Автор:
Ішке бүгіп, зар-мұңы мен наласын,
Жалғап өтіп сан ғасырлар арасын.
Тіршілікті тербетеді қара жер,
Алаламай бар адамның баласын.
Көркеуделер көзін ашып қарасын:
Жасырады ол жанға біткен жарасын.
Алақанға салады да жер-ана,
Аялайды адамзаттың баласын...
Жер-ана:
Ақ тілеулер басын жүрер иіп тек,
Адалдықтың түсі неткен сүйікті ед?!
Бауырымда өссе деймін әділдік,
Өтіріктің өркенінен биік боп...
Жаратқанның адалдыққа төлемі-
Алаш-ана берді адамға Төлені.
Тұрған сәтте замананың назы үдеп,
Әділдікпен елді ұйытқан Қазыбек.
Арқа белден, аңызақтан сұраңыз,
Әйтекенің туралығы-бір аңыз.
Әділдіктің кемел ойлы киесі-
Дана билер-қасиеттің иесі.
Ей,адамзат!
Тартып бір сәт ат басын,
Әділеттің қарайлап өт қақпасын.
Келешекте бәйгесінде рухтың,
Құлагерің орға құлап жатпасын!..
Жігіт:
Қасиетіңе қайран қалып қарағам,
О , жер-ана!
Жақсылыққа жараған.
Ізгіліктің жылап аққан жылғасы-
Төрт тарапқа тамырдай боп тараған.
Мойнымдағы тұмар сынды қарызым,
Сені қорғау – парызым!
Жауларымды аттандырып жәҺаннам,
Дұшпанымның аңдып өтем әр ізін.
Маған қиын жағдай емес ол да аса:
Күл қыламын-өз айтқаным болмаса!
О, жер-ана!
Өтелер ме парызым,
Жел өтінде тоңбасам?..
Қыз:
Жаным менің!..
Айтқаныңыз жөн делік,
Сөзіңізден қалғандаймын жөнделіп.
Жер-ананы қиындықтың шелінен,
Құтқарарсың сен келіп.
Қаһармандық-жүректегі қалауың,
Жалындайсың, арда туған алауым.
Адалдықтың арғымағын ертте де,
Әділдіктің биік ұста жалауын.
Жау қашырып, шабам дейсің жыраққа,
Есіл ерім, ұғын мұны бірақ та:
Ер ұлдары ерегіссе төсінде,
Жер-ананың төсі толар сұраққа.
Өртенбей ме өкініштен өзегі,
Өнегесі құйылмаса құлаққа?
Жер-анадай салмақты боп, асылым,
Көзіңді сал, шындық жаққан шыраққа!..
Жігіт: (ойлы кейіпте)
Бұл айтқаның – тірліктегі азығым,
Сенікі жөн, нәзігім!
Қара күшке сеніп алып мен бейбақ,
Айналыппын қаталдықтың қазығын.
Жер-анадан үйренгенім жөн екен,
Мейірім мен әділдіктің әз-үнін...
Жер-ана:
Айналайын,ел қорғайтын нау-тұлғам,
Айныма, осы салтыңнан.
Орын тапқан қойынымнан мәңгілік,
Бабаларың әділдік деп шарқ ұрған.
Адалдық пен ізгіліктен жаралған,
Бабаң аты аңыз болып таралған.
Бар байлығын жиып өткен харамнан,
Із қалмаған сараңнан.
Кейбір жандар кеуде керіп бүгінде,
Ажыратпас адал-арам жігін де.
Жадынан еш шығармасын бар адам,
Қойыныма келетінін түбінде.
Асылдар бар тұтқа болған баршаға,
Қайырымы қаншама?!
Өзі өлгенмен аты өлмеген олардың,
Айтады ұрпақ тамсана.
Дана тарих-сырласым,
Жырлар болса-тектілерді жырласын!
Келешегің құшақ жайып тұрғасын,
Жанарыңда жарқылдаған нұр-жасын,
Бағалай біл, мәрттік ұғым тұлғасын.
Тасысын деп қазағымның бағы ұдай,
Хан Абылай, ақжолтай ер Ағыбай.
Бөгенбай мен Қабанбайдай батырлар,
Бұхар, Дулат ақындар.
Биік ұстай алатұғын еңсені,
Ерге балап жүрем әр кез мен сені!..
Қыз:
Қасиетіңмен қолдадың,
О, жер-ана!
Талай сырды толғадың.
Пенделерге зор бақыт қой сезінсе,
Мына сенің болғаның!
Жүрегіңнен төгілді ғой сыр бүгін,
Айтшы маған туған елдің бірлігін.
Жер-ана:
Мына бес күн тірлікте,
Адамзаттың бар бақыты-бірлікте.
Тіршілікте тәубешіл бол,барлығың,
Барар жерің-бір нүкте.
Талай дана қолдаған,
Тарихты ашсаң-бірлік жайлы толғаған.
Бірлігінен ажыраған елдерде,
Бір тыныштық болмаған.
Баянды боп бірлігің,
Қалықтауда көк аспанда жыр бүгін!..
Жігіт:
Тура жолға бастайтұғын баласын,
Жөн айтасың, анашым!
Бірлік барда әділдік те болмай ма,
Бақыт құсы басымызға қонбай ма?!
Бірлік кетсе-бақ қашады бар елден,
Жолықтырма, жаратқаным, ондайға!..
Автор:
Өткен өмір кейінгіге-жаңғырық,
Адалдықтың үстемдігі-заңдылық.
Адамдарды аялайды жер-ана,
Тербетеді бесігінде мәңгілік...