Қылмыс әлемін ауыздықтау бала тәрбиесінен басталмақ...
Қылмыс әлемін ауыздықтау  бала тәрбиесінен басталмақ...

Қазіргі таңда жастар арасында орын алған қылмыстың алдын алу өзекті мәселеге айналып отыр. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс қашанда ұлттық қауіпсіздігімізге, ел болашағына қауіп төндірері сөзсіз. Демек, жаңадан өркендеп келе жатқан ұрпақтың қылмыстың бұралаң жолдарын таңдауы дәуір қасіреті.

Олар ойламаған жерде шалыс басып, қылмыс әлемінің есігін ашып жатады. Осындай сәтте оларды тәрбие ғана түзеп, оң жолға салуы мүмкін. Тәрбиеге қатысты әдебиет сыншысы, публицист В.Белинский «Тәрбие-адам тағдырын шешетін ұлы іс», - деп үлкен баға берген. Сондықтан да баланы инабаттылыққа тәрбиелеу – бәріміздің басты борышымыз. Отбасындағы ата-ананың тәрбиесі баланы салауатты тепе-теңділікпен өмір сүруге үйретеді. Ендеше, баланың қалыптасуына ең бірінші отбасы тәрбиесі тікелей әсер етеді.

Әке – отбасының тірегі, ұрпақ иесі, Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Алайда ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл, ру қамқоршысы, үлкен-кішіге бірдей азамат, ел ағасы ретінде танылады.

Ал, отанасы отбасының шырағы, ұйытқысы, өмірге ұрпақ әкелетін қасиеті жан. Сондықтан да әке мен ана  тәрбиесі балалар үшін  өте маңызды. Себебі оның мінез - құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі баланың көз алдындағы үлгі - өнеге алатын, соларға қарап өсетін нысанасы. Біздің бабаларымыз «Әкеге қарап оқ жонар, шешеге қарап, тон пішер», деп – үлкен баға берген. Сәби шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, тал бесікке салып имандылыққа тәрбиелеген. Ақ жаулықты аналарымыз мен әжелеріміз бесік жырлары мен ерлік дастандарын жатқа оқып, сәби әлемін ертегіге еліткен. Қарап тұрсаңыз оның басты  тамыры  терең тәрбиеден бастау алып жатыр.  Демек, көшпенділер өркениеті бала тәрбиесіне  бей-жай қарамаған. Ондағы  мақсат шежірелі тарихымызды, салт-дәстүрімізді, төл мәдениетімізді ұрпақ санасына жастайынан сіңіру еді. Сол арқылы ұлдарымызды «қорыққанды оқ та таниды», – деген қағидамен емес, керсінше Отанды сүюге, ертеңгі ел қорғайтын азамат ретінде қайсарлыққа, табандылыққа баулыған.

Қазақ халқы әрдайым ең алдымен атаның баласы болма, халқыңа жақын бол деп бата үлестірген. Жастардың бойынан ерекше өнер қасиетін байқаса, оны ұштауға жәрдемдескен. Ал, ән мен күй өнерінің нышаны болса, сал-серілерге ерітіп, ел аралатқан. Мәселен, тілге тиек етер деректі ит арқасы қияннан емес, өзіміздің ұлы дәстүріміздің қазандығын ашсақ, өз буымызға пісіліп жетілген төл мәдениетіміздің тұғырына тап боламыз. Бүгінде барлық жаһанды сөз патшасына бас идіртіп, даналығын мойындатқан хакім  Абай, осы шаңырақтың уығы. Қазақ елінің түндігінен әлемге нұр болып шашылып, қара сөзден адам құндылығының нәрін қалады. Ендеше, ұлылық құпиясының кілті отбасынан бастау алды емес пе? Әкесі кемеңгер Құнанбайдың, дана әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның ұлағатты тәрбиесі арқылы Абай Алып Адам атанды. Бар әлем Абайға бас иіп, оның даналығын мойындады. 

Халқымыз «он үште отау иесі» деп бекер айтпаса керек. Бұның астарында баланың өсіп-жетіліп, ұрпақ әкелуге мүмкіндігі бар екенін меңзейді.

