Қара қылды қақ жарған Қарлығаш би
Қара қылды қақ жарған Қарлығаш би

Табиғи бар болмысымен, әділдігімен Қарлығаш атанған бидің бар ғұмыры, билік еткен дәуірі қазақтың өмірімен, дала тыныс-тіршілігімен етене байланысты. Содан болса керек «Бүтін билікке Төле би жеткен» деген ұлағатты қағида ғасырдан-ғасырға ұласып, ұрпақтарға үлгі-өнеге болып келеді.

Төле бидің өмір жолына көз салсақ, ол 15-20 жасында-ақ билікке араласып, зеректігімен, алғырлығымен, шешендігімен танылған. Қара басының емес, қара халықтың қамын жейтін ерекше қасиетімен дараланған. Ол жастайынан мұсылманша оқып, сауат ашады, халқымыздың ақындық-шешендік өнерін жетік меңгереді.

Мемлекеттің ішкі және сыртқы билігіне, қоғамдық маңызы бар істерге араласып отырған. Мәселен, қазақ пен жоңғар хандықтары жерге таласып, арты бітпес дауға айналғаны тарихтан белгілі. Бұл оқиға қазақ хандығының ыдырай бастаған кезеңіне тұспа-тұс келеді. Яғни, шамамен 1717 жылдары Тәуке хан дүние салғаннан кейін, қазақтар жоңғар басқыншыларына уақытша тәуелді болады. Алайда, оларға сырттай алым-салық төлеп тұрғанымен, елдегі ішкі билікті ел басылары мен билер өз қолдарына алады. Төле би асқан парасаттылығының арқасында қалың бұқараны жаппай қырғыннан аман сақтап қалуға көп еңбек сіңіреді.

Көптеген деректерге қарағанда, Абылайдың сұлтандық тұғырға көтеріліп, таққа отыруына да Төле би тікелей ықпал еткен.

Төле би Қазыбек Келдібекұлымен және Әйтеке Бәйбекұлымен бірге Әз-Тәуке ханның басты кеңесшісі болды. Тәукенің Түркістан қаласын Қазақ хандығының орталығы жасап, елді бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп, біртұтас Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар-ойрат шапқыншыларына қарсы бауырлас қарақалпақ, қырғыз және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларын жүзеге асыруға белсене атсалысады.

Сол сияқты Төле би бабамыз Ресеймен қарым-қатынастарды қалыптастыру және оны нығайту ісіне белсене араласқан. 1749 жылы Орынбор өлкесінің губернаторы И. Неплюевке жиені Айтбай бастаған елшілерді жібереді. Губернатор И. Неплюев 1749 жылғы 26 қыркүйекте Төле биге жолдаған хатында қазақтардың Ресейге қосылу ниетін мақұлдап, екі ел арасындағы сауда-саттық байланыстарды дамытуға күш салуын өтінген.

Қазақ хандығы ыдырап, соны пайдаланған жоңғар хандығы жойқын қолмен шабуылға шығып, қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыратқан кезде Төле бидің басшылық, шешендік дарыны айқын көрінді. Ол Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек және Жауған, Ханкелді, Өтеген атты қазақтың ержүрек батырларымен бірлесіп, халық майданын құрып, азаттық күресін басқарды. Қазақ жерлерін басқыншылардан азат етуге күш салды.

Төле би өзі билік еткен Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісін жүзеге асырды. Мәселен, оның басшылығымен (ХІІІ ғасырда салынған) Ескі Ташкент қаласындағы ғажайып кесене осы күнге дейін сақталған. Халық оны Төле бидің құрметіне Қарлығаш би кесенесі деп атап кеткен.

Аңызға сүйенсек, Төле орта бойлы, сымбатты, нұрлы кісі болған. Әулие-Ата маңында дүниеге келген. Ташкент төңірегінде, Жиделібайсын жерінде, Сыр өзені бойында көшіп-қонып жүрген. Соңғы қонысы – Шыназ шаһары (Ташкенттің бұрынғы атауы), сол жерде қайтыс болған. Сүйегі Ташкенттегі Шахантәуірде, мешіт түбінде жерленген.

Төле бидің әсіресе, 1723 жылғы жоңғар-қалмақ шапқыншылығы тұсында шын мәнінде атажұртты жаудың талан-таражына салудан аман алып қалуға, тұтастық, бостандық үшін бар күш-жігерін салғаны тарихи деректерден аян. Ел ішін алауыздық жайлап, Әбілқайыр, Барақ, Қайып, Сәмке, Әбілмәмбет, т.б. хандыққа, билікке таласып жатқанда, бірлікті, татулықты сақтауды мұрат тұтып, халықты елін, жерін қорғауға жұмылдыруға көп үлесін қосады.

Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Төле би өз кезеңіндегі белгілі батырлар мен билердің бірқатарына келелі кеңес беріп, олардың көпшілік алдында абырой-беделінің артуына қолғабыс жасаған. Атақты батыр әрі шешен Шақшақұлы Жәнібек Төле бидің ақыл-кеңесіне жүгінгені бұған дәлел. Төлені үзеңгілестері – Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке билер де сыйлап, аға тұтқан.

Жалпы, әлсіздерге болысу, қиянатқа қарсы тұру, әділ болуды – адамдық, азаматтық парызы санағандықтан болар, халық жадындағы Төле би – ел қамын жеген үлкен ойшыл, гуманист және қазақ халқының өзге көршілес, тамырлас, тағдырлас елдермен туыстық, достық қарым-қатынаста болуына білімі мен біліктілігін жұмсаған біртуар дана тұлға.

Қазақ халқының Төбе биі атанған Төле Әлібекұлы ел ішіндегі алауыздықты емес, бейбітшілікті, бірлікті орнықтыруға күш салды, басқа елдермен ынтымақ пен мәмілегерлікті мейлінше жақтады. Оның есімі ежелгі Афин шешені Демосфен мен Рим шешені Марк Туллий Цицерондармен қатар аталады.

Төле би бабамыз артына үлгі-өнеге, өсиет сөз қалдырған, өзінің даналыққа, тапқырлыққа негізделген әділетті билігімен халық құрметіне бөленген, ойлы, ұстамды, көркем сөздерімен халықтың ауыз әдебиетін дамытқан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің сақталуына мұрындық болған дарынды шешен, ел бастаған көсем, дара тұлға.

Сіздердің назарларыңызға данагөй Төле бидің елді аузына қаратып, шешім шығарған оқиғаларының бірін ұсынып отырмын.

 

Бота дауы

Әлібек ең сүйікті ұлын Төлені – малға салғанын, оның себебін айттық, Төле қой бағып жүргенде қасынан суыт жүріп бара жатқан қос аттының бірі:

– Әлібек би қартайыпты. Әділдігінен айныпты, – деп қасындағыға ренішін айтқанын естіп қалады. Төле жүрісін тездетіп, әлгі кісілерді қуып жетіп, сәлем береді. Сол бойда:

– Әкемнің билігіне наразы секілдісіздер ғой? – деп сұрайды.

– Наразымыз балам. Әкең әділ билік айтпады, – дейді әлгі ренішін айтып бара жатқан мосқалдауы.

– Ендеше сәл сабыр етіңіздер. Әкемнің алдына барайық. Әділдікке жетейік? – деп қолқа салған соң әлгілер Төленің кім екенін сезеді де, қайта келеді. Келген бетте Төле:

– Әке, билікке дауласушы екі жағы да риза болуы керек. Әйтпесе ол әділ билікке жатпайды. Жеңілген де, жеңген де шындықты мойындауы тиіс, – деген соң Әлібек билікті тағы да Төлеге береді.

Төле таластың мәнін сұрайды. Сонда дауды бастаған кісі бота кезінде жоғалтқан түйесін қасындағы керуен жүргізген кісінің түйелерінің арасынан танығанын айтады.

– Бұл өтірік айтып тұр, – деп керуен басы да өзіне шаң жуытпайды. Өзінің аруанасынан туғанын дәлелдейді.

– Қазақта «тапқан қуанады, таныған алады» деген мәтел бар. Сіз таныдым деп тұрсыз. Соның мәнін айтыңызшы? – деп «ботасында жоғалтқаннан» сұрайды.

– Менің айтарым, аруанам-маям боталар кезінде бошалап кетіпті. Бір апта бойы іздеп, тау баурайынан таптым. Жануар маям боздап қос көзінен жасы моншақтап, арлы-берлі кезіп жүр екен. Ботасын шала туса да, қасқыр жесе де, мая қан-жыны тамған жерден ұзамай, өлікті иіскелеп немесе қан тамған жерді айналшақтап жүруі керек еді. Безіп жүргеніне қарап, ботасын біреу алып кеткенін білдім. Сонан бері бейсауат жүргіншіге, көрінген түйеге көз салумен келемін.

