Абай – адамзаттың данышпаны
Абай – адамзаттың данышпаны

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) – Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы, ғұлама ойшыл, композитор, аудармашы, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартушы реформатор және қазақ руханиятын дамытушы, әділ би әрі дана шешен.

Абай  бұрынғы Семей облысының, Семей уезі, Шыңғыс болысында дүниеге келген. Атасы Өскенбай атақты би атанған.  Әкесі Құнанбай өз заманындағы  сара сөздің саңлағы,  ақыл-ой иесі  болған.XIX ғасырдың ортасында Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекітілгені тарихтан белгілі. Ал анасы Ұлжан болса, шешендігімен, тапқырлығымен ел құрметіне бөленгені баршаға аян. Анасы жас Ибраһимді еркелетіп, «Абай» деп атап кеткен.

«Әке балаға сыншы» демекші, Құнанбай Абайдан көп үміт күтеді. Оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң, Семейдегі Ахмет-Риза медресесіне береді. Онда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар, Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, тағы басқа  шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, онда 3 ай оқиды.

Сол кезден бастап А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, М.Е. Салтыков-Щедрин шығармаларын оқып, Гете, Дж. Байрон мұраларына ден қояды. Ол 13 жасында әке ықпалымен өз бетінше білім алуға бет бұрады. Көбінесе әкімшілік билікке араласа бастайды. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болады. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Кейіннен өз қалауымен биліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен дендеп шұғылданған.

Абай өз шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Ол Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген.

Оның фиософиясының өзегі – адам, адам туралы ой-толғамдар. Хакімнің адамзат туралы  түсінігі таңғажайып: сондай нәзік, сондай терең, даналыққа толы. Абай ұсынған  «адам бол!» идеясы, Абай көрсеткен  адам болудың жолдары, «Толық адам» ұғымы – бәрі де философиядағы өзекті тақырыптар.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Абайды ұлы ақын, ойшыл, кемеңгер, қоғам қайраткері деп тани келіп, «соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінің ең үлкен, ең іргелі биі болғанын да еске алу керектігін» назарға салады. Сондай-ақ, оның бұл ерекшелігі жөнінде замандасы Көкбай «билікке келгенде Абайдан әділ, таза дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы заманда көрген жоқ деп айта аламын» деп жазады.

Абайдың тұтас дүниетанымын, әсіресе  құқықтық мұрасын және билік-шешімдерін зерттеген А. Тәукелов, С. Зиманов, С. Өзбекұлы, Ш. Андабеков сынды заңгер-ғалымдарымыздың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Ондағы мақсатымыз – ұлы ойшылдың би ретіндегі табиғи болмысын ашып беру. Жалпы, кез-келген билік-шешімдердің логикасында Абайға және ол өмір сүрген қоғамға тән құқықтық өмір құбылыстары кестеленген. Ойымызды сабақтай түссек, билік шешімдердің басым бөлігі ар-намыс, абырой құндылықтарын реттеуге бағытталған. Сондықтан дәстүрлі құқықтық жүйені өмірінің басты мәніне айналдырған  қалың бұқара «малым жанымның  садағасы, жаным арымның садағасы» деуі бекер емес.

ХІХ ғасыр – қазақ тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі.  Абай дәуірі дәстүрлі ұлттық болмысы бұзылып, жұрт іші бүлініп, ел болып өзін-өзі билеуден қалған кезеңмен тұспа-тұс келді. Ел ішінде алауыздық өршіді. Осындай кезде Абай сынды алқалы би тарих сахнасына шықты. Оның халық атынан әділ билікті жүргізуіне заманның өзі мәжбүрледі, уақыттың өзі әділқазы атандырды десек, жалған айтпағанымыз.

Ұлы Абайдың ел арасында беделді би атануы Қарамола съезімен тікелей байланысты. Аталған съезде жер, жесір, барымта, ұрлық сияқты даулар, сондай-ақ елден алым-салық жинау және сауда-саттық мәселелері шұғыл  қаралып, талқыланған. Мәселен, 1885 жылы мамыр айында Семейден 70 шақырым Шар өзені бойында Қарамола деген жерде Семейдің сол кездегі генерал-губернаторы Циклинскийдің басқаруымен қыр қазақтарының төтенші съезі өткізілген. Оған Семей, Кереку, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан – бес дуанның болыс, билері, белгілі адамдары қатысқан. Онда Абай төбе би болып сайланған. 

