Отан үшін от кешкен...
Отан үшін от кешкен...

Зұламат соғыс. Осы бір шағын тіркесті айта қалсаң көз алдыңа әлемнің ауыр қасіретін жайып сала береді. Нұрлы күннің жүзін қара бұл торлап, жасыл желек емес, қызылға боялған атырапта естен адасқан адамзаттың болмысы әлі күнге жадымызда жаңғырып тұр. Одан әрісін айтуға, батылдық керек. Күш-жігерімме жүген салып, осыдан 70 жыл бұрынғы тарихтың сарғыш тартқан парағын ашып, құнды деректерді саралап отырмын...

 Астан – кестені шыққан дүние. Атылған зеңбіректен, қисапсыз атылған оқтан, тау болып үйілген жансыз денелерден жеріген Жерананың көзіне тікке қарауға менде дәрмен жоқ. Әрісі, жазылған осы бір шағын хаттыма леп белгі қояр жер таппай бармағымды шайнап отырмын. Шырғалаңы мол соқпақ жол таусылар емес. Әнебір шаңырақта шашын жайған ана кеш бата жолға шығып баласын күтуде, енді бірін де шайқалған бос бесіктер, арғысында мұржасын тот басқан, аузы-мұрны шегеленген үйлер. Енді бірі екі аяқтан, екі қолдан айыралған, тағдыры арбаға таңылған мүгедектер. Осы бір дәуір қасіретін арқалаған шақ 1941 жылы еді.

Осы екінші дүниежүзілік соғыста елу миллион аса адам қаза тапқан, оның ішінде жиырма жеті миллионы Кеңес Одағының азаматтары болатын. Бұл Бұрынғы Кеңестер Одағы үшін – Ұлы Отан соғысына айналды. Себебі кеудесін оққа тосқан жауынгерлер ғана емес, барша  халық жұдырықтай жұмылып, Отан үшін от кешті. Осындай жанқиярлықтың арқасында әлем  жауыздықтан құтқарылды.

 Кіндік қаны тамған, ұлан-ғайыр жер қашанда әр елдің ата қонысы емес пе. Барға қанағат қылмай, өзгеннің жеріне көз аларту ашкөздіктің белгісі. Осы ұғымнан ойсыз бәсеке-билеп төстеген жамандық атаулының бәрі өрбиді. Содан болар өзімшілдіктен өрбіген фашистердің қара ниеті қазақ елін де толассыз ақыретке орады. Сол жылдары қазақ жерінен бір миллион алты жүз мың адам майданға атанып, оның тең жартысы елге қайта оралмады. Алайда баршамыз 1941-1945 жылдар аралығында қазақстандық даңқты жауынгерлер Мәскеу түбінен бастап Берлинге дейін жаумен күрескенін білеміз. Сан ғасырға бергісіз осы бес жылдың ауыр жүгі еліміздің арқасына қатты батып,  еңсесін түсіріп жіберді. Осы жылдары қазақстаннан  25 дивизя мен бригада, әр түрлі әскер түрлерінің 50 полкі мен  батольондары жау тылына аяусыз соққы берді. Олар Ленинград, Сталинград пен Курск доғасынадғы және басқа да жерлердегі шайқасқа белсене қатысты. Осы сап түзеген  айбынды жауынгерлердің арасында Отан үшін қасық қаны қалғанша күрескен Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітов Балташ Омарұлы да бар еді...

Балташ Омарұлының ғұмырнамасына көз салсаң, тәттісінен тұзы көп тарамдалған жолдар тәлкегіне тап боласың. Арада сан жылдар өтсе де ұрпаққа ізет жол қалдырған азаматтыңесімі ел жадында жаңғырып келеді. Талай соқпақтардан сүрінбей өтіп, «Адам» деген ардақты атқа кір келтірмей ғұмыр кешудің өзі кез-келгенің еншісіне бұйырмаған үлкен бақыт. Міне, осы сындарлы өмір сапарына өзі үшін емес, халқы үшін өмірін бәйгеге тіккен, әрдайым тынымсыз тірлік пен мызғымас бірлікті ту еткен ғибратты ғұмыр иесі – Балташ Сейітов. Оның айқын дәлелінің бірі омырауына таққан «Отечественной войны І степени», «Қызыл Еңбек Туы» ордендері мен «За боевые заслуги», «За освобождение Белоруссии», «За взятие Берлина», «За победу над Германией ВОВ 1941-1945 гг.», «За ратные подвигий» медальдері.

