Қалта сағат
Қалта сағат

Алаң көңіл тәтті піскен күлше нанға иіп сала берді. Шіркін ауызға аяқ бітсе, отыз екі нөкер тісін ертіп, жемтігін тас-талқандап, құлқын жеген аштықты мерт қылар еді.

- Әттең-ай, қолы құрғыр қысқа ғой, деп аузынан сілекейі шұбырған Шортан ұйпа-тұйпа шашын бір сипады да, аш өңешке жұтар бірдеңе іздеді. Көзі алақ-жұлақ, өткен-кеткенді ішіп-жеп барады. Өзінің жұмыр жүрегіндей алақанын ашып, өзгелерден бір жылу іздейді. Күс басқан қолдары суық желдің өтінде дір-дір етеді. Шалбарының жамауынан мысқылдап кірген күздің салқын желі лезде-ақ бар тәнін сипап та үлгерді.  Бүгінде қанжығасы майланбай, көңілі құрғыр шарасына түспеді. Нұры сөнген қой көздері бар әлемнің қасіретін бойына жинап алғандай. Әбден қалжыраған сонша тәтті ұйқы бір сәт келіп ақ бесігін тербетсе, бір жағынан аштық құлқынды жеп дабыл қақты.

Сапырлысқан базар ішінде аяқ алып жүрер жер жоқ. Қайнаған қызу тіршілік нақ осында. Бір уақытта Шортан тайыншадай апайтөс, мойны мен тұмсығы келтелеу,  жуан иттің қаһараны  ойда жоқта тап болды. Сол-ақ, екен тайыншадай кеудесі қоладан құя салғандай апайтөс, мойны мен тұмсығы келтелеу келген хайуан оған қайта – қайта оқталып, ұмытылды. Қасындағы алып әйелге ырық бермей,  жырта қарыс езуін ашып, өткір тістерін қарш-құрыш шайнайды. Бала бейне бір жарқ-жұрқ еткен найзалардың ортасында қалғандай болды.

Оның бейкүнәсіздігі ме, әлде Жаратқан иемнің іштей баланың жалбарынған үнін естіді ме көп ұзамай қабаған ит артқа шегінді. Сөйтсе шылбырын тартқан толық, сары әйел әлгі итті өңгеріп әкетіпті. Тіпті бір қарағанда тұрпайсыз жуан бейнесі бітік өскен емендей, иілуге шақ келер емес.

- Ах, басыңды ұрайын, - деді де әрі қарай сүйрей жөнелді.  Қыңыр қылық көрсеткен мақұлық та өз дегенін істегісі келеді. Бірақ,  жуан әйел, ырқына көндіріп, базар сыртында тұрған ағашқа байлай салды. Шортан да үн жоқ, қайта көз тастап еді, өзіне беттеп келе жатқан бағанағы әйелді көрді. Сасқанынан тұра қашқысы келді, бірақ бәрі тым кеш еді. Ол қасына тақап келді де, еңгезердей иығында асылып тұрған сөмкесін ашып жіберді де ішінен пештің табына піскен ыстық тоқашты алып шықты. Сол-ақ, екен баланың көңілі жадырап сала берді.

- Мә, жей ғой, бұл ыстық тоқаш, өзім пісіргенмін, бүгін күнде суық, сәл тоңып  қалған шығарсың,  – деді жымиып.

Құшырлана жеген Шортанда ес жоқ,  шайнамастан жұта салды. Баланы аяды ма әлде жиіркенді ме  әлгі әйел теріс қарап тұрды. Сәлден соң үстіндегі өңі кеткен пальтосын шешті де үстіне жапты.

- Ал, батырым сөйле, қорқып кетің-ау деймін, анау құрғыр иттен. Сен одан қорықпа, ол айбат шегіп қорқытқаны болмаса, өзің сияқты  жандарға тиіспейді.  Өзі сондай мейрімді, мүмкін әлі сендер достасып кетерсіңдер,- деді.

Шортанда үн жоқ. Тілін жұтып қойған секілді. Осынша жасқа келгенше бұндай жылылықты көрмеген баланың көзіне жас үйірілді. Қатты қобалжығаны соншалық не айтарын білмей абдырап қалды.

-Жә, батырым бұның не? Бәрі жақсы болады. Менің атым Жамал,- деді, ал, сен ше ? -  деп қолын ұсынды.

- Мұрынының астынан міңгірлеген ол ақырын ғана Шортан деді. Бейтаныс әйел жүруге оқталды да , қалай жылындың ба ? - деді, жүзінен нұр төгіліп. Ол енді алға тағы бір адым баса қара жер оның салмағынан қақ айырлатындай. Бір қараған адамға көлбеңдеген қонжық аюды көз алдыңа елестетеді. Әлгі қорбаңдаған жан бала көзінен алыстай берді. Тек сапырылысқан сарғыш жапырақтар ермек тауып,  бірін-бірі қулайды. Сол күздің сары жүдең шағы бала әлеміне тағы үңіліп, қиялға толы арманының пернесін қайта басты...

Көп жылдары бойы жүрегіне ұялап,  құпияға айналған тарам-тарам ойларын қоздаты.

