Ана жайлы жазар едім тағы да!..
Ана жайлы жазар едім тағы да!..

Жақсылықтың шырағы боп жағылар,

Жанарында ізгіліктің табы бар.

Қасиеттің қызыр қонған қиясы-

«Ана» деген құдіретті танып ал!

 

Ақ теңізге теңер едім пейілін,

Жанарында-жаһандағы мейірім.

Адамзатқа әр кез нұсқап тұрады ол,

Адалдықтың ақ тулы асыл биігін.

 

Табындырған тылсым күшпен бар елді,

Айтқан сөзі бата дерсіз, дәлелді.

Бір қолымен тербетеді бесікті,

Бір қолымен тербетеді әлемді.

 

Мен анадан үйренгенмін елдікті,

Мен анадан үйренгенмін ерлікті.

Мен анадан үйренгенмін теңдікті,

Мен анадан үйренгенмін кеңдікті.

 

Ұлылығын барлық әлем ұғынған,

Ақылына абыздар да жығылған.

Кебініне қайта кіріп кесірлік,

Жәдігөйлік жар астына тығылған.

 

Мейірімен мына әлемді кеңітіп,

Жамандықтықтан жібереді жерітіп.

Жаныңызда жан білмейтін тоң бар ма,

Анаң оны жібереді ерітіп.

 

Мұнар басқан мұңға толып әр күнің,

Күнін кешсең қуанышқа жарлының.

Анашыңның қасиетті құшағы,

Ұмыттырар, ұмыттырар барлығын.

 

Ақындар да туады екен анадан,

Батырлар да туады екен анадан.

Ақ жаулықты, ақ пейілді ананың,

Өнегесі өшпес мәңгі санадан.

 

Бойға құйған мейірім мен күш-ағын,

Кім аңсамас, анасының құшағын?!

Тарихымнан сыр тартсаңыз, салмақпен,

Тартады алға ана жайлы мысалын.

 

Асыл ана!

Біз жүрейік табына,

Жаса мәңгі, бар адамзат бағына.

...Қалам беріп, өтінсеңіз «жыр жаз» деп,

Ана жайлы жазар едім тағы да!..

 

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
1 год назад 670
2 комментария
  • Анаға қаншама жақсы жыр, поэма жазсақ та аздық етеді. Себебі, ананың жақсылығын жазу былай тұрсын, айтып тауыса алмаймыз... Өлең жақсы екен!
    1 год назад
  • Көңіліңізге рахмет! Алла тілегіңізді қабыл етсін!
    1 год назад
О блоге
0
20142 152 281 294 144