Ал, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі қандай! Ата-аналарымыз бала тәрбиесіне толыққанды уақыт бөліп, олардың немен шұғылданатына назар аудара ма? Әрине, бірден жауап беру өте күрделі мәселе. Cондықтанда жасөспірімдердің арасындағы қылмыс жағдайын жеке нысан ретінде қалыптастыратын, өзінің арнайы ерекшелігі бар. Ендеше, ат басын психология саласына бұрсақ, яғни олардың соматикалық, психикалық әрі адами тұрғыдан дамуындағы ерекшеліктеріне және кейінен пайда болатын теріс іс-әрекеттерінің пайда болуына назар аударсақ. Демек олардың бойынан психологиялық ашушаңдығын, үлкендерге еліктеуін және қақтығыс жағдайларға  бейімділігі сынды бірқатар ерекшеліктерді көруге болады. Әрі жасөспірімдердің көп бөлігінің жұмыс істемейтіндігі, бос уақыттарының болуы және оқу мүмкіндіктерінің болмауы қылмыс жасауына жиі түрткі болады.

Көп жағдайда қылмыстың туындау себептеріне жасөспірімдер тәрбиеленіп отырған төменгі әлеуметтік деңгей және отбасылардың  құқықтық мәдениетті тікелей ықпал жасайды.

Екіншіден, олардың оқу бағдарламасының тиісті деңгейді боламуы.

Үшіншіден, олардың бос уақытын, тұрмыстық және еңбек құрылғысын дұрыс ұйымдастырмау.

Төртіншіден, қылмыстың алдын алу үшін әлеуметтік педагогтар, мектеп инспекторлары рөлінің басым болмауы;

Бесіншіден оқу мекемесін уақытынан бұрын тастап кетуі.

Әр адамның тағдыры тәрбиеге тығыз байланысты. Жақсы тәрбие алған адам баласы жырғаулы өмір сүре алады.Теріс тәрбие алғандар күлдікөмеш өмір кешеді. Ақыл парасаты аз, ішімдікке салынып, ес ақылынан айырылған ата-анадан не қайыр. Әке-шеше, құлдыраса құлықсаналық жағынан балаға кесапаты тиіп, оның тікелей психикасына әсер ететіні сөзсіз. Қылмыс қайшылықтың алдын алу, құқықты насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілмейді.

Сондықтан да қылмыстың алдын алу және олардың жолын кесу үшін маңызды шарларды жүзеге асыру қажет. Жалпы оларға қолайлы орта туғызу үшін, яғни, жеткілікті материалдық жағдай жасау, олармен жеке қарым-қатынас жүргізу, рухани және құқықтық тұрғыдан тәрбиелеу басты міндет болып саналады. Бұдан шығатын қорытынды олардың күш-қуатын оң арнаға бұру. Мәселен, қоғамдық іс-шараларға, яғни әртүрлі бағыттағы үйірмелерге және техникалық сабақтарға, сондай-ақ, спорт түрлеріне баулу. Сондықтанда ата-ана  бала тәрбиесін мектепке ғана жүктемей, өздері де айырықша көңіл бөліп отыруы тиіс. Қашанда  «Не ексең, соны орарсың»,-деген халқымыздың ойы озық емес пе? Ендеше тәрбие бар жерде  қылмыс та сирек болмақ.

Қазіргі уақытта технология ғылымы қарқынды түрде дамыды. Басым жағдайда көп отбасында ғаламтор желісі және өзге де ақпарат көздері іске қосылған. Ал, ондағы кейбір мәдениеттік талғамы өте төмен, ақылға сыймыз, әдепсіз суреттер мен ақпараттар бала санасынан тысқары қалуы мүмкін емес.

Баланың іс-әрекетін бақылап, оның не істеп жатқанын бақылайтын әке-шешесі үнемі қасында бола бермейді. Оған қаланың қарбаласқан тіршілігі мен жұмыс қызметі басым жағдайда кедергі болады.

Бүгінде алаң көңіліміз орнына түсе ме деген орынды сауал туындайды. Себебі арамызда қылмыс жасаған жасөспірімдердің көбеюі біздің қоғамды алаңдатпауы мүмкін емес. Бұл қоғамдық өмірдің келеңсіз жақтары, халықтың әлеуметтік ахуалының төмен екенін немесе отбасы тәрбиесінің дұрыс еместігін аңғартады. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын жасөспірімдердің  арасында қылмыс саны арта түсуде (жекелеген санаттар бойынша). Көбінесе олардың жас ерекшеліктеріне назар аударсақ 12-17 жас шамасындағы балалар екен.

Алайда, статистикалық мәліметтерге зер салсақ, қылмыстың адам өлтіру және денсаулыққа зиян келтіру түрлері елеулі артқан.

