Ақ ұлпаға деген құштарлық
Ақ ұлпаға деген құштарлық

Өмір тым қызық. Әрине, оны бағалай білген адамға! Мына ғажапты қараңызшы,санадағы сәулені қағаз бетіне түсіре бастап едім,  аппақ қар жауа бастады. Керемет! Терезе алдында отырып жапалақтап жауған қарға көз тастап, тамаша бір рахат күйге бөлендім. Әрбір жауған қар түйіршігі менің сәби кезімді, кекілді бала күнімді және есейген шағымды есіме түсіреді.

Есіңдеме аппақ әлемге малшынып, қыр басындағы сырғанақтан шана тепкенің.  Екі беттің қызарып, қар әлемінің қызығына батқаның. Көршідегі өрімді қыздың жасаған аққаласын бұзып, оны жылатқаның. Өрімді қыз кегін қайтармақ болып сыныптас достарымен домбы қарға шомылдырғанын. Айтпақшы ұмытып бара жатыр екенмін. Нені дейсіз ғой? Әрине біз асыға күтетін шырша кешін! Жаңа жылда ғажайып кейіпкерлерімен жүздесу біз үшін шексіз бақыт еді ғой. Есіңе түсірші! Әсіресе, осы мезгілде Аяз ата мен Ақ шаһарды сағына күтетінбіз. Ең бастысы оның дорбасы біз үшін әлемдегі таптырмас, баға жетпес сыйлық болатын. Сол күні кеудеңе зор күш бітіп, ұзақ күткен армандарыңа қол жеткізетіндей болатын едік. Аяз атаның ақ тұлпарлары мен шанасына мініп алып, ақ зер әлемді бір шарласақ. Міне, балалықтың қиялы. Асқақ, кеңістіктен де зор. Безендірілген шыршада, оны айналған бала әлемі де менің аңқауда аңғал күндерімнің бір елесі екен.  

Бүгін тағы да қар, ия-ия аппақ, кіршіксіз мамық менің кірпігіме қона қалды. Бұл жолға жауған ақ ұлпа мүлде бөлек. Тезірек сүмкемді ашып, айнаға үңілдім. Өз-өзіме сүйсіндім. Кірпік бояғыштың да, қызыл опаның да қажеті жоқ еді. Міне табиғи сұлулық. Ақырын қана университеттің дәріс залына кірдім. Курстастардың ішінде маған ұнайтын бір жан көрінбейді. Көңіл күйім түсіп кетті. Ал ұстазымыз болса Оралхан Бөкейхановтың «Қар қызын» суреттеп жатыр. Ал мен орнымнан ұшып тұрып, ұстазыма «Мен Қарқызы» болғым келмейді деп, айтқым келеді. Себебі мұңлы қыздың тағдыры маған белгілі еді. Екі көзім терезеде. Тағы да аппақ әлем, мені қол бұлғап шақырады. Ақыры қоңырау да соғылды. Далаға шықтым. Төңірек мүлдем құлпырып кетіпті.  Сол күні Сіздер сенесіздер ме?! Әлемде менен асқан бақытты жан болмаған шығар.  Неге дейсіз ғой? Ия, ойда жоқта тосын сыйлыққа тап болдым. Мен іздеген әлгі жан оқу ордасының алдынан шығып, маған раушан гүлдерін сыйлады. Ғажап! Керемет! Қараңызшы өзіңіз!. Кеуде де асау жүрек алқынып соғады, оның бетіне қарауға жасқанамын. Қысыламын. Оған деген құштарлық түйіні көкірегімде бүр жарып та үлгеріпті. Тіл қатпаймын, неге екенін білмеймін, оның әңгімесін ұйып тыңдай бергім келеді.

Тоңып қаларсың деп түбіт шалғысын мойныма орады. Қолымда жаһаның ең асыл, ең әсем гүлдері. Тағы да аппақ қар төбемнен себелей бастады. Өзіңіз қараңызшы қас шебер суретшінің қылқаламынан туған бейне бір  ғажап дүние. Бізді еріксіз аймалаған мамық қар, раушан гүл және сол ұлпадай кіршіксіз сезімдер жастықтық шақтың қайталанбас дәурені екен. Ия, өмір үйлесімі.  Міне,  әсем үйлесімдік деген осы болар.

Қызық. Сіз еріксіз күлмеңіз. Білемін тағды қар жауды ма деп сұрағыңыз келіп тұр ғой. Ия, мен ойланбастан қар жауып тұр деп жауап берем. Тағы да дүние ақ көрпеге оранды. Бұл жауған ұлпа тым ерекше. Көңіліме ессіз сәби күндердің, балаң кезеңдердің құлпырған шағын, арғымаққа желе шапқан жастық шақтың легін есіңе түсіреді. Есіктің алдына шығып, жұмыр алақаныма қар ұшқындарын қондырдым. Көз алдымнан шана, малақай, қолғап, аққала, әсіресе мені алғаш сезімге ұялатқан кезеңдер сырғып жатыр...

 Бүгінде біраз жылдардың легі арта қалды. Адам тағдыры Алланың қолында емес пе? Ұлы Жаратқан иеме осындай кіршіксіз сезімді ұялатқанына мың бір тәубе дедім. Ия, жылдың төрт мезгілі адам көңілінің саябағы емес пе?! Неге екенін білмеймін қыс мезгілін қатты ұнатамын. Білмеймін осы бір Жеранаға деген құштарлық мені тез есейтті. Сол аппақ қардай армандарыма, қанат бітіріп, менде ұя салдым. Сол ұядағы балапандардың қауырсыны әлі қатпаған. Оларда ақ ұлпаны жанындай жақсы көреді. Жұмыр басты пенденің қашанда армандары ұшан теңіз ғой. Ең бастысы өз әлеміңдегі  аппақ  санаға  дақ түсірмеу имандылықтың жүрегі,  адамгершіліктің белгісі емес пе!  

 

Алма ТүсіпбековаАлма Түсіпбекова
2 жыл бұрын 676
2 пікір
  • Қаламыңыз ұштала берсін. Әсерлі)))

    P/s: бала кезімде аяз атаға да қарша қызға да сенбеппін, күтпеппін. Бала бақшада балалар мәз болып отырса, мен сол аяз ата мен қарша қыздың дауыстары таныс қай апай болды екен деп отыратынмын)))
    Жақын құрбым маған, осы сен тым реалистің дейді. Сол рас ау)))
    2 жыл бұрын
  • Рахмет Сізге! Өмірде релист болу, қашанда ақиқатқа жетелейді!
    2 жыл бұрын