Көгершін елес
Көгершін елес

Көз салатын өз бағыңа, қолдағы,

Жаратқанның жазуына  не дерсің?

...Қос қанатын баяу қағып, қонғаны,

Тереземнің алдына кеп, көгершін.

 

Арын сатқан мансап пенен мінбеге,

Адамдардан іздейді ме арайды?

Қозғалысы тоқтамайтын түнде де,

Көше жаққа  жаутаң қағып қарайды.

 

Аяулыны айналдырар  аярға,

Күткені не, күлдібадам көшеден?

Құс көңілі не нәрсеге қаяулы,ә,

Кермек мұңды татқандайын кеседен.

 

Ақ шуағын әкеледі таңдар қай,

Шат-тірлігің берер ме екен жиғанын?

...Жер бетінде жем шашатын жан қалмай,

Торыға ма?

Сыры маған беймәлім.

 

Қамықты екен, қайғырды екен несіне?

Отыр әлі көңілсіздеу, бұйығы.

Оралды ма, түсті ме екен есіне,

Өткен күннің өрті менен күйігі.

 

Қос жанарын жұма қойды міне, енді,

Көше жаққа қарады да, қамығып.

Сол бір сәтте жан-әлемім түнерді,

Жыр-жүрегім ауыр ойдан жанығып.

 

 Кербез-керім күндеріме келесі,

Ой салатын осы жайға не дерсің?

Өткен шақтың шығар, бәлкім, елесі,

Тереземнің алдындағы көгершін?.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 года назад 1062
2 комментария
  • баллада - осындай жанр бар. Қазақ ақындарының ішінде Жұмекен Нәжімеденов пен Тоқаш Бердияров осы жанрға мықты еді.
    2 года назад
  • Саттар аға не айтсаңызда нысанаға дәл тигізесіз (қоңқа түсу). Шыныменде баллада поэзия әлеміндегі күрделі жанрдың бірі. Алып адам айтпап еді "...болмасаңда ұқсап бақ, бір ғылымды көрерсіз", - деп. Біздің тіршілік соны күйіттейді.
    2 года назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144