Қара мысық
Қара мысық

Мамыр айының соңғы күндері. Ақ жауын басылмай жер алқапқа билік құрғанына апандай бір ай болды. Масатыдай құлпырған жер жүзіне көз тастасаң бойыңдағы қап-қап болған ауыр зіл сенен ажырап, өзінің шырғалаңы мол соқпақ жолымен кете барады. Көз алмай әлгі зілге қарасаң бейне бір сұрақ белгісі тәрізді. Қолыма топырақ алып шаша бастадым. Міне, көптен бері осылай кең сахарада көсілмеп едім.

 Мөл-мөлдір тұнық ауа кеңірдегіңе тіреліп, бір ғажап жұпарға елітеді. Бәлкім тау төсіндегі мұрын жарған жусанның, бәлкім, жер-ананы үнемі езуін бір жиғызбайтын алқа гүлдері, одан қалса аспанмен астасқан ақ қайыңдар мен емендердің діріл жапырақтары шығар. Білмеймін, әйтеуір тағат таппай жұтына бергім келеді.

Сай-салаға әдемі өрнек сала білген бұлақ жылғалары да Қыз Жібектің қолаң шашындай шұбатылып жатыр. Қайта құлақ түрсең бұлақ сыңғыры дүниедегі ең әсем күлкі екен. Тіпті Төлегенді көріп көзайым болған сұлу Жібектің күлкісі ме деп қаласың. Жағасындағы добадай-добадай қарақаттар Айша бибінің көзіндей болып қадалып, сұқтана қалыпты. Ар жағында бөргі бұлттарға құрақ болған  Тау ата қалың ұйқының құшағында. Тек көк зеңірге патшалық құрған қанатылар тыным таппайды. Бәлкім олар табиғатты тамашалап жүрген шығар, бәлкім ұясындағы балапандарын қоректендіріп, әлек.  Қызық, әне жер төсінде өзінен алып азығын арқалап құмырсқа екеш құмырсқа да барады. Күйіттегені тіршілік. Ғажап  табиғаттың аясында тұрып, оның үйлесімдігіне көз жеткізе алмайсың. Себебі шексіздік тек бір Алла ғана тәнті емес пе. Ұлы Жаратушы бәрін шебер қиыстырған. Тіпті жер асты тіршілігінің де өз діттегені бар. Кейде қайран қаласың,  сан мыңдаған көзге іліге бермейтін балдырлардың да өз дүниесі бар. Ар жағында шашылып жатқан лағыл тастардың да, көзге лып етіп басылған маржандардың да өз сыры бар. Қарап тұрып, ойға батасың.

Сол маржандай мақсаттары мен ақжелкен армандарыңа қол жеткізу адамзат үшін бітпейтін күрес. Бұл күрестің күретамыры емхана бөлмесінде жатқан Бораштың да кеудесінде бүлкілдеп соғады.   Терезе жақтауынан аһ, ұрып кірген жел жарым жанның көңілін сергітіп тастады.  Сол бір жанның өзгелерден бір артықшылығы санаға түрлі сурет салып, табиғатты шебер суреттейтінні еді. Кейде әңімесіне құлақ салсаң  ұясынан атқан алтын шапақты бірге қарсы аласың. Бораштың бүгінгі шерткен әңгімесі маңдайы тар Көкбайдың  көңілінен шығып жатыр. Кейде ол баладай сақылдап, кейде тоқсанға келген абыздай сыр толғайды.

Кең бөлме ішінде үш керует орын тепкен. Өзге дүниелер тозығы жетіп, сыры кетсе де аппақ төсекке еріксіз мойныңды бұрасың. Ақ ұлпадай мамықтың әсемдігін төсекке таңылған жарым жандардың сұсы қашырып жіберген. Бірі бірінші топтағы мүгедек, сал болып төсекке мәңгі таңылған. Қасындағысына да леп белгісін  қойып, ауыз толтырып айтатын ештеңесі жоқ.  Тек  жүзінен төгілген имандылығы болмаса.  Бораш келгеннен бері Көкбайдың шері тарқағандай болып, әңгіме дүкенге еліп-ақ жатқаны. Қанша сақылықтап күлсе де оның астарында бір кірбің жатқан сияқты.

- Шіркін, сен жақтағы терезе жақтауына барып өз көзімен сен айтатын әлгі Жібектің күлкісіндей ескен бұлақты, Айшаның көзіндей мөп-мөлдір қарақаты, жалпы сайын даланың сұлулығын тамашаласам одан асқан бақыт бар ма екен – деді, көңілі манаурап Көкбай.

- Алла қаласа, әлі, орныңнан тұрып арғымақтай желіп кетерсің. Тек оған құрбым, шынайы көңілмен сену керек- деді Бораш.

