Ар теңізін бетке алған кеме едіңдер
Ар теңізін бетке алған кеме едіңдер

(Ардақты әкелер мен асыл аналарға)

 

Құшағыңда ешқашан болмай түнек,

Қиясына қиялдың самғайтын ек.

Асқарына алпыстың келдіңіздер,

Қандай тілек айтайын,қандай тілек?..

 

Назар салып оң-солға, қас-қағымда әр,

Адалдықтың жолынан аспадыңдар.

Балапанын баптаған қырандайын,

Биіктерге біздерді  бастадыңдар.

 

Тектіліктің тауына тең едіңдер,

Ар теңізін бетке алған кеме едіңдер.

Мен құласам, жыласам-жұбаттыңдар,

Мен сүрінсем қолтықтан демедіңдер.      

 

Бәйгесінде өмірдің құлап-тұрып,

Қара өлеңді сүйіп ем жылап тұрып.

Қолдадыңдар, тек мені қорғадыңдар,

...Осы екен ғой, қамқорлық-тұрақтылық!..

 

Бағбандайын  өсірген тал-қайыңды,

Көп сұрадың қиналсам хал-жайымды.

Тосып келдің тұрлаусыз тіршілікте,

Мені тепкен тепкіге маңдайыңды.

 

Сезіміңнен ғажайып сезем үлгі,

Аямадың бір менен сөз-еміңді.

Ұл-қызыңа тәңірім қажет қылса,

Берер едің суырып өзегіңді.

 

Серпіп тастап мұң басқан мұнарымды,

Мәпеледің шыңға ынтық шынарыңды.

...Тұнжыр түнде кейде ұзақ отырамын,

Ойыма алып алғысың-тұмарымды.

 

Баса алмастан ақеділ аптығымды,

Мен қуансам,бөліскен шаттығымды.

Тамылжыған таң күтіп  Жаратқаннан,

«Бұлт шалмасын» деп тілер бақ-күнімді.

 

Қасиеттің иесі-қарағайым,

Пейілдерің дархан ғой даладайын.

Бағалаған сендерді дара дәйім,

Қуанышты бөліскен бар ағайын.

 

Ақ құсымның тұратын сүйіп үнін,

Көңіліңнің төгілсін күйі бүгін.

Атыңыздан, ата-ана, айналайын,

Ақ ордасын жықпаған пейілінің!

 

Өнегелі ұзақ боп өмірлерің,

Толы болсын шаттыққа көңілдерің.

Ұрпағыңа ұлағат сіңіре бер,

Қабыл болсын ақ тілек небір керім!..

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
1 год назад 451
0 комментариев
О блоге
0
20142 152 281 294 144