Осынау ғұмыры болашақ ұрпаққа аңызға айналған жанның шәкірттері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының экс-төрағасы М.Ф.Малахов, Жоғарғы сот Президумының Хатшысы  болған Қ.З.Жүсіпов, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрі лауазымын атқарған М.Т. Берсенев, Қазақ әскери комиссары Б.Х.Ярмухамедов және бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары И.Д. Меркель, Ақмола облыстық сотының отставкадағы  судьясы, М.Ғибәділов сынды азаматтар ел тізгінін қолға алған, өнегелі азаматтарға айналды.

Балташ Омарұлы Сейітов 1924 жылы 10 қазанда Көкшетау облысы, Чкалов ауданы 2 Октябрь ауылында дүниеге келген. Ең алғашқы рет Ақкөл аудандық жетіжылдық орта мектебінің білімін татып, одан соң Степняк қазақ орта мектебіне ауысады.Сол жылдары қанды майдан соғыс басталып, ұйыған  ауыл берекесін қашырады. Ел ішіндегі ес біліп, хат таныған азаматтар соғыс тылына атанып кете барды. Ауылда бас көз болып қалған азаматтар саусақпан санарлық еді. Өмірдің оңды-солын танып үлгермеген балаң Балташтың тағдыры тосын сынақтардан басталды. 1941 жылы тамыз айында небары он алты жаста ауылдық кеңестің хатшысы болып тағайындалады.

1942 жылдың жаз айында Көкшетау облысының аудан орталығы  Красноармейскіден (бүгінде Тайынша кенті) Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, 18-дивизиясының 166-шы және 179-шы атқыштар полкінде Орал, Свердловск, Нижний  Тагил, Молотов және өзге де қалаларда қызмет атқарды.   

Арада екі жыл өткеннен кейін, яғни 1944 жылдың бас кезінен бастап 1945 жылдың наурыз айына дейін Ленинград маңындағы Волхов қаласында жасақталған ІІІ-Прибалтика майданының 105-атқыштар полкінде қызмет етеді. Бұл аты шулы қолбасшы Г.Жуковтың басшылығымен 105-ші Ригалық полк та фашистердің қарсылығына қарамастан бір шептен екінші шепті талқандап Одер өзенін кешіп өтеді. Оның алдында Бауырлас Беларуссияның Гродно, Баранович қалаларын азат етті.  Осы полктың қатарында жүрген жауынгер Прибалтиканы жаудан азат етуге бар күш-жігерін салды. Ақыры «Рига операциясына» қатысып, «Көп түкірсе көл болады» демекші, жұдырықтай жұмылған қолдың арқасында «Риганы азат етті».  Осы жасаған ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің  1944 құрметі атағы берілді. 1944 жылдың қараша айынан бастап полк Белоруссия аумағын  азат етуге, неміс әскерлерін жоюға атсалысты. 1945 жыдың бас кезінде 105-Рига шекарашылар полкі 1-Белорус  жасақталған майданы  (қобасшы Маршл Жуков) құрамында Германия аумағына кірді және сәуір айында  Берлин қаласының түбіне келіп жетті.

1945 жылдың 2-ші мамырында Балташ Омарұлы Сейітов Берлинді алу үшін қанмайданды ұрыстарға қатысты. Полк жау аумағын азат еткен   Кеңесс әскерлерінің қатарына өтіп, ол онда 1950 жылдың шілдесіне дейін  қызмет атқарады. Сол жылдары майданда аяғынан жараланып, ауыр жарақат алады. 1945 жылдың мамыр айында полк Берлин қаласының Бабельсберг штатында Германияның сөзсіз берілуі туралы актіге қол қоюы кезінде  фашист армиясының жоғарғы  шенді тұтқындарын күзетуді қамтамасыз етеді.

Әскерден қайтқаннан кейін Чкалов аудандық партия комитетінде нұсқаушы «Восточный «кеңшары комитетінің  хатшысының қызметін атқарады.1958-1962 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақстан  Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебінің  тыңдаушысы болып қызмет атқарады. Осы  жылдары аталған  оқу орнын үздік аяқтайды.1972-1985 жылдары Қазақстан Компартиясы Көкшетау облыстық партия комитеті әкімшілік және сауда – қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Облыстық партия комитетінде қызмет атқарған кезеңдері Мақаншы шекарашылар отрядына қамқорлық көрсетуге белсене ат салысады.

