Қазақ қызының портреті
Қазақ қызының портреті

Ізгілік деп жүретін, сірә,дәйім,      

Шапағат пен мейірге тұнады ойым.

Мен-қазақтың қызымын!

Көз сал, әлем,

Қасиеттен жаралған тұла –бойым.

 

Көңіл сыйған жерге елді сыйыстырып,

Көлденеңге көрсетпей қиыс қылық.

Ақ жаулығым-анты боп адалдықтың,

Ұмай болам,ұлтымды  ұйыстырып.

 

Рухымнан даналық күші ағыла,

Ақ пейілім ақ құс боп ұшады да.

Ұлт анасы –Домалақ анамын мен,

Қалың елді қаусырған құшағына.

 

Қариядан естіген кеңес-үлгі,

Мұрат етіп көрмегем егесіңді.

Мен –Мәншүкпін, сұрмерген Әлиямын,

Жауыздыққа атылған жебе сынды.

 

Қуат алғам-салтымнан,үлгі-әдеттен,

Бас иеді тәкаппар шыңдар өктем.

Мен –Ләззатпын, Еркіндік қарлығашы,

«Желтоқсанда» өз жанын құрбан еткен.

Нәзіктіктің киелі келбеті едім,

Қадір тұтып, артамын ерге сенім.

Бір қолыммен тербетем ақ бесікті,

Бір қолыммен әлемді тербетемін.

 

Тұрам әр кез арымның асқарында,

Жүрегімде орын жоқ басқа мұңға.

Мен-қазақтың қызымын, көз сал, әлем,

Даналығы-нәзіктік астарында!

Даралығы-нәзіктік астарында!..

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 жыл бұрын 517
1 пікір