Сығанның сызып берген жолыменен
Сығанның сызып берген жолыменен

Алған емес осы бір қала тыным,
Вокзал басы.
Ел деген – қарақұрым.
Сыған отыр, астында – сынық тақтай,
Астына алып баласын қанатының.

Қолында ма, бар елдің болашағы?
Сыған отыр.
Кәсібі – бал ашады.
Біреулердің көңліне көктем сыйлап,
Төндіреді біреуге – қарашаны.

Сағыныштың сарнатып сары атанын,
Армандай ма, бақыттың дара таңын?
... Сары көйлекті мына бір сүйріктей қыз,
Тосады кеп сығанға алақанын.

Сүйрік-қыздың тыңдап ап сұрағын кіл,
Сөйледі ол кеп.
Сөзіне құлағың түр.
-Бір жағыңда – қайғының қайраңы да,
Бір жағыңда – бақыттың бұлағы тұр.

Қайғының кер бестісін тұсадың да,
Бойыңды беріп жүрсің күш- ағынға.
Шаттықтың шарабына мас болуда,
Сүйгенің
бір сұлудың құшағында...

Үркіпті бақыт құсы қас-қабақтан,
Жазды ұмыт. 
Енді ылаңын бастар ақпан.
Бұл қала бола алмайды қуанышың,
Іздей бер бақытыңды басқа жақтан.

... Тағдыры бергені ме сорына – дем?
Бойына сосын ... ие болып әрең,
Сүйріктей сүйкімді қыз кете барды,
Сығанның сызып берген жолыменен…

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 лет назад 3540
1 комментарий
  • Осылай адасады қанша жастар,
    Жүрекке босқа олар салмақ тастар.
    9 лет назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144