Аталған ережеге бүгінгі күн тұрғысынан салыстырмалы талдау жүргізетін болсақ, 73-баптан тұратын  қазақ әдет-ғұрып құқығының  көптеген нормаларының көрнісін қазіргі қолданыстағы әкімшілік, азаматтық және қылмыстық заңнамалардан байқауға болады. Сотта іс жүргізудің тәуелсіз және  және объективті түрде өтетіндігіне кепілдік беретін судьяның бейтарап болуы – ең маңызды қағидалардың бірі. Бұл заң талаптары Қарамола ережесінің 5-бабында көрініс тапқан. Оған сәйкес, би егер дауласқан  жақтың біріне туыс болса немесе олармен араздықта болса, онда өзін билік айтудан босатады.

Ереженің 9-бабында – билердің және съездің шешімдері куәгерлердің  жауабына негізделеді. Егерде көрсетілген куәгерлерді би сенім артуға болмайды деп тапса, онда дауды куәгерлерді шақыртпай-ақ,  ант береді деп бекіткен. Аталған әдет-ғұрып құқығында ант беру, ант қабылдау процестері өте жақсы ашылған, яғни оның 17-бабында ант беруге: болыстық молдалар, болыстық басқарушылар және қожалар, жасы 18-ден төмен жастар және жасы 63-тен асып кеткен қариялар жіберілмейді. Ал оның 14-бабында:  ант бүкіл халықтың алдында қабылданады деп бекітілген.

ХІХ ғасырдағы және бүгінгі сот ісін жүргізудегі бір сәйкестік,  дәлелдеменің ең жиі кездесетін түрі – куәлар айғағы. Олардың маңызы өте зор болғандықтан, Қарамола ережесінің 21-бабында жалған куәлік еткен кісіні жауаптылыққа тартатын норма бекітілген. Яғни, өтірік ант берушілер  көпшілікке масқара болғанымен қатар, түйе бастаған бір тоғыз айып төлейтін болған.

Ереженің оннан астам бабы қылмыстық құқық пен жаза қолдануды қамтыған. Оның ішінде ұрлық жасау, ұрыс-төбелес және адам денесіне зақым келтіру, зардап шегушілерге көмек көрсету мәселелері қарастырылған.

Аталған Ереженің тағы бір маңызды ерекшелігі – бүгінгі қолданыстағы  азаматтық құқық нормаларына ұқсастығында. Мәселен,  өмір ағымында туындаған даулар өзара бітімгершілікке жету арқылы шешіліп отырған. Қазіргі таңда сот процестерінде бітімгершілікке келу рәсімі жиі қолданылады. Қазір қолданылып отырған «Медиация туралы» заң өз тиімділігін көрсетуде. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз Судьяларының VІ съезінде: «Қазақстанның құқық жүйесін дамытудың  ауқымды әлеуеті, әсіресе әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарының бірі – медиация. Бұл ретте дауларды бітімгершілік тәртібімен сотқа дейінгі шешу үлкен маңызға ие» деген болатын.

Абайдың қазақ даласында заң туралы қызметіне арнап жазған қара сөзінде: «Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заңға келіспейтұғын болса, оның орнына тартымды толық  билік шығарып, төлеу сапарға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз яки тіпті жоқ» деп көшпелі қоғамда заң шығару ынтасы мен қызметі кімдерге жүк болып артылатынын айқын жазады.

Абай тағылымын терең зерделеген белгілі ғалым К. Дауталиев өзгермелі заман ағымында екі түрлі фактор, яғни ар-намыс, абырой тектес құқықтық құндылықтардың негізгі мәнін жоймағанын алға тартады. Мәселен, ғалымның пікіріне жүкінсек «...Осы тұста Абайдың ар дауын шешудегі ұстанған жаңашыл қағидасының бірі, ол адал еңбекпен мал тапқан адамдардың өнеге тұтып, оның құқықтық қорғалуын ар мәселесімен тарқататындығында жатыр. «Адал еңбекпен іздемек – ол арлының ісі» дейді». Демек, Абай кез-келген даудың астарындағы адамның арына жіті назар аударып, оның бұзылған құқығын қалпына келуін қамтамасыз етіп отырған.

