Люциферден хат...
Люциферден хат...

АҚШ-тың Детройт қаласындағы шайтанға табынатындар Люциферге (олардың ұғымында ібілістің бір аты саналады – ред.) ескерткіш қойды. Олар ескерткішті жабық сауық кешінде қойды. Аталмыш шараға қатысқысы келетіндер мүйіз бен құйрық жалғап келуі шарт етіп қойылды. Кіргісі келетіндер 25 доллардан төледі. Ал ескерткіштің жанында тұрып суретке түсу үшін одан екі есе көп қаржы төлеуі тиіс болды. Күзеті мықты онда тілшілерді кіргізген жоқ. Ол ол ма, қалта телефонымен кіруге де рұқсат берген жоқ. Ешкімге. Алайда, дін белсенділері бұл сауық кешіне бөгет жасамақ болған екен, полиция олардың жолын бөгеді. Бұл жайында Fox10 TV ақпарат көзі хабар таратты. «Біз қандай дінді ұстанғысы келсе де, олардың құқығына қол сұға алаймыз», - деп түсіндірді тәртіп сақшылары өздерінің бұл әрекетін. Салмағы жарты тоннаға жететін ескерткішті жасауға тапсырыс бергендер қалталарынан 100 мың доллар шығынданған. Ендігі жерде сатанистер ескерткішті Арканзас штатына қарасты Литл-Рок қалалық әкімшілігі орналасқан ғимараттың алдына қоюды ел билігінен талап етпек...

 

 Күні кеше аңғардым, қалдым сосын қуанып:

Ұмыттың да намазды, қу тірлікке жұбанып,

 Ауызға алмай Алланы, көп жасадың күпірлік,

Асыңды ішіп болсаң да, айта алмадың шүкірлік.

 

Мақтан тұтам мен сені... кейде жақсы көрмеймін,

Шаттанар ем, шіркін-ай, деп ойласаң – өлмеймін.

 Жек көретін себебім – Аллаһ сені қолдайды,

Ал, мен үшін тірлікте бұл дегенің – зор қайғы.

 

Ұнатпаймын Аллаһты, қуған мені жәннаттан,

Тірлігімде бұдан соң қандай ғана қалмақ мән?

 Қасиетім артуда, осы күні менің де,

Қойды маған ескерткіш, Америка елінде.

 

Ескерткішті көруге, керек етпей бұйрықты,

Келді сансыз достарым, жалғап мүйіз-құйрықты.

 Айтқаныммен жүргендер, ұмытқандар құранды,

Есімімді көп атап, салады кеп ұранды.

 

Қарсы келіп Аллаға, жасаған көп зияным,

Қолдау тапса сендерден, қалай мұны тиямын?!

 ...Есіңде ме, менімен бірге өткізген күндерің,

Өзгелерді жылатып, кеуде керіп күлгенің.

 

Табанға сап таптап ек, ізгілік пен бірлікті,

Кешіп ек қой екеуміз, екі жүзді тірлікті.

 Шарап ішіп шалқыдық, шегіп алып есірткі,

Иланбадық иманға, мансұқ етіп мешітті.

 

Сол сәттерді ұмытпа, сақта мәңгі есіңе,

Істемесең айтқанды дос боп жүрсің несіне?

Ұрпағыңа үйреткін, алдау менен арбауды,

Сен екеуміз бір жүрген дара жолдан қалмауды.

 

Меніменен, білемін, ғажап өмір кештің де,

Бұл хат жайлы, алайда, айта көрме ешкімге!..

Қалған өмір-тірлікте мына мендей дос таңда,

Кездесеміз, аман бол, өлім бізді қосқанда...

 

 

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 лет назад 3196
0 комментариев
О блоге
0
20142 152 281 294 144