жолыңызды тосуменен, анашым.

Түнек-түнде сені көрдім түсімде,

Буалдыр-бұлт жайлап алған санасын.

 

Оянамын, өксіп жатып азанда,

Ішім ұлып бара жатыр аштықтан.

Түйір ас жоқ, қаңсып қалған қазанда,

Соны көріп көңіл бір сәт бастыққан.

 

Аштан өлу!?

Осы сұмдық жақын ба,

Қозғалуға әл қалмады менде енді.

Рина, қайтем, ит те болсаң жақында,

... Еме білем, ұнатамын емгенді.

 

Тумай жатып көрдім тірлік дауылын,

Тағдырменен ерегістім – азбаймын!

... Ұядайын жылы екен ғой бауырың,

(«Анашым» деп айтып қоя жаздаймын).

 

Сеңге ұрылған болар ма еді санаңда ар,

Келешектің қарекетін күйттер кім?

Ит-өмір деп неге айтасың, адамдар,

Жүрегінде мейірім бар иттердің.

Тұратұғын сызға айналып кіл өңі,

Қиын  сәтте, тағдыр мені қинаған,

Адамдардың тасқа айналып жүрегі,

Мейірімді көрдім иттен – Ринадан.

 

Жан болар ма, өздеріңе тең келген,

Ақылымды айтайыншы саған бар:

Имандылық тән еді ғой сендерге,

Мейірімді иттен үйрен, адамдар.

 

Алла есімін ту ғып ұстап тірлікте,

Ауызыңнан тастамайсын тобаны.

Кездеріңіз болмаса егер сыр бүккен -

Кімге дейсіз, бұл міскіннің обалы?

 

Бұл пендеңді тағы қалай сынар ең?

Жаратқаным!

Сенен өткен жоқ шебер.

...Мейірімге толар ма еді мына әлем,

Ит – адам боп, адам ит боп кетсе егер?..

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
8 жыл бұрын 4324
0 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144