Майдангер музасы
Майдангер музасы

Жылжып жылдар, өтсе де ай алмасып,

Құрбан болған досы есте, аяулы, асық.

Қырғын жылдың еске алып қасіретін,

Қарт майдангер келеді баяу басып.

 

Артында қап жас шағы күліп, қырдың,

Сабағынан қалғаны-ай,сынып гүлдің.

Шаттық күнін шарпыды жалынымен,

Қырық бірдің маусымы,қырық бірдің.

 

Ажал сеуіп,қанатын жайған қара,

Майдан-дала, қасірет,майдан-дала.

...Ал, ауылда қаусаған кәрі-құтаң,

Жесір жеңге,бастан бақ тайған бала.

 

Жадыраған жаз-өмір жырын жұтқан,

Кегін алды ол залымдық, зұлымдықтан.

Оқ пен оттың жүргенде ортасында,

Бейбіт өмір кешудің құнын ұққан.

 

Мейірімге зәру боп тамшылаған,

Қасіреттен жүрегі қансыраған.

Тізе қосып төзімнің арысымен,

Намысымен өз-өзін қамшылаған.

 

Отанының қадірін ұққан адам-

Шың басына шалдықпай шыққан адам.

Тажалдың да талайын тозаққа атып,

Ажалдың да көзіне тік қараған.

 

Қарт майдангер жүзінен аңғарасың:

Сейілткенмен тамылжып таң наласын,

Жұлмалайды соққы боп сол сұрапыл,

Тырналайды уақыт жан жарасын.

 

Табысқан шақ шаттықтың көк пен жері-

Қырық бестің мамыры-көктем еді.

...Жапырағын шарпыған қызыл жалын,

Көк терегі көңілдің  көктемеді.

 

Қасіреттің орнына той жарасып,

(Бәрін-дағы орнына қойған уақыт).

Өткен жылдар өзегін тілгілеумен,

Қарт майдангер келеді ойға батып.

 

Санасында тірліктің сұрағы үдеп,

Мазалайды қартымды мына жүрек.

Мәңгіліктің жан тербер жырын оқып,

Мәңгілік от алдында тұрады көп.

 

«Керегі не, ел үшін тең есептің,

Отаныма әлі де берешекпін!».

...Майдангердің мұңлы ойын бөліп кетті,

Гүл сыйлаған ұрпағы келешектің.

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 жыл бұрын 472
0 пікір