Осындай Отан үшін от кешкен  жанның аяулы жары, өмірлік серіктестігі Рәш Сәниқызы да Қарағаш ауылының қарашадай қызының бірі болатын. Рәш апамыз елге есімі мәлім еңбекқор, кезінде  сонау Мәскеудегі ВДНХ-ға қатысып, арнайы сыйлық алған Сәни атамыз бен Шәкен анамыздың алақанға мәпелеп салып өсірген жалғыз қыздары еді. Сұрапыл соғыс жылдары Балташ ағамыз бен Рәш апамыздың көңілі жарасып, жүректері бір арнада соқты. Ақыры Рәш апамыз сертінде тұрып, Балташ ағамызға деген адал махаббатын дәлелдеді. 1950 жылы Балташ Омарұлы Рәш апамызбен шаңырақ көтереді. Бүгінде сол ұлы шаңырақтан алты бала дүниеге келді. Ұлағатты отбасынан 12 немере, 11 шөбере қанат жайды.

Балташ Омарұлы Сейітов жайында аса толғаныспен сыр шерткен шәкірттерінің бірі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының экс-төрағасы Михаил Малаховтың қызықты әңгімесін аса шеберлікпен былай өрбітті.

«1972 жылдың қаңтар айы. Көкшетау қаласы. Сол кезде облыс орталығы, барак типіндегі темір жол вокзалы, елеусіз аэровокзал, ескі қонақ үйі. Кейін  жиырма жыл ішінде  облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары Е.Н. Әуелбеков пен М.Р.Сағдиевтің басшылық етуімен Көкшетау қаласының бейнесі мен мәртебесі де өзгерді. Алақандай қала аз ғана уақыттың ішінде гүлденіп шыға келді.

 Алайда мен осы жылдары Свердлов заң институтын тәмамдаған жас маман ретінде Көкшетау облысының сот саласына жіберілдім. Облыстық сотты он сегіз жыл бойы Б.О.Сейітовтің құрдасы әрі жақын досы, Қызыл аримяның офицері, Ұлы Отан соғысына қатысқан, батареясы Берлинді батыл шабуылмен алған облыстық сот төрағасы Николай Иванович Петров басқарған болатын. Оның мықты басшы, кәсіби де білікті  заңгер екенін барша халық мойындайтын. Сондықтан да Н.И.Петровтың Әділет министрінің орынбасары және Қазақ КСР Бас Прокурорының орынбасары жоғары лауазымдарын атқаруы кездейсоқтық емес еді. Осы  азаматтың аузынан Балташ Омарұлы Сейітовтің есімін алғаш  естідім. Чкалов аудандық партия комитетінен облыстық партия комитетіне әкімшілік және сауда-қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі болып ауысып келді. Балташ Сейітов Ұлы Отан соғысына қатысқан орден иегері, Шпионажға, тонаушыларға, сатқындар мен опасыздарға қарсы ымырасыз күрес жүргізген СМЕРШ органында қызмет еткен.

1950 жылға дейін Балташ Омарұлы жауынгерлік әскерде болды. Ақыры отан алдындағы борышын адал атқарып,  еліне оралады. Сол жылдары партия жұмыстарына белсене араласады. Мен облыстық сотта төрт жыл жұмыс істедім. 1976 жылы Балташ Омарұлы мені сұхбат құру үшін  өзіне шақырды. Әңгіме барысында ол кісі мен жайында біраз мағлұматқа қанық екен. Сөйтіп аяулы азамат маған облыстық партия комитетінде өзінің бөліміне нұсқаушы болуды ұсынды. Маған жүктелген міндет өте ауыр болатын. Ең бастысы партиялық басшылық ету ісінде қылмысқа қарсы күресті ұйымдастыратын жауапты ретінде бөлімнің маңызды және ерекше рөлі, қоғамдық тәртіпті, қорғаныс қабілетін нығайту, құқық қорғау органдарының бүкіл кадр құрамының партиялық және мемлекеттік жауапкершілігін арттыру мәселесіне араласуыма тура келді.

Б. Сейітовтің басшылық етуімен әкімшілік органдар бөлімінде төрт жылдан астам уақыт қызмет жасадым. Осы жылдар ішінде Балташ Омарұлының бойындағы асыл қасиеттерді бойыма дарытуды мақсат тұттым. Өмірлік тәжірибемде қылмыстың алдын-алу шараларын және партия құжаттарымен жұмыс істеуге дағдыландым.

