Салтанатын құра берер мәңгілік,
Өмірде бар – заңдылық.
«Жиған малым садағасы – жанымның,
Шыбын жаным садағасы – арымның...»
Бабамыздан бізге жеткен зор мұра –
Ар-ұятта бар мынадай формула:
Шың басында тұрсын десең ар кілең,
Мықты болсаң нәпсіңді жең – алдымен.
Нәпсі деген - өзімшілдік, менмендік,
Нәпсі құлын ашкөздікке теңгердік.
Түсінгенге, жеңе білу – нәпсіні,
Қасиеттің бақ-шыңы.
Танытыңыз естілік,
Өз-өзіңнен есеп алғын кешкілік.
Тіршіліктің ажырамас бөлшегі -
Әр ісіңнің болары анық өлшемі.
Көп көрсең де бұл жалғанның еңісін,
Есте сақта!
Алда сенің – жеңісің.
Көтеретін ер болсаңыз ар жүгін,
Адамдықпен өлшеу керек барлығын...