Көкбай ашуға булығып, қойшы әзіліңді, мен тәттіге малданған сәби емеспін ғой. Тіпті сен құсапта отыра алмаймын. Қарғыс атқан тағдырыма іштей налимын. Одан да өлгенім жақсы шығар, - деді де, кілт тоқтады. Не балаға на жарыңа керегің жоқ. Тек кеудемде шыбын жаным шырылдайды. Аяқсыз, белсіз еркек кімнің жүрегін жылытпақ. Бөлме іші тыныштыққа оранды. Сәлден соң есік ашылып, ақ торсықты топылиымен жерді соқылай басқан дәрігер қыз келді.

-   Асыл ағалар қалайсыздар! Сіздер үшін барымызды аямай, Сіздерді емдеп жазуға тырысамыз. Мынау сізге – деп, алақандай қолымен дәріні Бораш ағайға нұсқап. Көкбайдың іші тарлығы, зер салып қарамасаңда кейде өңірейіп көрніп қалатын. Көзі жалма-жан дәрігердің қолындағы затты ішіп-жеп бара жатыр. Борашқа бәлкім елде жоқ шипалы дәрі беріп жатқандай, қызғаныштан мұз қарыды. Мәссаған саған, Бораш құландай айығып кетсе, мен осы қаңыраған бөлмеде қаламын ба деген арсыз ойлар торлап алды. Қара ойлардың лыпысы тұтанып, анау ақ халаты атарға оғы болмай қалды.

  - Көкбай аға көңіл –күйіңіз қалай ?

Ол болса көңілі сабасынан түспей, қарағым не өзгеріс болушы еді, кеудеде әйтеуір жұдырық жүрек жұлқынып соғады демесең, қалғанның бәрі бос әурешілік сияқты.

 -Аға, Сіздің бұл сөзіңізбен келіспеймін. Адамды өмірге деген үлкен құштарлық қана сізді аяғыңызда тұрғызады. Ең бастысы сенім, өзіңізге деген сенім. Алла Сізге жар болсын! Әрдайым тілегіңізді қабыл етсін,-деді де үнсіз шығып кетті.

 -Қойшы айналайын, тағы бір өзгеден алып күш шықты ғой. Ибн Сина тәрізді сендерде маған «Өлімнің түйінін анықтауға»,  ауруды жеңіп шығу, адамдардың өмірін жеңілдету үшін әр-түрлі әдіс-тәсілдерді үйрететін шығарсыңдар деді, көзінен от шашырап.

 Бораш күндегідей емес. Көңілі құлазып кетіпті. Жүрегі ақау беріп, жаны қысылса да қыңсылаған күшіктей үн қатқан емес. Кеудесіндегі жан жарасы үлкен болса да өзгелердің көңіл табуға тырысатын. «Ұнамаған нәрсеге сабыр ету Бораштың үлкен қасиетінің бірі.

-Көкбай, сабыр ет. Ұлы Жаратушым сабыр еткен адамдарды  жақсы көреді. Себебі  ең үстем ғибадат – қиыншылықта сабыр ету. Біле білсең көздің жасын көл қылып жылай беру, қолыңнан бақыт құсын ұшырып алғанмен бірдей. Ал, жоқ жерде сауабың да қолыңнан сусып кете барады, -деді.

Көкбай да үн жоқ. Естісе де көзін тас қылым жұмып алып, жатыр. Жарытып жауап қатпады.  Бар арманы, Бораштың мамық төсегіне жатып, терезе әлемінен табиғатты тамашалау. Күнделікті сырқат жанның құлбырта суреттейтін дүние атаулысына көз сұғу. Тіпті кейде Бораш әңгіме айтқанда науқасынан айығып кеткендей болып көрінетін. Шешендіктің арғымағына мініп желе шапқанда Көкбай оның шаңының астында қалып қоя беретін. Екі керуеттің арасына түйе шөгіп, ботасын еміздіретіндей. Көкбайдың аяғына жан бітсе, ең бірініші сол терезге беттер еді. Амал не? Жазымышыдан озымышы жоқ.

Әлі есінде. Бір күні таң қылаң бере бастағанда оянып кетсе Бораш тәтті ұйқының құшағында қауышып жатыр екен. Бір қызығы терезені шымылдық желегі тұтасымен көмкерген. Бірақ қалай екені белгісіз Бораштың жүзіне нұр сәуле төгіліп тұр. Сәуле оның тамағын қытықтайтын сияқты. Содан бастап осы жанның көкірегінде қара мысық ойлар көзін сығырайтқан. Содан бері жұмыр жүрегінде қызғаныш оты лаулап, жатсада тұрса да мазасыз күйге түсті. Кейін ол нән соқыр сезімге айналды. Бақ таластық деген осы шығар. Оның бағына рұқсатсыз қол сұғып, оның тамырын балталағысы келді.

Бүгінде Көкбай мұрны қаңсып, түнеріп жатыр. Сіріңкенің шырпысындай тұтануға тірек таппай жатыр. Көзін емханның төбесіне қадап, әлденені тізбектейді. Сәлден соң жұлып алғандай:

-Бораш нені ұнатасың? Өзің туралы неге тіл қатпайсың?-деді.

