... Майқының есіңе алғын, айтқандарын
... Майқының есіңе алғын, айтқандарын

                              (толғау)

Кең дала, көз арбаған сағымы бар,

Сағымнан мөлдір моншақ тағынып ал.

Өткеннен түбі терең сыр аулағын,

Тарихтың тармағына бағынып әр...

 

Өткеннің мөрін алып бармағынан,

Тарихтың сыр аулайық тармағынан.

Майқы би алдыменен түсер еске,

Ат үркіп атағының салмағынан.

 

Кең дала абыздарын жоқтасын да,

Өмір бұл, бір орнында тоқтасын ба?

Керуен келе жатыр тарихымнан,

Даналар.

Майқы тұрған көш басында...

 

 ***

Тарихты бүгінменен жалғап өтем,

Жылжиық жырмен бірге алға бекем.

... Сол ғасыр сайлау өтіп, қайран билер

Жошыны ақ киізге салған екен.

 

Олармен күбірткелі таласар күй,

Майқы би, Саңғыл, Мәуке, Қарашар би.

Ақылы сабасынан асқандарың,

Қия мен құзыңнан да әрі асар кей...

 

...Ұлыстың осынау бір жиынында,

Жететін қашаннан-ақ сыйы мыңға,

Жошыға қарап Майқы сөз бастапты,

Өзгелер кіріскенде бұйығуға.

 

-Қайыспас ештеңеден қарт еменім,

Айтарым бар ед сізге, мәртебелім!

Бүгіннен қамданбасақ болмас, сірә,

Ертеңнің өсіруге тал-терегін.

 

Жан едің, қашаннан-ақ талғамы өзге,

Жөн делік, ата-баба салған ізге.

Ел болып, етек жапсақ деген едік,

Осыған айтарыңыз бар ма, бізге?

 

Жаныңда әлімсақтан жосыған мұң,

Жүрген ед, қолы жетпей осыған мың.

Осындай ел бастайтын қайран ерге,

Жүр еді қолы жетпей Жошы ханның.

 

- Сөз десе танытатын шайқы күйін,

Ризамын айтқаныңа, Майқы биім!

Ел басқар, ережеңіз болса егер де,

Сенімін тұратұғын артып ұйым?

 

Болады, кейінге осы шақтар үлгі,

Майқы би мүдірмеді, ақтарылды.

-Қолдаушым бар кезінде мына сіздей,

Хан ием!

Қазағыма бақ дарыды!

 

Білгенге – қашаннан-ақ жыр алабы,

Үш жүзден біздің қазақ құралады.

Қанының қасиетін сақтау үшін,

Асқанда жеті атадан – қыз алады.

 

Ту тіксе, кісісі өлсе – ел келеді,

Өлгенді өз құнына теңгереді.

Кірісіп арасына ел ағасы,

Әділдік танытады – ең керегі.

 

Өлгеннің толтыруға нақ керегін,

Жабдық пен кескен құйрық ат береді.

Ердің құны қашаннан сол еді,

Екі жүз атпен құны шақ келеді.

 

Әр істі қарап алып байыбымен,

Үш тоғыз –мал ұрласа айыбымен.

Жүз жылқы құн төлейді әйел өлсе,

Дәл жүзіп әділдіктің қайығымен.

 

Қазақтай сақтау үшін ең дараны,

Әділет билеу керек кең даланы.

Қанға-қан!

Қысастықпен өлтірсе адам,

Дәл солай өлгені оның жөн болады!

 

Майқы би осылай деп тоқтағаны,

Разы боп Жошы ханым көп қарады.

...Мына бір малдас құрып отырған жан,

Өзіне тым етене боп барады.

 

-Сөйлесең шарпығандай жанды жалын,

Жарадың!

Бәрекелді!

Арғымағым!

Жақсы екен, мынау елді басқаруың,

Ақылың аз сөзіңнен болды мәлім.

 

Тілдері жақын тұрған тас жарарға,

Тел өскен, жақын болып жастары – арға.

Бірлікті биік қойған мынау елің,

Қалайша бодан болмақ басқаларға?!

Ел дедің.

Ойламадың басқа Отанды,

Сеземін, жанарыңнан жас та тамды.

Қазақтай қайсар елді өзің басқар,

Майқы би!

Бердім саған ақ батамды!!!

 

                                              ***

Ағытып тұлпар-жырдың кең шідерін,

Өлеңнің ғажайыбы, келші, керім!

...Майқы би өзі бастап таратыпты,

Үш жүздің таңбасы мен еншілерін.

 

Тарихым!

Сан ғасырлық құба тасым,

Бабамды есіме алсам – жылатасың.

...Жүз жиырма жасқа келген Майқы бабам,

Таныңыз – түгел сөздің түп атасын!

 

Көгертіп ақылымен көсегені,

Ақылын ел жолына төсеп еді.

... Майқының есіңе алғын, айтқандарын,

Шайқымын деп жүргендер, көшедегі...

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
4 жыл бұрын 2350
2 пікір
Блог туралы
0
20142 152 281 294 144