МЕН – ЖЕҢІСПІН!..
МЕН – ЖЕҢІСПІН!..

Бар әлемді жеткенмін сағындырып,

Мен - Жеңіспін!

Қол жеткен табындырып.

Мына менің мәңгілік рухыммен,

Арайланып атады таңың күліп.

 

Отан үшін жүрегім ауырған мың,

Мен - Жеңіспін!

Баһадүр Бауыржанмын!

Ел-жер үшін, тілім мен дінім үшін,

Қарсы тұрғам бәріне-дауылдардың.

 

Отан үшін мылтық боп оқталыппын,

Мен - Жеңіспін!

Төлеген Тоқтаровпын!

Жауға бермес намысты ерке ұлымын.

Бейбітшілік сүйетін көп халықтың.

 

Шуақ алған жанына жарық күннен,

Мен - Жеңіспін!

Ғабдуллин Мәлікпін – мен !

Тыныштықтың қадірін-қасиетін,

Тереңінен тарихтың танып-білген.

 

Бар бақыттан қашаннан, білгем, биік,

Мен - Жеңіспін!

Талғатпын, Бигелдинов!

Бейбітшілік құстары – көгершіннің,

Қасиетін жаныма жүргем құйып.

 

Қанқұмарға қашаннан жасынмын мен,

Мен - Жеңіспін!

Қайсенов Қасыммын –мен!

Бейбіт ғұмыр кешуді қалаймын мен,

Өзім өмір сүретін ғасырыммен.

 

Қос арнасы батылдық – дарияның,

Мен – Жеңіспін!

Мәншүкпін, Әлиямын!

Намысы үшін от кештік, сыр бермедік,

«Қазақ» деген қамкөңіл қарияның.

 

Сынақ жүрсе түбінде саналы ардың,

Келер әлі, өткенді жағалар күн.

Мен – Жеңіспін!

Мәңгілік арманымын,

Құлыны өлген соғыста – аналардың.

 

Естігенде қазасын есіл ердің,

Бақытының шыт бөзі тесілер мың.

Мен – Жеңіспін!

Көңілі – қырық құрақ,

Жанарының жасымын – жесірлердің.

 

Көрген олар  көкесін – кетілгеннің,

Күн тұтылған, намысқа бекінген күн.

Мен – Жеңіспін!

Сағымды сағынышы,

Әлі күткен әкесін – жетімдердің.

 

Осылайша жеткенмін сағындырып,

Тыныштыққа баршаны табындырып.

Мына менің мәңгілік рухыммен,

Арайланып атады таңың күліп.

 

Үлкен-кіші тегіс бас ием деген,

Көңіліңе менсіз бір күй енбеген.

Мен-Жеңіспін, арымын Адамзаттың,

Мен - Жеңіспін!

Қасиет, киең де – мен!..

 

Бар әлемді жеткенмін сағындырып,

Мен - Жеңіспін!

Қол жеткен табындырып.

Мына менің мәңгілік рухыммен,

Арайланып атады таңың күліп.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 года назад 635
3 комментария
О блоге
0
20142 152 281 294 144