Ерқадірін не білсін, көшіп – қонып көрмеген...
Ер Жәнібек
Мына дала - маң дала,
Бабалардан аманат.
Жанға түсіп сан жара,
Күрсінеді қағанат.
Күрсінеді қағанат,
Торлап көкті қарға мың.
Шақырады жаманат,
Жау қамалап жан-жағын.
Ерке туған ұл едім,
Еркін өскен желкілдеп.
Жақсылыққа құл едім,
Адалдықты сертім деп,
Сөз бергенмін Алашқа.
Қасымда еді қос бөрім.
Шықсам майдан-таласқа,
Жеңісімді тосты елім.
Жауға шаптым ақырып,
Аруағым аспандап.
Дұшпандарым аһ ұрып,
Бастарынан қашқан бақ.
Бас имедім басқаға,
Алмас кездік-намысым.
Жаттым тоқым жастана,
Алашымның ары үшін.
Қарсы келмей сөзіме,
Көтересің еңсемді, ел.
Ер болсам да, өзіңе
Баладаймын, сенсеңдер