Бір сәт бәрін ұмытып, бала кезінен армандап келе жатқан ойыншықтар әлеміне барғысы келді. Олармен тіл табысып, әсіресе қыстың аязды күндері жетім балалар үй жақтағы ойыншық дүкеннің терезесінен күлімдеп тұратын ақ аюды бауырына басып,  оны ессіз құшып ақ бұлттарға самғаса. Одан арғысы қасында жұптасып тұратын арғымаққа мініп желе шапса. Одан артық бала үшін бақыт бар ма? Сол қанатты арғымаққа мініп өзінің балалар үйіндегі тәрбиешісі Қарлығаш апайына барғысы келді. Міне, менің тұлпарым қандай, - деп мақтанғысы келетін сияқты. Тым қиялдың құшағына сіңіп кеткен Шортан көпке дейін, жуан әйелдің айтып жатқан сөздеріне мән бермеді. Тәп-тәтті қиялын тас керең қараңғылыққа беруге аяншақтайды. - Ия, ия, дәл солай, оның көкейіне тығылған өксік жаңғырып, бала кеудесінде аласұрып жатты.  Амалы не қас қағым қуанышқа бөленген сәт, сәлден соң қол бұлғамақ. Шытынаған ыдыстай  асқақ армандары тарам-тарам болып жер жастанды. 

Тек бар білгені, тастанда бала, тас бауыр тағдыры. Тәрбиеші апайдың айтуына қарағанда, Шортан алты айлығында осы атын айтуға жасқанатын үйге тап болыпты. Анасының аты - Нәзира екен. Келген жас, талдырмаш қыз өзінің жалғыз екенін айтып, нәрестені асыруға мұршасы келмейтінін айтқан. Ақыры балалар үйінің директорына баласынан бас тарту туралы өтініш жазып, Шортанға естелікке қалта сағатты қалдырыпты. Ал, одан басқа елжіреген  бала  көңілі ана  тағдырынан мүлдем  хабарсыз. 

Содан бері осы үйде өзі тағдырлас балалармен тәрбиеленіп, ес білген еді. Есейген сайын көз алмай бір жанды ұзақ күтетін. Тіпті таң ата көзі ілініп, түсіне жүдеу, арыған анасы жиі кіретін. Анасын құшырлана сүйген бала жүрегінің дүрсілі алып таудың бүлкіліндей соғатын. Тіпті сол кезде бала бақытынан әлемнің қасіретті қақ айырылып, дүние шапаққа боялатын.  Бірақ, өкінішке орай санаңды бір сәт арбайтын түс қана екен. Кейде кішкентай ғана ұясынан ыршыған жастар, тама-тама теңізге ұласатын.

Бір күні қасындағы Ардақ пен Жантастың ойлап тапқан қулығы жүзеге асты. Олар өз еріктерінше күн көріп, жақсы өмір бастайтындарына серттескен еді. Сол қармаққа Шортан да ілініп, енді ақмақтардың арбауына түсіп, түнде ай кезетін болды. Міне сол қыңыр топтан адасып, осындай күйге душар болды.

Қалың ойдың тұманынан тез сергіді. Айықпасқа амал жоқ, жыртық киім тәніңе жылу бермес.  Көзін әлгі әйелдің бейнесіне жүгіртіп, көңіл жамар бірдеңе іздеді. Сол-ақ, екен,  жуан әйел тосын қылық танытып, екі адым жерде сәл кідіріп қалды. Ұзақ ойланып, артына күрсіне қарады. Тек сапырылысқан базардың іші азан-қазан. Тек үрейі қашқан мыстан күз, едіриіп сыйқы қашқан ағаштарға маза бермей, күндіз-түні ойнақ салады.   Ол олма көк аспанда торлаған бұлттар да тынымсыз желден әбден қалжыраған. Мамықтар оған ерегіскенде арқанға тұсалып, ең құрғанда бір рет айбат көрсетсе ғой. Әй, қайдам қашан көрсеңде шұбатылған көш және өздері сондай жылауық. Міне, сумақай жел қамшылып, арғымақ бұлттарды оңтүстікке қарай үйіріп әкетті. Олар тағы да жылап-жасаурап жатты.

- Құрғыр, бағана қолшатырымды  тастап кетіп едім, енді не істедім,-деп әлгі әйел қатты састы. Оған қоса тұрпайсыз иті де қосылып, дегбірді қашырды. Ал, жігітім, кеттік, бүгін біздің үйге жүр қонақ боласың деді. Бала ләм демей, жауынды күнде ит жетектеген әйелдің көшіне ілесті...

(Жалғасы бар)  

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 года назад 656
3 комментария
  • Жалғасын күтеміз.

    2 года назад
  • Есейген сайын көз алмай бір жанды ұзақ күтетін.
    Ай, не заман боп кетті?!
    2 года назад
    • Ия, бұл бүгінгі күннің ушығып тұрған дерті. Бұндай қасірет бұрын соңды болмаған. Бар мақсатым оқырмандарға ой салу. Баланың тастанды өмірге қалдыру-бақытына балта шабумен бірдей. Дегенменде осындай қиындықтарға қарамастан басты кейіпкерім өмірге деген құштарлықтың арқасында барлық кедергілерді жеңіп шығады.
      2 года назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144