Әйтеке биден қалған сөз
Әйтеке биден қалған сөз

 Әйтеке Байбекұлы – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан қазақ халқының атақты үш биінің бірі, мемлекет қайраткері.Әйтеке бидің шын есімі – Айтық. Оның шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалы тиеді. Жеті жасынан бастап Әйтеке Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның тәрбиесінде болады. Ол алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі  "Тіллә-кари"(Алтынмен апталған), "Шердор" (Арыстанды) медресесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерінен дәріс алып, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шыққан.

Медресені тамамдаған Әйтеке еліне оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды. Ол жиырма бір жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болады. Ал жиырма бес жасында Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлайды. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға айрықша атсалысады. Кейін Тәуке хан "Хан кеңесін" сайлап, Әйтеке бабамыз Кіші жүз атынан осы кеңестің мүшесі болып сайланған. Осы кезеңде Тәуке хан, Әнет баба, Соқыр Абыз, Майлы, Төле, Қазыбек т.б. билердің қатысуымен 1684 жылы атақты "Жеті жарғы" қабылданады. Бұл заңдар жинағы қазақ қоғамында маңызды рөл атқарды.«Жеті Жарғыға»  Әйтекенің ұсынысымен "Сүйек құны", "Өнер құны" баптары енгізіледі. Осыған байланысты өрбіген шағын оқиғаны баяндауды жөн көріп отырмыз.

 1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасында үлкен дау туындайды. Әлі сұлтанның тентек ұлы бір кедейдің сұлу, ақын, әнші-домбырашы қызына «дегеніме көнбедің» деп өшігіп, бір күні қыз қызыл орамал тартып, үйден ұзай бергенде, бүркітін шүйітіп, қастандық жасайды. Бүркіт қыздың басын мылжалап өлтіреді. Ашынған ағайындары төреден құн сұрайды. Әлі сұлтан оларды маңына жолатпай, барған билерді ит қосып қуып жібереді. Ақыры ел арасы екіге жарыла бастайды. Ең соңында құн сұраушылар жағы Әйтеке биге келіп өтініш жасайды. Ол қасына іргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, Байбақты батыры Шоланды ілестіріп, Әлі сұлтанға барады. Әйтекенің айбарынан қаймыққан Әлі сұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Әйтеке қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, "өнер құнын" және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін "сүйек құнын" төлеуді талап етеді. Бұл екі құнның әрқайсысы негізгі құнның жартысына тең екен. Сөйтіп, Әйтекенің қаһарынан қорыққан Әлі сұлтан толық екі құн төлеуге мәжбүр болады. Бұл оның ата дәстүр-салтына жетіктігімен бірге, өнерлі адамға айрықша құрметін көрсетеді.

Тарих деректеріне көз салсақ, үш жүз билерінің небір жайсаңдарының басын қосқан хан кеңесінің жиыны  «Күлтөбенің басында  күнде кеңес» деп аталатын оқиға осы кезеңде, яғни 1684-1710 жылдар аралығында болғаны белгілі. Әйтеке би қазақ халқының басына төнген қауіптің салдары ауыр болатынын болжай біліп, жоңғарларға қарсы елді тұйықтан алып шығатын жігерлі басшы, жас сардарды сайлауды мақсат етеді. Алайда, ол сайланатын адамды хан, төре тұқымынан емес, қарапайым халықтың ішінен табу қажет деген ұсыныс айтады. Тәуке хан бидің пікірін қуаттағанымен, қазақ елін  бөліп билеп жүрген сол кездегі шонжар, шұбартөс төрелер мен сұлтандар  бұра тартып, ханға ырық бермейді. Сөйтіп, Әйтекенің көрегендікпен айтқан ұсынысын қабылдамайды. Ал Әйтеке бидің мақсаты – қазақты үш жүзге бөлмей, басын біріктіріп, алып мемлекетке айналдыру еді.

Жоңғар шабуылы кезінде қалмақ қонтайшысы Сыбан Рабтан  қазақты аяусыз қырып, тірі қалғандарын атамекенінен айырып, қуғындаған. Сонда шұбырған, босқан  мыңдаған адам  аш-жалаңаш, жаяу шұбап, бір көлдің басына келіп, көлді айнала сұлап жатыпты деседі. Әйтеке би осы кезде халықтың жағдайына алаңдап, жоңғар шабуылына тойтарыс беруді ойлайды. Әйтеке бидің 1683 жылы отыз тоғыз жасында Әлім әулеті мен  қарақалпақтардың бес мың сарбазын бастап, Сайрамға жетіп, қалмақ ханы Галдан Бошоктумен соғысқаны туралы деректер де кездеседі.