Төле ойланып қалады да:

– Сол танып тұрған бұрынғы ботаңыздың (кәзіргі түйенің) енесі бар ма? - деп сұрайды.

– Бар, – деп жауап береді даулаушы.

Төле түйекешке сөз береді.

– Өз маямның – аруананың ботасы екеніне күмәніңіз болмасын. Мынау маған жала жауып отыр.

– Енесі бар ма, мына кісі даулап тұрған түйенің? – деп Төле үлкен тәжірибелі шаруақор кісі секілді сұрайды.

– Иә, ол не дегеніңіз, мая – аруана тірі, – дейді түйекеш сәл сақтана сөйлеп.

– Ендеше екеуіңіз де маяларды алдырыңыздар? – деп бұйырғандай қатаң талап қояды. Қаншама дүйім жұрт алдында ұятты болмас үшін екі даугер де айтқанын істеуге уәде береді.

Сол-ақ екен елдің көзінше қарулы жігіттерге әлгі бесті атанның тақымына қыл бұрау салып, бұраңыздар деп өтініш жасайды. Еңгезердей жігіттер атанды шөгереді де, айтқанын істейді. Бұрау жанына батқан атан боздағанда «бота кезінде жоғалттым» деген даугердің маясы көзінен жасы парлаған бойда, бұйдасын жұлқа тартып, атанның үстіне түсе қалады. Иіскелеп, қасына шөгеді. Ал, түйекештің маясы басын бір көтереді де, шөптерді қарпи асап тұра береді.

– Мына мая – атанның шын анасы екен. Бұған дау болмаса керек. Кәні, айтар уәжің бар ма түйекешім, – деп керуенбасыға шаншылады. Оған ел сөз бермейді.

– Төлежан, бұған кім дау айта алады. Жануар маяның өзі әділдігін айтып тұрған жоқ па?

– Көңіліміз енді тынды ғой.

– Осы секілді сөздерді бөліп, Төле түйекешке былай дейді:

– Ал саудагерім, мынау мая хайуан да болса халық алдында әділдігін көрсетті. Атанның кімдікі екеніне елдің көзі жетті. Күнәні мойындау – қылмыскерге берілетін жазаны жеңілдетеді. Халыққа шындығыңды айт! – деп өкім жасады.

– Саудагер амалсыз ағынан жарылды:

– Осыдан бес жыл бұрын қайтып келе жатқанымда жапан түзде, тау етегінде боталаған маяны көрдім. Бота әлі аяқтана алмай тұрып-жығылып жатыр екен. Түйені алсам ұры атанам. Сіңіре алмаймын. Жолда ел көреді. Ал ботаны алып кетсем ешкім білмейді. Алашаға ораймын да қомның үстіне таңа саламын. Бір екі жылда түйе қатарына қосылады. Бұл аз олжа емес. Осылай ойладым да, сайтан түртіп алып кеттім. Ақыры егесіне бұйырды. Кешесіздер ме, жазалайсыздар ма өздеріңіз білесіздер. Қолмен істегенді мойныммен көтеруге әзірмін, – деп бүгіліп отыра кетіпті. Саудагер сырын түсінген ел «төрелігін Төленің өзі айтсын» дейді.

Сонда бала Төле былай депті:

– Ботасын жоғалтқан кісі дүниені еңбекпен тауып еді. Мұның беті жарық болып тұр. Ал түйекеш – саудагер еңбексіз тауып, жұртты алдап, тегін тауып еді. Енді мұның беті шарық болып тұр. Бұл оқиға кейінгі ұрпаққа үлгі. «Ұрлық түбі – қорлық деген осы. Халық алдында масқарасы шықты. Сүйегіне таңба басылды. Беті күйіп, шарық болғаны да жетеді. Бұдан артық жаза жоқ. Бар, жөнел»,  – депті.

Бала бидің әділдігіне ел шын риза болыпты.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
10 лет назад 15070
3 комментария
  • Мазмұнды да, қызықты мақала екен! Рақмет!
    10 лет назад
  • Бота дауы оқиғасы да қызықты екен. Неткен тапқырлық, әділдік десеңізші.
    10 лет назад
  • Рахмет! Ақиқатында, дала (көшпенділер) заңынан ешкім аспаған. Немесе аузын айға білеген, от ауызды орақ тілді би-шешендеріміз " дауды екі ауыз-ақ" сөзбен түйіндеген. Айналып келгенде тапқырлық, даналық деген осы.
    10 лет назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144