Жастарымыздың өміріне балта шабатын тағы бір кесел - нашақорлық. Бұл тек жаһандық мәселе ғана емес,  сонымен қатар біздің елімізде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Нашақорлықтың негізгі себептерінің арасында балалар мен кәмелет жасқа толмағандардың девиантты түрі ретінде, бірінші орында әлеуметтік факторлар, яғни бос уақытқа арналған бағдарламалардың болмауы, уақытын бос өткізу, әлеуметтік дәреженің бірден өзгеруі-қоғамдағы бөлінулер, адами, өмірлік құндылықтардың тоқырауы, психологиялық белсендіргіш заттардың  көптігі және олардың жеңіл қолжетімділігі болып табылады. Көп жағдайда ескірткілерді қоғамдық жерлерде: мектептерде, би кештерінде, дәмханаларда, көшеде есірткіні сататын саудагерлер мен таратушылардың пәтерлерінде алуға болады. 

Сонымен қатар, қоғамымыздың ең ауыр дертіне айналып отырған мәселенің бірі – жас буын жеткіншектердің өз еркімен өмірін қиюы. «Шындығында, бір ғана философиялық маңызды мәселе бар, ол – адамның өзіне-өзі қол жұмсау мәселесі», - деп атаған философ Альбер Камюның озық ойы біздің бүгінгі қоғамға дәл қаратып айтқандай.  Соның ішінде кәмелет жасқа толмағандардың бұл теріс жолды таңдауы көңілге қаяу салады. Әсіресе олар қалыптасу кезеңінде көп қиындықтарға төзбей дұрыс жолдан адасады. Олардың өздеріне қол жұмсаудың басты себептері әр-түрлі жағдайлармен ұштасады.

Суицид (латынша «sui caedere») – ерікті және жоспарлы түрде жүретін өліммен аяқталатын  өзіні-өзі зақымдау болып табылады. Суицидальді әркет дегеніміз – суицидальді активтіліктің, яғни суицидальді ой, ойын білдіру, суицид жасауға талпыну және қол жұмсау деп айтуға болады. 

Ендеше, дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық суицидпен күрес қауымдастығының жариялаған мәліметтеріне көз салсақ, дүниежүзінде әрбір 40 секунд сайын бір адам суицидальді әрекетке барса, біздің елімізде әр сағат сайын бір тұрғын өз еркімен өмірімен қош айтысуға бел буады екен. Аталған ұйымның мәлімдемесіне сүйенсек, жиі бұл әрекетке 15-44 жас аралығындағы азаматтар баратын көрінеді. Еліміздің құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше жасөспірімдердің қылмыс әлеміне баруына көп жағдайда отбасындағы жағдайдың тұрақсыздығы тікелей әсер ететінін алға тартып отыр. Отбасында жанжалдан шапа шеккен балалар, тұйыққа тіреліп, оның күрмеуін таппай, басым жағдайда өз өмірлеріне қол салады екен.

Ал, бұндай жағдайды психикалық неврологиялық саласының мамандары былайша түсіндіреді. Балалардың бақытсыздығына көп жағдайда отбасындағы жайсыздық пен мектеп арасында болған түсінбеушіліктер қатты әсер етеді. Оларды әлеуметтік, тұрмыстық, яғни тамақтандыру, киіндіру тым аз. Себебі олар аса сезімтал келеді, ата-ананың қабағына жиі алаңдайды, сондықтанда олар үнемі әке-шешенің жылуын сезіну қажет. Алайда, ата-ана қам-қарекеттің немесе әртүрлі себептермен балаға тиісті деңгейде көңіл бөлмейді, оны сезінген бала өзін ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық стреске тап болуы мүмкін.

Сонымен қатар, жастар арасында ешкіммен қарым-қатынасы жоқ «жалғыз өмір сүретіндер»,  нашақорлыққа салынғандар (алкоголизм, наркомания токсикомания), өз-өздеріне тым міншіл келетіндер және жан дүниесіндегі қайғыны көтере алмайтындар (қатерлі дертпен науқастану, бір жыл көлеміндегі психотравманың болуы, отбасындағы суицидальді әрекеттің орын алуы, жазалану алдындағы қорқыныш),  көздеген мақсатына қол жеткізе алмайтын тұлғалар, махаббат майданындағы» сәтсіздікке көне алмайтындар және тағы да басқада себептерге байланысты жабығуға (депрессия) түскен жандар көз жұмады екен. Осылардың ішінде 60 % томаға-тұйық мінезді, көп ешкіммен араласпайтын балалар жатады екен. 

