Деді Дүние: «Қадірімді білсе кім, Қабіріне қоямын мен гүл шоғын». Мақтанды Аспан: «Мың сан шырақ жақтым» деп, «Бақытыңды сол арқылы таптың» деп, Махаббат та сонда былай уәж етті: «Адам үшін тек мен ғана қажетпін». Ақырды Ажал: «Болма, - деп, сен босқа алаң, Өміріңнің қайығын мен басқарам».
Рабиндранат Тагор
Өмір-осы, алды-жөн,соңы-мұңды,
Толқытады теңіз боп көңілімді.
Дүр-дүние ілесіп дүрмегіне,
Жалау етіп жүрмін бе өмірімді?
Тұлғаларын қай қоғам елеп еді?
Тышқан-тірлік.
Кемірген керегені.
Алақанда ұстаған алты Алашын,
Абыздарым біздерге не деп еді?..
Сырды бүкпей жүрсең де тағылымды,
Біле алдым ба, дүние, қадіріңді?
Паңданамын несіне, пенде басым,
Гүлге орардай біреулер қабірімді...
Шараяғын ұсынбай шалқар үміт,
Аспаным тұр төбемде аңтарылып.
Көкке көзін сатады көлеңкеде,
Қарагерім, кермеде қаңтарылып.
Аспан, аспан!
Сен жаққан шырақтардан,
Сәуле көргем...
Бүгінде жырақ қалған.
Киік-көңіл шөліркеп су іздейді,
Быршып тұрған батпағы бұлақтардан.
Саған, аспан, ұқсайтын сарай бар-ды
Жүрегімде...
Ол бірақ құлап қалған.
Шырақ-сәуле тұрады менің үшін
Жауапсыз сұрақтардан.
Бақыттының тұр еді атап атын,
Мені көріп тіл қатпад махаббатым.
«Бақ қонғандар» тізімін қарасам ба,
...Зауқым жоқ тақалатын...
- Қақпа қаққан Ажал ма?
Айтады не?
- Ә, солай ма...
Кейіндеу қайтады де.
- Тостағаның қандай ед қолыңдағы?
- Талқан толы және өзі... жайпағы де..!