АДАСУДЫҢ АЗАБЫ немесе мәңгүрттің монологы
АДАСУДЫҢ АЗАБЫ  немесе мәңгүрттің монологы

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ...

                                                           Абай

Шайқап ырыс қазанын,

Көрдім елдің мазағын.

Көрмей-ақ қой, бауырым,

Адасудың азабын.

 

Тыңдайтұғын құлын – жыр,

Мен едім ғой тұлымды ұл.

Өткен өмір – өкініш,

Келер күнім – бұлыңғыр.

 

Зымыраған елік-күн,

Мен несіне желіктім?

... Алла жолы екен деп,

Албастыға еріппін.

 

Тартып әлем қараңғы,

Улағанмын санамды.

Тыңдамадым әкемді,

Тыңдамадым анамды.

 

Сайтан болса – серігің,

Дос тұтады сені кім?

Өз қолыммен өлтірдім,

Рухымның елігін.

 

Қосшысы боп қарғаның,

Балталадым ар бағын.

... Өкініштен шайналған

Бармағым-ай, бармағым!

 

Жаным ғашық тұнық түн,

Сені тым кеш, шын ұқтым:

Аллам қалып алыста,

Адалдықты ұмыттым.

 

Пиғылда бар – шекара,

Өткен іске не шара?

Пәтуасыз пендеңді

Кешіре алсаң – кеш, АЛЛА!..

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 3581
0 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144