Ал, жалпы 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 50 пайызы жауапсыз қалған махаббаттық құрбанына айналатын көрінеді.

Басым жағдайда ғаламторға, ақпарат көздеріне телміріп, тәрбиенің тетігін содан іздейді. Ақыры олар өлімге бей-жай қарап, қайтып өмірге ораламын деп ұғынады. Ал, зорлық-зомбылыққа толы ойындар мен фильмдер балаға теріс әсер етеді.

Бұндай өз-өзіне қол жұмсайтын балалардың басым бөлігі ата-ата қамқорынан және оның көңіл бөлуінен жат болғандар, 75% ата-анасы ажырасқандар, не ата-аналарынан бөлек тұратындар, не болмаса көбіне балалар үйінде тәрбиеленушілер, не асырап алған ата-анасымен тұратындар болып табылады.

Өзге өркениеті елдерде суицидке қарсы шаралар жүргізіледі. Мәселен, Англия мемлекетінде осы iндетке қарсы арнайы заң қабылданған. Ал, Жапонияда пси­хикасы әлсiз балалармен жұмыс iстейтiн суициодолог деген мамандар бар. Тiптi Еуропада өз-өзiн өлiмге қимақ болған­дарды қылмыскер ретiнде тiркеп, қамауға алып, жазаға тартады екен.

Сондықтанда суицидтің адам  үшін ғана емес, жалпы мемлекеткеде зияны мол. Ол халық санының азаюына ғана әкеп қоймай, мемлекетті әлеуметтік – экономикалық  шығынға да батырады.  

Осындай психологиясы тұрақсыз жастарымызға және олардың ата-аналарына дер кезінде көмек көрсету үшін әрбір аудандарда дағдарыс орталықтар құрылып, онда арнайы мамандар көмек көрсетсе.

Екіншіден, мектептерде психологтар әр баламен жұмыс жасап, олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болып, бұл дерттің алдын алу үшін тәрбиелік мәні бар шараларды жиі ұйымдастырса.

Сондықтан да жақын жандарымызға, осындай күйзеліске ұшыраған  жағдайын сезсек, аса  мейірімді Алланың шапағатына бөлентіп, оларға жылулық нәрін сыйлай білейік.  Бүгінде жастарымызды Суицид – тығырықтан шығар жол емес», «Менің таңдауым – өмір», «Өмір – сен кереметсің!», – деген ұранды бойларына сіңіріп, тәрбиелеу қажет.

Жалпы айтқанда суицид дегеніміз бұл дерт пе әлде әлеуметтік жағдайға байланысты ма деген  сауал туындайды. Осыған байланысты арнайы маманадар өз пікірлерін ортаға салып,  дұрыс бағыт беріп отырса нұр үстіне нұр болар еді.

Біздің Атазаңымыз «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп басталады. Ендеше, сол қымбат қазынаны көзіміздің қарашығындай етіп қорғау әрбір азаматтың  және қоғамның алдындағы тұрған өзекті мәселе.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні әр отбасындағы ата-ананың басты парызы – ел болашағының тұтқасын ұстайтын жастарымыздың адал, иманды ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Міне, баланың өмірінде отбасының тәрбиелік мәні қандай. Осы тұста Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», - деген сөзі еріксіз ойға оралады. Демек, балаға әуелі білімнен бұрын, тәрбие берілу керек. Адамға тәрбиені ата-ана, мектеп, қоғам береді. Бала тәрбиесіндегі бас тұлға, алғашқы ұстаз және оның ата-анасы. Сәби іңгәлап дүниеге келген сәттен бастап атан-ананың алдында үлкен міндет тұрады. Ол - бала тәрбиесі. Бала үшін ең бірінші отбасы тәрбиесінен артық тәлім жоқ. Ия, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», – демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Сондықтанда бүгінгі ұрпақ тәрбиесі, әр отбасының еншісінде екенін естен шығарып алмайық,  ағайын!

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 жыл бұрын 809
2 пікір
  • нағыз публицистиканың адамысыз, қаламыңыз жүрдек, бұл да артықшылық
    2 жыл бұрын
  • Сананы тұрмыс билеп тұрған дәуір өз биіктігіне шықты.
    "Ұрпақ тәрбиесі әр отбасының еншісінде" десек те бірінші кезекте ортамен жүріп, ортамен тәрбие алатынын да ұмытпайық. Басты фактор сонда жатқанын неге жасырамыз. Оның көшбасында ЭКРАН тұр. Экраннан бастайық ағайын.
    2 жыл бұрын