Әлі есімде ең бастысы Балташ ағамның алдында  қылмыстың ізін кесу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау сынды мәселелер қордаланып тұратын. Өзінің іскер басшылығының арқасында қандай жұмыс болса да жеңін түріп кірісетін.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарының кадрларын іріктеу мен орналастыруға аса мән беретін. Сондықтан облыстық партия комитетінің номенклатурасына аудандық және облыстық деңгейдегі құқық қорғау жүйесінің барлық басшылары енді. Сол жылдары кадр іріктеу мәселесінде де қырағылық танытып, бойында жұмысқа ерекше қабілеті бар адамдарға демеу болды. Балташ ағамыздың ұсынысымен құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкерлері, яғни Жоғарғы СОТ Президумының Хатшысы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары болып  К.З.Жүсіпов, ҚР Ішкі істер министрі лауазымына М.Т.Берсенев,  Қазақ әскери комиссары болып Б.Х.Ярмухамедов, қазіргі кезде ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары.И.Д.Меркель сынды азаматтар үлкен белестерді бағындырды.

Тағы бір ерекше қасиетінің бірі Қызыл Армияның барлық қару түрлерін қолдануды жақсы меңгерген. Екі қолымен кез келген нысанаға дәл тигізіп, мүлт кетпес мергендігімен ерекшеленетін. Балташ ағамыз осындай күрделі операцияларға белсене қатысып жүріп, ауыр жарақат алады. Осындай күрделі де аса жауапты шараларда жүлделі орынға ие болып, көпшілікті қуантатын еді» - деп үлкен толғаныспен сөзін аяқтады.

 Өмір жолының үлкен асуын еңсерген  Михаил Малахов Балташ ағамыз жайында сыр шерткенде көзіне еріксіз жас алды. Жетпіс жылдық ғұмырында өнегелі ісімен баршамыздың жадымызда мәңгі сақталып қалатынын  тағы бір ыстық ықыласпен есіне алды.

Сондай-ақ, отбасында Рәш апамызбен алты бала тәрбиелеген аптал азамат жайында Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы, бүгінде осы аталған соттың ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Ғибәділов те өз пікірін ортаға салды.

«Әрбір адам, өзінің тағдырында жанына жақын, көңіліне шынайы дем беретін адамдарды кездестіреді. Осындай асыл азаматтардың бірі Балташ Омарұлы Сейітов,  Мәулетбай Кәрімұлы Кәрімов, Меркен Исаұлы Исин,  Асылбек Жәзиұлы Дәулетов және тағы да басқалары болды. Дана халқымыз «Жазымышыдан озымышы» -деп бекер айтпаса керек. Тағдырдың басқа салғаны шығар сол ағаларымыз келместің кемесіне отырып бақилық болып кетті. Бірақ, олардың бейнелері есімде мәңгілік сақталады. Соның бір жарқын көрнісі ретінде басымнан кешкен оқиғалардың бірін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.  

1976 жылдың басы еді. Рузай аудандық халық сотына судья лауазымына үміткер ретінде табалдырықтан аттадым. Жасым сол кезде небары 27-де еді. Шындығын айтқанда өмірдің оңды-солын ажырата білмеген балаң жігітке судья болу аса күрделі еді. Оның үстіне заңгерлік тәжірибемде аз еді. Жасыратыны жоқ нағыз қобалжып жүрген кезім еді. Содан не керек менің тағдырымды Көкшетау облыстық партия комитетінің тиісті бөлімшесінің басшысы шешеді деген ұсыныс келіп түсті. Көңілім алаңдай бастады, ақыры Көкшетау облыстық әділет бөлімінің қызметкері В.Лопарев деген азамат, қабағын түйіп, көңілімді одан әрі қобалжытты. Жылы сөз айтып жұбатудың орнына, өзегімнен кері итеріп, Көкшетау облыстық партия комитетінің ғимаратына алып келді. В.Лопаревтың осы кері пиғылының төркінін көп жылдар өткеннен кейін бірақ түсіндім. Рузай ауданында тарихи орнығып қалған үлкен ұлттың ұрпақтары екен. Басшылары да сол халықытың өкілдері болыпты. Оның ішінде, аудандық соттың тарихында бір ғана қазақ баласы төрағалық етіп, аз ғана мерзімде қызмет атқарған екен. Одан шығатын кесімдей ой,   судьялыққа үміткер біздің халықтың екінші ғана өкілі екенмін және жасым ол қызметке сәйкес  келмейтіндей болып көрінген. Сыныққа сылтау керек дегендей осы мән-жайларды келтіріп менің судья болуыма қарсы болған Николай Назаров, Н.Борисенко деген және тағы да кейбір ауданның басшылары өре түрегелді.    

