2015 жылдың қазан айында Сириядағы соғыстан қаза тапқандардың саны 250 мың адамға жеткен. Оның 74 426-сы - бейбіт халық. Қаза болған бейбіт тұрғындардың 12 571-і - күнәсіз сәби.
Өкінішке орай, ешбір саяси күш қаншама бейбіт халықтың жасын төгіп, қаншама сәбидің балалық шағын соғыс отына өртеп жатқан қанды оқиғаларды тоқтата алмай отыр. Есесіне, бар жоғы 9 жастағы Сириядан шыққан Джина Боу Хамдан есімді қыз бір әнімен ғана бүкіл әлемге «балалық шағымды қайтарыңдар» деп, нәзік болмысымен наразылығын білдірді.
Баспасөз материалдарынан.
Көңілдің көк құрағын басып өткен,
Дүние дүр сілкінді, қасіреттен.
Ноқтаға көндіретін пенделерді,
Өмір-ай!
Соңы – күз де, басы – көктем.
Иыққа берген тағдыр теңдеп бәрін,
Үзген кім, тіршіліктің келбетті әнін?
Қос тамшы көзіңізден сорғалайды,
Тарихтың татып көрсең кермек дәмін.
Әуені тектіліктің тына қала,
Күн өтті, жанымызға сына қаға.
... Қайтар деп, балалықтың балғын шағын,
Жылатты бар әлемді мына бала.
Шығыстың бар әлемге мәлім елі -
Сирия.
Сорың қандай қалың еді?
Батып тұр қызыл қанға бейбіт халық,
Атып тұр қанқұмардың жалын демі.
Заманның көмейінен зар шығады,
Ар көзін болған жоқпыз аршып әлі.
Балақан Сириялық, шынашақтай,
Көзінен үзіледі тамшылары.
Мынадай сөзден кейін жай тауып көр,
Балаға бір жауап сөз айталық, кел.
Талабың ауыр екен, Джина қыз,
- Балалық шағым қайда?
Қайтарып бер!..
-Бұл өмір балаларға бағынбай ма,
Балалық шағым қайда, бағым қайда?
Тәтті өмір тәтті түстей табылмай ма,
Бейбіт күн енді бізге сағымдай ма?..
Керек пе, көздің жасын ағытқаным?
Көп көрдім құрбандардың табыттарын.
Өзгенің қолшоқпары болып кеткен,
Ағалар!
Жөнсіз – алған бағыттарың!
Бастан бақ, қолдан тақ неге ауады?
Гүл жауар аспанымнан оқ жауады.
Ғаламат жетеді ғой баршамызға
Адамзат кесірліктен не табады?
Бала шақ!
Көрінбейді елесің де,
Сен маған қайта айналып келесің бе?
Үлкендер шорқақ екен кеңесуге,
Үлкендер шебер екен егесуге.
Тастай боп төбемізден жауады мұз,
Қай жанға қашан тиер сауабымыз?
- Балалық шағым қайда?
Қайтарып бер!
... Сауалға бар ма сіздің жауабыңыз?..