Бес бәйіттің мысалдарынан
Бес бәйіттің мысалдарынан

Бір елде патшаның, уәзірдің және саудагердің ұлдарын әкелері, өз еңбектерімен келмеген байлыққа негізделген сауық-сайранын көбейтіп бара жатқаны үшін үйлерінен қуып жіберіпті. Олар күтпеген жерден бастарына түскен тауқыметтен жағдайлары күрт төмендеп, ашығып, тарыға бастағанда саудагердің ұлының есінде әкесі тауда гауһар тастың кені бар деп айтқаны түсіп, соны іздеп көрелік, бағымыз ашылып, жолымыз болар, күн көруді ойлайық деп, қалған екеуі осы ұсынысты мақұл көріп, тауға барыпты. Үшеуі үш асыл тас тауып алып, кері қайтыпты. Жолда гауһар тас ұры-қарының қолына түсіп қалуы мүмкін деп, олар тастарды бір-бірден жұтып алыпты.

Олардың бұл ісін жақын жердегі бір ұры көріп тұр екен, «соңдарына түсіп, орайы келгенде өлтіріп, тастарын аламын деп ойлап, жандарына жақындап: мына қалың орманнан жалғыз өтуге жүрексініп тұрғаным, сіздермен бірге жүрсем бола ма? –келісімдерін алып, үшеудің тобына қосылыпты.

Жолда бір тайпаның қасынан өте бергенде тайпа көсемінің тотықұсы бар екен, сол: «мыналардың ішінде гауһар тас бар» деп сайрап қоя беріпті. Тотықұсына әбден сенетін көсем оларды тұтқындап, гауһартасты беріңдер деп қинапты. Болмаған соң, таңертеңге дейін өз еріктеріңмен бермесеңдер әрқайсыңның іштеріңді жарып аламын деп қамап тастапты.

Түнде жолдан қосылған ұры: «Әншейін бір тас үшін үш адамның жанын аламын деп келе жатып өзімнің жаным алынатын болды, бұл да құдайдың құдыретімен болған тағдыр ісі шығар. Не де болса ертең пышаққа  бірінші түссейін, менен гауһар таппаған соң, мына үшеуін босатып қоя берер. Ал, олар менен бұрын пышаққа түссе, мені де тексеремін деп бәрібір өлтіреді. Ақыры бір өлім болған соң, тым болмаса мен қиянат жасамақ болған  мына үшеуі тірі қалсын» деген тұжырымға келіпті.

Сонымен таңертең ұры бірінші болып пышаққа түсіпті. Одан гауһар шықпаған соң  тайпа көсемі «бейбақтың қанын босқа төктім-ау» деп қатты өкініп, тотықұсты өлтіріп, қалған үшеуін босатып жіберіпті.

Үш жігітке қатты әсер етіпті. Достар енді адал кәсіппен  айналысуға ант байласыпты. Ұзамай істер оңға басып, ата-аналарының мақтанышына айналыпты. Бірақ баяғы ұрының бұлар үшін өз өмірін құрбан еткенін олар естерінен шығармапты. Адал ақшаларына оның құрметіне мінәжатхана ашып, алдына ескерткіш орнатып, ескерткішке мына сөздерді ойып жаздырыпты: «Жалғанда жаман адам болмайды, жаман әдеттер ғана болады. Осы әдеттен арылған қаны бұзық, қылмыскердің  өзі қайырлы іс үшін жанын құрбан етуге барды».

М. Кемелдің ІІ томдық шығармалар жинағынан алынды.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 лет назад 3563
3 комментария
  • абай да осыны айтпай ма, абайдың гуманизмі шығыс пен батысты, керек десеңіз күллі адамзатты қамтыған "адамзаттың бәрін сүй бауырым деп"
    9 лет назад
  • Ия, Саттар аға Рамазан айы мүбәрак болсын! Барлық ниет-тілектеріңіз қабыл болсын! Өте орынды пікір. Абайдың ұлылығы сонда жатыр ғой.
    9 лет назад
  • Дер кезінде түсіну бар, алайда балға түскен ара сияқты адамдардың көбі қанағатсыз боп келеді. Дер кезінде түсінген адамның да тағдыры қиын болады ау деп қалдым. Менің түсінгенім жақсы болам десең сынақтар көбейе береді -ау, жеміс салған ағаш сияқты. Бірақ Аллаға тәуекел етсек, Алла жарыққа шығарар, бұл дүниеде болмаса да ана дүниеде бахытқа кенелтер.
    9 лет назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144