Арда біраз уақыт өткен соң облыстық партия комитетінің әкімшілік және сауда мекемелерінің қызметін басқаратын бөлімнің меңгерушісінің кабинетіне мәжіліске кірідік. Үлкен, жарық және сол заманның талабына сай безендірілеген кабинетте біршама адам жиналыпты. Ал сол кабинеттің төрінде жылы жүзді, келбетінен шырай төгілген қазақ азаматы отыр.  Қызуқанды өрбіген жиналыс барысында бұл – Балташ Омарұлы Сейітов екенін аңғардым. Бұрын соңды ол кісі жайында естімесем де, ол кісінің келбеті маған жылулық әсерін сыйлады. Жиналыс барысында, сол кездегі Рузай аудандық атқару комиетітің төрағасы Николай Назаров деген азамат, менің кандидатурамды қаламағаны сонша,тырнақ астынан кір іздеп, ананы –мынаны сылтау қылды. Бір сәтте оны қолдайтын адамдар да табыла кетті. Дабырласқан даудың ішінде не істерімді білмей, әбден даурықтым. Сол кезде Балташ Омарұлы ерекше батылдық көрсетіп, олардың пікірлерін шорт кесті. Сонда Балташ ағамыздың айтқаны: «Отыз жасқа келіп, орда бұзған  жігітті жас деп оны зейнеткерлікке жақындағанда судья қыламыз ба? Бұл не қылығыңыз жолдас Назаров? Ал, дәргерлерге, мұғалімдерге сіздің аудан мұқтаж екенін осы күнге дейн естіген жоқпыз! М.Ғибәділов жолдастың кәсіби деңгейін, адамгершіліқ қасиеттері жоғары деген құжаттармен таныстым. Сіз сол құжаттармен  таныстыңыз ба деп, дүре сұрақ қойды. Сол кезде  Балташ ағамыздың бұл пікірін, мәжіліске қатысып отырған, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәулетбай Кәрімұлы Кәрімов те қолдай кетті. Аяқ асты сөз алған Мәулетбай ағамыз «Жолдас Назаров, М.Ғибәділовтің кандитатурасын аудандық партия комитеті толық қолдайды. Сұрақтарды доғартайық!», - деді.

Міне, осы аяулы екі ағамның ақ батасын ақтап,  табаны күректей 46 жылға жуық сот саласында, оның ішінде судьялық қызметті 35 жыл қызмет атқарып келемін.

Осы ұзақ жылдарда Балташ Омарұлының бойынан адамгершілік және ақиқатты сүйетін ерекше қасиеттерін  байқадым. Турасында  әділдіктің темір қазығы бола білді. «Ұстазсыз – шәкірт тұл», демекші ол кісінің тәрбиелеген заңгерлері еліміздің әр түкпірінде үлкен абыроймен  қызмет атқарып келеді. Ол ағамыздың шәкірттерінің арасында Республиканың Жоғарғы Сотында төраға болған, менің замандасым әрі жолдасым М.Ф.Малахов және басқа да салалардың басшылары бар» - деп сөзін аяқтады. Осындай сырлы естелікке құлағымның құрышы қанып, жазуға қаламымды қамдай бастадым. Сырласу барысында М.Ғибәділов ағамыздың көңіліндегі кірбің сәл қылаң берді. Ең өкініштісі осындай Ұлы жеңістің 70 жыл қарсаңында Балташ ағамыздың өмірден озғандығы көңіл қынжылтты. Әрине, Алланың үкіміне бұйырық жүрмейді.  

Қанша дегенмен ет пен сүйектен жаратылған адам баласының арманы мен мақсаты таусылмайды. Бүгінде осы асыл ағамыздың ұлағатты жолын шаңырақтың тұңғышы Талғат Сейітовте жалғастырып келеді. Данышпан  халқымыз «Әке көрген оқ жонар» - демекші, Талғат Балташұлы киелі Жоғарғы Соттың қабырғасында үлкен абыроймен қызмет атқарып келеді. Сөз соңында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ерлік-елдің қасиеті, жүректілік –жігіттің қасиеті», деген ой орамы оралады. Олай болса Отан үшін баз кешкен, ардақты әкеміздің ерлігін ешқашан ұмыту мүмкін емес. Ендеше, Балташ Омарұлы Сейітовтың  ұлағатты ісі мен тағлымы ұрпақтардың есінде мәңгі сақталмақ. 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
10 лет назад 8263
0 комментариев
О блоге
0
20142 152 281 294 144