К. Дауталиевтің «Абай және ар дауы» атты еңбегінде адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты ой өлшемдері көрініс тапқан. Айғақ ретінде автордың өз сөзімен сабақтасақ: «Бір ерекшелігі адам құқықтары мен бостандықтарының бірі саналатын ар мен намыс 1948 жылы қабылданған БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі декларацияда ресми орын алса, қазақ сахарасының құқығында сан ғасырлар  қойнауынан бастау алып табиғи, туа біткен (абсолютті)  құқықтық құндылық  ретінде  келбетті келсімін тапқан еді». Алайда ұлы тұлғаның  артықшылығы адамдарды жазаға тартуда олардың жазаны тәнімен емес, жанымен сезінуін басты қағидаға айналдырды. Оған Ибраһимның «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзі дәлел. Ал бұл қылмыстық құқықтық теориясының негізгі мақсаты – қоғам арасында орын алған әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу және жазаның  негізгі мақсаттарының бірі ретінде саналатын қылмыстың алдын алу.

Абай өзінің бүкіл саналы ғұмырын ел ішінде теңдік, әділдік орнату, зорлық-зомбылыққа жол бермеу ісіне сарп етті. Әрине, бұл жолда ғұлама ақын, дана ойшыл, қара қылды қақ жарған әділ би атанған Абайдың тәлім-тәрбиесі, оқу-білімге үндеген ағартушылық қызметі, әділ жүргізген шешімдері – әрбір жасқа үлгі-өнеге.

Абайдың Қарамола ережесін жазуы кездейсоқтық емес, қайта абыздың теориялық және іс жүзінде тәжірбиесі толысып кемелденген кезде жазылған құнды еңбек деп білуіміз керек. Екіншіден, бұл ереже  –құқықтық тарихи ескерткіш.

Бүгінде Абай ұсынған  билік-шешімдерінің астарына үңіліп, арнайы құқықтық талдау жүргізу кең көлемді зерттеуді қажет етеді. Өйткені, Абайдың жүргізген биліктері қоғам арасында құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Ұлы данышпанның құқықтық саладағы билік шешімдері – қазақ халқы үшін сарқылмас қазына, асыл мұра. Академик Салық Зимановтың сөзімен айтсақ: «Абайдың биліктерінің бір қасиеті – олардың үлкен тәрбиелік маңызы бар. Нақтылы дауға бітім шығарып, таласты тоқтатып, екі жақтың өзара наразылығына шек қою өз алдына, ауызбірлікке, бауырмалдыққа, сыйластыққа шақырды, шындықты, әділдікті уағыздайды, жәбір шеккендерге, теңсіздерге қайрымшылықпен қарауды үйретеді. Абайдың өмірі өзгеше, заманы басқаша болғанмен, оның артына қалдырған мұралары, соның ішінде биліктері, адамгершіліктің қорына қосылған мол үлес».   

Құрметті оқырмандар! Сіздердің назарларыңызға қара қылды қақ жарған атақты би, адамзаттың алып данышпаны атанған ұлы Абайдың ел арасында жүргізген билік шешімдерінің бірін  ұсынып отырмыз.

 

Абай және жер дауы

ХІХ ғасырдың соңғы жылдары Көтібақ руы Айқынбай деген кісінің бәйбішесі мен тоқалы болады. Оның әрқайсысынан екі-екіден төрт бала болады. Айқынбай өлгеннен кейін жер еншісін  бөліскенде өзді-өзі келіспей, бәйбішеден туған Кәріпбай  бір анадан туған інісі Оспанбаймен жер бөлу туралы жанжалдасып, Оспанбайға айып тартырмақшы болып, төбелес кезінде шекесін өзі пышақпен тіліп жіберіпті. Бұдан кейін көлденең ағайындар Оспанбайға ат-шапан айып кесіп, билік айтады.