 Әз Тәуке хан дәуіріндегі қазақ хандығының саяси ахуалын жеңілдету мақсатында Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мәмлегерлік қырынан танылған. ХVІІ ғасырдың 80-90 жылдарындағы Орта Азия хандықтарымен  бейтараптық орнатуда Ұлы және Орта жүздің Төбе билері Төле, Қазыбек бидің Башқұрттар мен Еділ қалмақтарының жаугершілігін тоқтатуда Кіші жүздің әйгілі биі Әйтекенің мәмлегерлік қызметінің рөлі ерекше болды. Ұлы тұлғаның мәмлегерлігі жайында белгілі профессор С.Толыбеков мынадай пікір білдірген: «Әйтеке би ел тәуелсіздігін, бірлігін сақтай отырып, қазақ хандығының Ресей үкіметімен, жұртымен, саяси-экономикалық қатынаста болуын жөн деп санаған. Осы орайда, 1694 жылы Тәуке ханның орыс патшасына  елшілік жіберуінде, ханның сол жылғы орыс елшілігін Түркістанда қабылдауында Әйтеке бидің тікелей қатысы бар деп қараған жөнге келер деп ойлаймыз. Өйткені, Әйтеке бидің қарамағындағы  Кіші жүз  ұлысы Орыс мемлекетімен шекараласып жатыр еді. Тәуке ханның осы ерекшелікті еске алып, Әйтеке бимен ақылдаспауы мүмкін емес. Бұл кезде Әйтеке 37 жастағы танылған тұлға еді. Кіші жүз биі шыңдаған осы бір «орыс саясатын» Тәуке хан берік ұстанған. Оның сыры: шығыс жағынан төнген жоңғарлар қаупімен күресте, батыстағы орыс елімен салауатты мәмлелік қатынаста болудың тарихи қажеттілігінде жатса керек».

Бұқараның ақылды білгірі, қара тілдің дүлдүлі атанған Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Биді халық "айыр тілді Әйтеке" деп атаған. Әйтеке қайтыс болғаннан кейін Нұрата тауы маңын мекендеген төртқара ауылдарының көпшілігі Сыр бойына көшіп кеткен. Ол Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы жөне Шыназ ауылдарының маңында жерленген.

Әйтеке бидің өмірі, елге сіңірген еңбегі, айтқан әділ билігі, шешендік сөздері жас ұрпаққа әрқашан үлгі-өнеге. Халық аузындағы аңыздарда кемеңгер бабамыз дау-дамайды шешкенде сөзін дария түбінен тергендей қылып айтады екен. Содан болса керек «Әйтеке би айтыпты» деген оның жиырма жеті ғақлия сөздері ел аузында сақталып қалған. Әйтеке би қазақ бірлігін қызғыштай қорғаған. Ел бірлігін береке бастауы деп білген, одан ел шоқтығының  биіктігін, азулы жаумен алысқанда алып күшін көрген.

Ел аузында, халық әдебиетінде  аузы дуалы бидің шешендік сөздері мен билік шешімдері кеңінен таралған. Төменде аталған шешімдердің бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

***

 Әйтеке шешен бірде Қаздауысты Қазыбекке келіп сәлем береді. Бұл Әйтекенің  әлі жастау кезі болса керек.

-Уа, бала!  Атадан жақсы ұл туса – елдің туы болады, жаман ұл туса – соры болады деуші еді. Соның қайсысы боласың ? – дейді Қазыбек.

- Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болады, шиырлының кәрісі қартайғанда қазба болады деуші еді? - дейді Әйтеке.

- Иншалла, қазынамыз, - дейді Қазыбек.

– Ендеше, біз елдің туымыз! –дейді Әйтеке шешен.

 ***

Тарихи деректерде әз Тәуке хан осы атақты билерді «Жеті жарғыны» қабылдағаннан кейін сынамақшы болып, қайсысы қандай жауап берер екен деп тіл қатады.

-Дауға билік айтқанда, алдымен жасы үлкеннің бастауы, жасы кішінің  қоштауы  жөн бе, әлде жасы кіші бастап, жасы үлкеннің қоштауы жөн бе?