Әдеттегінше аспай-саспай, салмақтылықты жанына серік еткен ол.

-Әрине Ұлы  Аллаһтың жолында өмір сүруді ұнатамын. Асып айтқандық емес, тебендей болса да өзге  жақсылық жасау,  иманыңа қара дақ түсірмеу адамзаттың басты міндетті. Сондықтан жығылғанда қолтығынан демеп, бар күшің жеткенше қуаныш силау басты мұратым. Әрине армансыз адам болмайды. Тек Жаратқан ием біздің армандарымызды қабыл еткей»-деді де, тіл қатпады.

Қараңғы бөлме іші. Көкбайдың  әлгі ұйықтап жатқан қара мысық ойлары миаулап тұр. Өзінен қашықтықты жатқан серігінің ауыр демін іштей сезіп жатыр. Сезсе де білмеген болып түлкінің кейпіне ене қойды.

Бораш қарлықан үнімен:

-Көкбай дәрігерді шақыршы, аяқ – қолым суып бара жатыр, деді. Білмеймін дерттім сыр беріп жатыр. Енді мүлгіп кетсем мәңгіге тұрмайтын сияқтымын»,-деді.

Көкбайдың да көздеген нысанысы да осы еді. Оның өлімсіреп әзер шыққан жан дауысы көңіліне майда жағып жатыр. Жалына шыққан оның дауысы бөлмеден әріге бармады. Тіпті күнделікті сыр шертетін саябағына жете аламай, тордаға қанатысз құстай майырылып қалды.

Көптен күткен осы сәтті жүрексіз жан теріс қарады да көрпесін бетіне басып, сылқ ұйғыға кетті.

Қалың ұйқының құшағын абыр-дұбыр дауыстар быт-шытын шығарды. Көзі бетін ақ шүберекпен көмгерген керуетке түсті. Дәрігерлер келіп Көкбайға үсті-үсті сауалдар қоя бастады. Ол әйтеуір жауап бергендей күй танытты. Аз уақыттың ішінде бөлменің ішін мұнтаздай ғып, жаңа аппақ төсекті жайғастырды. Қуаныштын  жүрегі жарылатындай. Енді сәттін салса Бораштан қалған орынды иеленбек.  Тіпті серігінің қазасына  қол қайырмады да. Көзінен бір тамшы үзілмеген ол сәл уақыттан соң азаптың қақпасын ашты.

Бөлме ішін кірген ақ бике, қасында тұрған алып жігіттерге мына екі жанды екі керуетке орналастырыңыздар. Біздің қайғымыз ауыр болды. Бораш ағай бұл фәнидеден хош айтысты. Миына қан құйылған. Біз ештеңе істей алмадық. Алланың үкіміне шара бар ма? Жаны жәннатта, иманы серік болсын деп, қасындағылары шүпілдесіп жатыр.

-Ай жігіттер ұмытып  бара жатырмын, мына апайды терезе алдындағы керуетке жатқызыңыздар,-деді.

Сол кезде басын жастықтан жұлып алған Көкбай, Ау қарындас,  рұқсат етсеңіз сол жерге мен жатсам, досымның күнделікті тамашалаған әдемі дүниесін мына кісілерге жеткізіп отырсам керемет болар еді.

Сол кезде қолаң шашты дәрігер,

- Ағай, білмейтін ба едіңіз ол кісі ғаріп жан еді ғой.

-Түсінбедім, деді Көкбай аң-таң болып.

- Аға, нақты айтқанда ол кісінің көзін шел басқан. Көзі бала кезінен бастап көрмейді екен. Күнделікті Сізге айтып беретін әңімелері, ол кісінің қиялынан туған дүниелер. Сәл де болса Сізге әдемі ләззат сыйлағаны шығар, деді. Әрине, өкінішті өзі сондай жомарт жан еді- деді, дәрігер қыз көңілсіз.

Көкбайдың аузы ашылып, сасқанынан терезе жақтауына қарай берді. Бәрін кеш ұғынды, терезе әйнегінен Бораштың көзі ұрлана қарайтын сияқты. Көзін тайдырып әкетті.  Тіпті ол Бораштың жансыз көзіне қарауға сескенді. Өмірде көп нәрсе көрсе де осындай сабырлы да иманды жанды көзі шалмапты. Енді ғана  басына сәуле шарпығандай болды. Жомарт жанның өз дертін сездірмей, өзгенің көңілін аулауға тырысқан әрекеті имандылық әліппесінің бастауы емес пе еді. Құлқынын жеген көрсоқырлылық оны ағаш атқа қайта мінгізді.  Ол аз болғандай келеген екі жанның бірі тілі жоқ мылқау болса, екіншісі дүние дүрлігіп жатсада құлағы естімейтін тас  керең еді.  

 

 

 

 

 

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 жыл бұрын 777
0 пікір