Тартса етектен наласы,
Бейнетіне төземін.
Пейіліндей – даласы,
Қазақ елі – өз елім.
Ойы терең теңіздей,
Халқым менің – ең дана.
Қазағымның ең ізгі,
Екінші аты – кең дала.
Тарихына қарасаң-
Тәттісінен тұзы көп.
Тәуелсіздік, санасаң,
Қасиет пен құдірет.
Өзегімді тілгілер,
Өткен күннің өкпегі.
Еркіндігім-бір күлер,
Көңілімнің көктемі.
Сілкір көңіл тозаңын,
Сыр ұғарсың таңынан.
Қазағым – ай!
Өз арын,
Биік қойған жанынан.
Әділдік боп – ұраны,
Тұратұғын тау – мүсін.
Адалдықтың тұрағы,
Қонақтатқан таң құсын.
Жалған сөзді айтпаған,
Намысшылдық, мәрттігі.
Беті жаудан қайтпаған,
Батырлығы – шартты ұғым.
...Тартса етектен наласы,
Бейнетіне төземін.
Пейіліндей – даласы,
Қазақ елі – өз елім!..