Сонда ұлы жүз биі Төле:

-Төбеде тұрған кісі төрт жағын түгіл көргенде, төменде  тұрған екі жағын, беткейде тұрған бір жағын әрең көреді. Сондықтан жасы үлкеннің, оңы мен солын, алды-артын болжаған  ағаның алдымен билік айтқаны дұрыс қой,- депті.

Орта жүзі биі Қазыбек би тұрып:

- Жасы үлкен аға төреші бола алмайды. Себебі, оның артында қаймығары жоқ. Жасы кіші іні де төреші бола аламйды. Себебі, артында қайырылары жоқ. Сондықтан алдында  айбынарлық ағасы бар, артында именерлік інісі бар, алды-артына қарайлап, билігін абайлап жүргізетін ортаншы бидің төрелік айтуы орынды ғой, - депті.

Ең соңында Кіші жүз биі, әрі жасы кіші Әйтеке:

- Ағасы келсе, ардақтап атын байлағандай, қонағы келсе, құрметтеп  жайланғандай, тындырымды інісі болса, қанаты-құйрығы сай болып, көңілі жай болып, ағаның алар тынысы болса, інінің міндеті басқару, ағаның реті бас бағу емес пе? - деген екен.

Осы мәжілісті басқарып отырған Тәуке хан билердің, әсіресе Әйтекенің  берген жауабына риза болып, шын ықыласын білдіріпті.

 ***

Әйтеке ешкімнің атақ-даңқына қарамастан, әділ билік жасаған.

Би бір жолы құн даулай Ұлы жүзге келеді. Төле би қарсы алып:

-Биеке жол болсын?-дейді.

-Айтқаныңыз келсін, би! Жол болмақ сізден болсын!

-Тірімен танысқалы келдік, өліге болысқалы келдік,-дейді Әйтеке.

-Бұйрығыңызға құлдық. Қылышыңыз болса – мойнымызға, құшағыңыз болса – қойнымызға, – деп Төле орнынан тұрады.

-Биеке,  мойын бұрмас па екенсіз?

-Жарлық сізден болған соң, жабдық бізден!

Төле би тысқа шығып кеткен соң Әйтеке бірге келген жолдастарына:

-Сіздер не ұқтыңыздар? Ердің құны екі ауыз сөз деген осы. Төле би отаулап қыз беретін болды, - депті.

-Оны қайдан білдіңіз? – дейді жолдастары.

-«Қылышың болса мойныма» дегені – айыбын мойындағаны. «Құшағыңыз болса – қойныма» дегені – кісінің құнына жасаулап қыз беремін дегені, мен тұспалдап айнып қалмайсыз ба деп едім, «Сіз келіссеңіз, біз қамына кірістік» деп шығып кетті, – деп мән-жайды түсіндіріп беріпті. Айтқандай-ақ, Төле би құн даулай келген қонақтарын отаулап, жасаулап қыз беріп, екі-үш күнде разығып қайырыпты. 

 

 

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
9 жыл бұрын 50909
6 пікір
  • бүгін осының бәрі ертегі сияқты естілетінін қалай? әлбетте, шындық, десе де аңыздық сипаттан арылтып, тәрбиелік құралға айналдыру жағын ойластыру керек. оның концепсиясын жасау керек шығар, бірақ қалай?
    9 жыл бұрын
    • Алып анадан туады, анасы жақсы тәрбие берсе баланың бәрі дана болмақ. Әкенің қанымен, ананың сүтімен тектілік дариды.
      Ал қазіргі қоғам жат дін, тастанды бала, жалғыз басты ана, қала берді интернет пен теледидар сонан соң қайдағы тектілік.
      9 жыл бұрын
  • Машалла! Керемет! Не деген тапқырлық десеңізші. Сөз тапқанға қолқа жоқ.
    9 жыл бұрын
  • қазір гендік тәрбиеден гөрі сыртқы факторлардың ыұпалы басым түсіп отыр. бұл майданда қазақ жеңіліс табуда
    9 жыл бұрын
    • Мен айтар едім тәрбие түгелдей анаға байланысты. Мейлі отағасынан айырылған немесе ажырасқан ана, өзінің нәпсісін емес балаларын ойлап әрекет ету керек. Өз-өзіне мекем болса балалары анасына қарап бой түзейді.
      Тіпті толыққанды отбасы да, дұрыс тәрбие бере алмауда көбісі.
      9 жыл бұрын
  • Бір туар даланың даналары
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144