Осыған орай, Оспанбай сары бурасын  және бір атын айыпқа төлейді, бірақ риза болмайды. Бөлінбеген жерге  тоқалдың балалары  да үміттеніп қалады, «біздің де үлесіміз бар» деп, жер таласы қайта қозғалады. Ауыл ақсақалдарының  кеңесімен Айқынбай балалары Абайға барады. Жора үстінде  Кәріпбайдың өз шекесін өзі кескені анықталады. Абайдың билігі бойынша көлденең ағайындарының Оспанбайға кескен ат-шапан айыбы өзгертіледі, оның берген малын Кәріпбай қайтаратын болады. «Жер бәйбішеге екі есе, тоқалға бір есе есебімен бөлінеді». Бәйбішеден  туған Кәріпбай  мен Осанбай екі есе жерді екеуі тең бөлісіп алсын. Ал тоқалдан туған екі ұлы – Иманбай мен Жаманбай  бір есе жер алып, тілектеріне сай, өзді-өзді бөліспей, риза болсын» деп әділ шешім шығарылады.

 

Абай және жесір дауы

Абайдың інісі Ысқақ мұқыр елінде болыс болады. 1870 жылдың аяғы. Құнанбай қажылық жолына түсіп, ел билеуді доғарған кез.

Ысқақ болыс Есболат пен Жуантаяқ деген елдердің ортасынан үй тіккізіп, билер съезін ашады. Бұндайда әр уақытта басшылықты Абайға берген. Бұл жолы да солай болды. Билер кеңесінде қаралған көп даулардың бірі – Қадиша қыздың арызы.

Оның тарихына тоқталсақ, былайша өрбиді: Тоқалдан туған шешесі ерте өліп, жетім қалған Қадишаның әкесі Пазыл (Жуантаяқ ата баласы) Есболатқа құда болып, бір жігітіне атастырады. Қадишаның оған барғысы жоқ. Бошан елінен  Олжабай деген жігітпен сөз байласады. Ал Қадишаға сөз салып жүрген жігіттер аңдып жүріп, Олжабай мен Қадишаны ұстап алып, Олжабайды сабап,  екеуінің  аяғына кісен салып, Абай басқарған билердің съезіне алып барып жазалауын сұрайды. Абай екі жастың аяқ-қолдарын кісеннен босаттырады.

Сөз кезегі келгенде Қадиша өз жағдайын өлеңмен айтады:

Қадиша менің атым, әкем – Пазыл,

Жастықта жараспай ма құрған әзіл.

Айдалып бұл съезге келіп тұрмын,

Бетіме айдай таңба түсіп әжім.

Алдыңа келіп тұрмын, Абай – аға,

Бар шығар Сіздерде де мендей бала.

Айдаған кісен салып жиын топқа,

Бар ма еді, бұрынғыдан қалған мұра?

Қыздың әкесі Пазыл жағын, оның құдасы Есболат адамдарын, кісендеген бес жігітті  тыңдағаннан  кейін, Абай шешімін жариялайды:

– Мына Қадишаның басы бос болсын, өзі сүйген Олжабайға барсын.

Пазыл жағы Есболаттан алған қалыңмалдарын қайырып берсін. Бес жігіт кінәлі болса да кінәсіз, олар әдет-ғұрып салтына сүйенген, олардың пайдасына Олжабайдан бір түйе айып кестім. Осымен бітісіңдер.

Сонда Есболат жағы:

– Абайжан, Пазылда мал жоқ, келініміз кетсе де, малымызды кетірмеңіз, – депті. Бұл сөзге Абай:

– Олай болса, мына Олжабай мен Қадишаны жазықсыз ұрып, кісен салған бес жігіт сендердің малдарыңды төлесін, – депті.

Мұндай әділ билікті бұрын-соңды естімеген Олжабай мен Қадиша бостандық алғанына ризалығын білдіріп, қуанғаннан көздеріне жас алып, Абай ағасының алдында тағзым етіп, жөндеріне жүріп кетеді.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
8 жыл бұрын 15896
2 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144